ҰБТ-дағы жаңа өзгеріс қаншалықты тиімді?

Oinet.kz 24-04-2019 1344

114050.jpg                      

      Оқу жылы аяқталды дегенше ел ішінде ҰБТ-ның абыр-сабыры сезіле бастайды. Қазір республикадағы барлық орта арнаулы мектептер санаулы күн қалған тестке дайындық үстінде. Ұстаздар мен он бірінші сынып оқушылары үшін бұл әрине үлкен сынақ. ҰБТ-ны Қазақстанға алғаш рет 2004 жылы енгізген болатын. 2013 жылы оған 95,5 мың оқушы қатысып, жеті оқушы максималды 125 балл жинаған еді.  

        Жыл сайын ҰБТ-ның төңірегінде жер-жерде дау-дамайлар, келіспеушіліктер, наразылықтар туындап жатады. Бірі тест баланың білімін нақты көрсетпейді десе, мамандар бұл білім саласындағы нағыз әділетті жүйе дегендерінен танбауда. Соңғы жылдары тестке қатысты көтерілген проблемалардың бірі ҰБТ-ға өтініш беруші түлектердің санының азайып кеткендігі. Жыл сайын тестке қатысатын оқушылардың азаюына билік өкілдері мектеп директорлары мен ұстаздар қауымын кінәлі дейді.  Көптеген мектептерде басшылық «рейтингті құртпас» үшін үлгерімі нашар балаларды тестілеуге жібермеуге тырысатыны жасырын емес. Оның үстіне оқушылардың өзі де  біліміне деген сенімінің аздығынан сынаққа қатысудан бас тартып жатады.   Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, 2013 жылы ҰБТ тапсыруға мектеп бітірушілердің 69 пайызы – яғни 99 мың 565  бала ғана өтініш берген. Бұл – тестілеу жүйесі енгізілген он жылдың ішіндегі ең төменгі көрсеткіш екен.

         Балдық көрсеткішпен есептелетін ҰБТ 2015 жылы қолданыстан алынып тасталып оның орнына   мектеп түлектері жоғарғы оқу орнына түсу үшін 2 кезеңнен тұратын тест тапсырады деген мамандардың мәлімдемесі айтылып еді. Яғни бітіруші  алдымен 5 пән бойынша тест тапсырып, артынша ойлау қабілетін анықтау мақсатында логикалық сұрақтарға жауап береді. Кейін жоғарғы оқу орнына түсу үшін кешенді тест, таңдаған мамандығына сәйкес сұрақтарға жауап берулері тиіс. Алайда оқу жылының басында Білім және ғылым министрлігі бұл мәлімдемені жоққа шығарып, ҰБТ-ның жойылмайтынын және форматының өзгермейтінін шегелеп айтты. Енді міне, сынақ уақыты таяған кезде министрліктегілер тағы да сөздерінен айнып, Ұлттық біріңғай тестілеуге біраз өзгерістер енгізді.

        Жыл сайын мың құбылатын Ұлттық біріңғай тестілеудің биылдан бастап нәтижелері жария түрде хабарланбайтын болды. Науқан аяқталғаннан кейін ілінетін талапкерлердің тізімінің орнына енді тек сандар ғана көрсетілетін болады. Тарқатып айтар болсақ, ҰБТ нәтижесін білу үшін талапкердің тестілеу орталығына баруы қажет емес. Жеке куәлігіндегі ЖСН номері мен тестілеуге кірер кезде беретін жеке номерді Ұлттық тестілеу орталығының сайтына енгізсе жетіп жатыр. Барлық ақпарат аталған порталға енгізіледі. Яғни нәтиже шыққан соң  үйден шықпай-ақ  әркім  көрсеткішін орталықтың сайтына кіріп, көре алады. Мамандар мұндай шешімге   жыл сайынғы болатын дау-дамайдан кейін келіпті. Талапкерлер бір-бірінің нәтижесін көріп, көңілдері толмағандары ұрыс-керіске жиі баратыны жасырын емес. Тестілеудің нәтижелерінің ашық болуы жасөспірімдер арасындағы араздыққа әкеліп соғады. Оның үстіне тест тапсырғаннан кейін нәтижесін кешке дейін түлек пен ана-аналар сарыла күтіп, жүйкесін тоздырумен болады  Ал, жаңа жүйе енгізу арқылы мұндай кемшіліктерге жол бермейміз дейді білім саласындағы шенеуніктер.  Себебі, мектеп бітірушілердің қанша ұпай жинағандықтарын бөгде адамдар біле алмайды. 

