Діни экстремизмнің себептері
Соңғы уақытта Ақтобе, Астана, Тараз қалаларында және Алматы облысының Боралдай елді-мекенінде орын алған оқыс оқиғалардан кейін жұрттың елең еткені түсінікті нәрсе: өмірден артық дүниеде не бар? Қазақстан үкіметінің лаңкестікке қарсы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған шараларын қолдай отырып аталған іс әрекеттердің тамырында не жатқанын анықтауды басты мәселе деп санаймыз.
Шынында, жас азамат Мақсат Кариевті жеті жазықсыз адамның өмірін қиюға және өз қолынан өзі қаза болуына не итермеледі, не мәжбүрледі? Бұл күрделі сауалға жауап іздестіру нәтижелі болуы үшін философиялық талдау қажет. Яғни, Таразда болған оқиғаны ой елегінен өткізу барысында, философиялық категориялардың методологиялық мүмкіндіктерді пайдалану жөн.
Сонымен, діни экстремизнің себептерін анықтауға бет бұрсақ, оларды объективтік және субъективтік себептерге бөліп қараған дұрыс. Өз кезегінде, объективтік себептерді сыртқы және ішкі деп қарастыру ақиқаттан алшақ кетпейді.
Сыртқы объективтік себептерге мыналарды жатқызуға болады:
1. Халықаралық лаңкестіктің ислам дінін бүркеніп қазіргі таңда өршуі. Қалай болса да, оның әсері елімізді айналып кетпейтіні айдан анық.
2. Халықаралық сахнада әскери жанжалдардың, қақтығыстардың орын алуы лаңкестіктің кеңеюіне ықпал жасап отыр. Әсіресе, Ауғаныстанда қалыптасқан әскери-саяси ахуал еліміздің қауіпсіздігіне нұсқан келтіретінін естен шығаруға болмайды.
3. Жаһандану (глобализация) үдерістерін де лаңкестіктің бір негізіне жатқызуға болады. Адамзатты құрайтын этностар, олардың өзіндік мәдениеттері жаһандану жағдайында бұрын болмаған қыспаққа түсіп отыр. Алайда, күн тәртібіне этникалық мәдениеттердің рухани құндылықтарын сақтап қалу мәселесі шыға бастады. Бұл жағдайда, әсіресе, жастар арасында конфронтациялық психологиялық ұстанымдар қалыптасуы мүмкін. «Ислам діні қауіпті жағдайда», «Ата-бабаларымыз рухани мұра ретінде қалдырып кеткен дінімізді аман алып қалуымыз керек», «Исламның жауы - зайырлы мемлекет» - осындай және т.б. экстремистік ұйымдар пайдаланатын ұрандар кейбір отандастарымыздың санасында орын тауып, оларды келеңсіз іс-әрекеттерге итермелейды. Мәселен, жақында Қазақстан Парламенті қабылдаған және Президентіміз қол қойған дін мәселелерін реттейтін жаңа заң экстремистік «Джунд-аль Халифат» («Халифат сарбаздары») атты ұйым тарапынан қолдау таппай, оны жоққа шығаруды үкіметтен талап етуде.
Ал енді Қазақстанда болған лаңкестік іс-әрекеттердің ішкі объективтік себептерін тілге тиек етсек, онда мынадай жағдайды байқауға болады.
1. Атеистік Кеңес Одағы қирағаннан кейін тәуелсіз елімізде «мұсылмандық ренессанс» айдарымен ислам дінінің қайта өрлеу, жаңғыру кезеңі басталды деуге толық негіз бар. Осы орайда исламның бағасы биік құндылықтарымен қатар бұл дінге жат идеялар да орын алуы мүмкін. Бұл жерде ислам елдерін біріктіріп орта ғасырлық тәрізді халифат құру, кәпірлерге қарсы жиһад жүргізу және т.б. деструктивтік идеяларды келтіруге болады.
2. Нарықтық экономиканың теріс құбылыстарын да лаңкестіктің бір себебіне жатқызу ақиқаттан алшақ кетпейді. Нарықтық экономиканың ең басты теріс салдары – адамдардың рухани азғындауы. Қарапайым күнкөрісті қамтамасыз ету қиындаған жағдайда, адам көбірек материалдық дүниеге көңіл бөліп, руханилықтан алшақтайды. Рухани азғындық жағдайда адамның санасы әр түрлі опасыз идеяларды қабылдауға әбден дайын болады.
3. «Темір тор» құлағаннан кейін көші-қон бостандығын пайдаланып, елімізге миссионерлер ағып, өздерінің жасырын деструктивтік саясатын жүргізу барысында, отандастарымыздың біраз бөлшегін басқа дінге немесе тоталитарлық секталарға кіргізгені белгілі. Олардың деструктивтік идеяларын басшылыққа алып, Мақсат Кариев сияқты азаматтар лаңкестік іс-әрекеттерді жасаулары мүмкін.
Лаңкестіктің субъективтік себептерін де бірнеше топқа бөлуге болады.
Бірінші топқа орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерінде орын алып жататын ағаттықтар мен қателіктерді жатқызған жөн. Бұл іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының Ата Заңына (Конституциясына) сәйкес жүргізілуі керек. Онда көрсетілген баптарға байланысты дін мәселелерін реттеуге бағытталған заңнама үш принципке негізделгені жөн: зайырлылық принципі, ар-ождан бостандығы принципі және заң алдында азаматтардың, қоғамдық ұйымдарының тең болуы принципі. Діни экстремизмнің пайда болуы бір жағынан мемлекет жүргізіп отырған саясаттың жетімсіз, әлсіз тұстарына қатысты да болуы мүмкін. Егерде мемлекет қоғамның саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани салаларында адамдардың құқықтарын бұзуға жол берсе, олардың әл-ауқатын төменгі деңгейде ұстаса, идеологиялық жұмысқа мән бермесе, онда экстремистік іс-әрекеттерге жол ашыла береді. Осы тұрғыдан қарағанда, лаңкестік іс-әрекеттерді жасаған жігіттердің жеке өмірін терең зерделеу қажет. Әсіресе, мынадай сауалдарға жауап іздестіруді бірінші кезекке қойған дұрыс: «Олар қандай әлеуметтік топтардан шықты?», «Қандай (толық немесе толық емес) отбасында тәрбиеленді?», «Отбасының әл-ауқаты қандай болды?», «Білім деңгейі қандай?», «Жұмыс істейді ме, әлде көп уақыт бойы жұмыссыз жүрді ме?», «Соңғы кезде қандай психологиялық жағдайда болды?», «Қоршаған ортаның сапасы қандай болды?», «Қандай мәселелерді шеше алмады?», «Қандай топтардың мүшесі болды?».
Міне, осы және тағы да басқа өмірбаяндық сипаты бар сауалдарға жауап бермей, діни экстремизмнің тамырына балта шаба алмаймыз. Екіншіден – қоғамдық ұйымдардың діни экстремизмге қарсы күресте тиімді жұмыс атқармауы. Әйтпесе, неге деструктивтік, экстремистік діни ағымдар жат идеяларының жастар санасын уландырып, оларды қазақ халқының ата дәстүрлерімен қайшы келмейтін исламның Абу Ханифа мәзһабының қағидаларынан шеттетуіне және келеңсіз іс-әрекеттерге итермелеуіне тосқауыл қойылмай жатыр. Соңғы жылдары еліміздегі дін мәселелерін реттейтін заңнаманың либералды болуы Қазақстанға ағылған алуан түрлі діни секталардың теріс іс-әрекеттеріне тосқауыл қоя алмады. Алайда, жақында қабылданған заң деструктивтік діни ағымдардың жұмыс істеуіне жол бермейді деген сенімдеміз. Үшіншіден – тағы бір субъективтік себеп ретінде жастардың діни сауатсыздығын айтуға болады. Осы ахуалды өзгерту үшін мемлекет тарапынан оқушы жастарға дін туралы жалпы түсінік беретін «Дінтану» пәнін оқу бағдарламаларына еңгізу арқылы енді ғана қолға алынып жатыр. Төртіншіден – ислам дінінің Абу Ханифа мәзһабының негізгі қағидаларымен қалың жұртшылықты, әсіресе, жастарды таныстыру әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмаған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, жергілікті мешіттердің имамдары аталмыш маңызды жұмысқа немқұрайлы қарауы түсініксіз. Ислам дінінің ұғымдарының мазмұны мен мағынасын жұртшылыққа дұрыс түсіндіру экстремистік іс-әрекеттерді болдырмау үшін алдын ала жасалуға қажетті қадамдардың біреуі деп есептейміз. Мәселен, Құран Кәрімде 42 рет кездесетін «жиһад» ұғымының әртурлі мағынасы бар екендігін ескеріп, бірінші орынға оның Алла жолына түскен адамның басқа адамдармен емес, өз нәпсісімен күресуі шарт деп түсіндірген дұрыс болып табылады. «Жиһад» ұғымының осы мағынада ұққан адам лаңкестік іс-әрекетке бара қоюы екі талай.
Ислам әлемдік діндердің ішінде ең жасы болса да, мың жарым жылға жуық тарихында өзінің рухани құндылықтарының тартымдылығына байланысты кең таралып, кәзіргі заманда саны бір жарым миллиардқа жақындаған адамдарды өзінің туының астында жинауы ғажайып құбылыс емес пе?
Қасиетті Құран Кәрім аяттарында, көптеген хадистерде бейбітшілік пен татулық жоғары бағаланған. Бақара сүресінің 213 аятында бірлік туралы былай айтылған: «Адам баласы бір-ақ үммет еді. Сонда Алла қуандырушы, қорқытушы пайғамбарлар жіберді. Адамдардың араларындағы талас нәрселерге үкім ету үшін олармен бірге хақ Кітап жіберді». Алла Тағала қасиетті Құранды адамдарды таластан арылтып, біріктіру үшін жібергені ашық түрде көрініс тапқан.
Соңғы Пайғамбар (c.а.с.) мына хадисінде назар аударалық: «Сендерге бірге болуларынды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болындар. Себебі, шайтан жеке басы үшін ғана өмір сүрген адамға жақын болады. Елмен, қауыммен бірге болған адамнан қашық жүреді. Кімде-кім жәннаттың ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін». Осыдан көрініп тұрғандай, ислам діні әр уақытта бірлікке, тыныштыққа, татулыққа, рухани және тән тазалығына шақыратын дін ретінде ешқашан өзінің маңыздылығын жоғалтпайды.
Сондықтан, биік гуманистік құндылықтарды алға тартып, ислам діні бейбітшілік пен татулыққа бағыттайтын, адамның рухани қажеттіліктерін молымен сусындататын мәңгі мөлдір бұлақ болып қала береді.
Міне, біздің ойымызша, лаңкестік іс-әрекеттерінің осындай кейбір маңызды себептері бар. Оларды жою арқылы осы әлеуметтік дертпен күресу жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз.
Т.Сүлейменов,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің доценті