           ҰБТ-ға енген тағы бір өзгеріс бар. Ол аттестатқа қойылатын бағаға байланысты. Анығырақ айтсақ, бұрын ұлттық тестілеудегі қорытынды баға түлектің жылдық көрсеткішіне едеуір әсер ететін. Енді енгізілген өзгеріске байланысты ортақ шешім қойылатын болды. Яғни  аттестатқа ҰБТ шеңберінде тапсырылған жалпы білім беретін пәндер бойынша мемлекеттік комиссия шешіміне сәйкес жылдық баға есептелген орташа арифметикалық баға қойылады. Яғни, жылдық баға 5 болып, ҰБТ-ның нәтижесі төрт болса, екеуінің ортақ балы 4,5 болады да 5 деген баға қойылмақ.

          Аталған өзгерістерді біреулер жақсылыққа баласа, енді бірі жыл сайын енетін жаңалық тест тапсырғалы отырған баланың психологиясына кері әсерін тигізеді дегенді алға тартады. Біреудің бағын ашып, енді біреудің сағын сындыратын ҰБТ-ның қаншалықты нәтижелі болатынын уақыт төреші көрсете жатар. Ал жоғарыдағы өзгерістерді мектеп түлектері, ата-аналар, ұстаздар қауымы қалай қабыл алып жатыр екен? Жаңа жүйе түлектер үшін қаншалықты тиімді болмақ?

           Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу 2-15 маусым аралығында өтеді.

 

Шұға Нұрабаева, Шымкент қаласындағы №72 жалпы орта мектеп директоры:              

«Баланың күйзеліске түспеуіне көмектесер еді»

2014-2015 оқу жылында ҰБТ-ға өзгерістердің енгізілуіне мектеп басшысы ретінде оң көзқарастамын. Бұл күнді оқушылар асыға күтіп таң ата нәр татпай уайымға беріліп ата-анасы, достары, ұстаздарының алдындағы абыройын ойлап тест нәтижесін асыға күтеді. Әрине олардың  мұндай жағдайда уайымдауы, қобалжуы денсаулығына кері әсерін тигізіп жатса, ал тест нәтижесі ілінген кездегі оқушылардың қуанышты жетістігімен қатар күтпеген хабар алғандағы іс-әрекетіне ешкім тосқауыл бола алмай жатқаны баршамызға аян. Сондықтан тест нәтижесі белгілі болған уақытта алғашқы нәтиже қалалық білім бөліміне бекітіліп берілсе, ал қалалық білім бөлімі әр мектептің ҰБТ-ға жауапты мамандарына тапсырып, жауапты маман әр баланың тест нәтижесін мектеп қабырғасында ата-анасы, мектеп мұғалімдерімен бекітілген кабинетте ескертілсе. Бұл жағдай біріншіден баланың екі ортада жүрмей күйзеліске түспеуіне; екіншіден балаға ата-анасымен, мұғалімдермен бірге болып, тест нәтижесін бірге талдауға мүмкіндік туғызса; үшіншіден оқушылардың өміріне төнетін  қауіптің  алдын алуға септігін тигізер еді деген ойдамын.

 Бұл жаңалық менің оқушыларымның және ата-аналардың көңілінен шығып жатыр. Биыл мектебімде 77 оқушы тест тапсырғалы жатыр. Екі алтын белгіге үміткерім бар.  Енді сол оқушыларымның тілеуін тілеп отырмын. 

 

Нұркен Әлімқұлов, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Нұр Отан» ХДП Жастар ісі жөніндегі кеңесшісі:

«Министрлерді ауылға апару керек»

       Жоғарыда отырғандар жаңалықты енгізуден бұрын бір нәрсені ескермеген екен. Нәтижені сайттан көру бәріне бірдей тиімді емес. Өйткені түлектердің және ата-аналардың барлығының ғаламторды пайдалануға мүмкіндігі келмейді. Әсіресе ауылды жерлерде олар ғаламторды қайдан табады. Екінің бірінде ғаламторға қосылатын  қымбат ұялы телефон жоқ қой. Барлық ақпараттарды электронды жүйеге өткізу үшін бізге әлі де болсын 5-6 жылдың көлемі қажет сияқты. Жалпы ата-аналар ғана емес интернет түгілі компьютерді пайдалана алмайтын жастарды да кезіктіретініміз жасырын емес. Сондықтан бұрынғы ережені әлі де болса қалдырғаны дұрыс. Ғаламтор желісі кез келген азаматтардың үйінде бар деп ешкім кепілдік бере алмайды. Министрлікте отырғандарды ауылдың нағыз бейнесімен таныстыру қажет секілді. Себебі олардан басқасының бәріне  ауылдардағы азаматтарға интернет қолжетімді емес екені мәлім.

Айнұр Төлегенқызы, «Қаратөбе» жалпы орта мектебінің мұғалімі:

 «Ауылдықтарға қиын»

          Электронды ақпараттық дәуірдің әйтеуір бір енетіні анық қой. Бұл бастама ауылды жерлерді жаңа жүйеге үйретудің, енгізудің бір тәсілі секілді. Әрине нәтижені сайттан көру ыңғайлы әрі тиімді. Өйткені таңнан кешке дейін қорытындыны күткен түлектер мен ата-аналар қажып, шаршап қалады. Нәтиже шыққан кезде таласып-тармасу басталады. Сондықтан бұл осы олқылықты жоюға мүмкіндік береді. Бірақ ауылда барлық үйде ғаламтор жоқ. Сондықтан бұл өзгеріс біздерге аздап қиындық тудырғалы тұр. Дегенмен  алдағы жылдары білім басшылары мұны ескерер деген ойдамын. Ал аттестатқа қойылатын арифметикалық бағаға толықтай келісемін.

 

 Елнұр Әуезбаев, 11 сынып оқушысы:

«Сандалмайтын болдық»

          Ғаламторға кез-келген сәтте, кез-келген жерде кіруге болады. Қазіргі жастардың барлығы сауатты, білімді, ғаламторды пайдалана алады. Сол себепті бұл әдіс біздерге тиімді деп ойлаймын. Өзіңнің балыңды өзің ғана білген жақсы емес пе? Өзгелермен бәсекелестік те туындамайды деп ойламын. Тест тапсырған нысандағы ығы-жығы, айғай-шу, қуанышы мен қайғысы араласып жүрген алаңға барып, сандалмайтын болдық. Қорытынды шыққан күні әркім үйінде демалып ертесіне тыншыған көңіл-күймен мектепке бара алады. Аттестатқа қойылатын ортақ баға да біздер үшін жағымды жаңалық болды.   

  Дерек пен дәйек:  Биыл Оңтүстікте 31 мыңға жуық оқушы 11 сыныпты бітіреді. Оның тек 18 588-і ғана ҰБТ тапсырмақ. Өңірде 169 ҰБТ тапсыру пункті жұмыс істейді.

Мұрағаттан, 21.05.2015 ж

Телеарналарда хайп бағдарламалар неге көбейді?
Жер енді байларға беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу