Қытай - интернетті қауіпсіздікке қауіп төндіретін басты жау деп есептейді

Oinet.kz 04-06-2019 1071

8f2a43411d462e38891989ffb0b1c581.jpg

Бүгінде әскери сарапшылар мен саяси шолушылар Қытай мен Американың жуырда жарияланған 2015 жылғы әскери стратегиясын қызу талқылап жатыр. Әлеммнің екі алыбының әскери стратегиясы дерлік бір уақытта жарияланды. Бұл екі елдің ықпалы соншалықты, егер Пекин мен Вашингтонға салқын тиіп түшкірсе, бүкіл әлем тұмау тигендей жағдайға түседі. «Рейтинг» газетінің ұстанымы – анекдоттағы еврейдің ұстанымы іспеттес. Бір еврейге екінші бауыры: «Зообақта піл туыпты» дейді. Сонда екінші еврей: «қызық екен, бірақ бұл жаңалықтан бізге келер қауіп жоқ па?» деп сұрапты. Айтпағымыз: әлемде болып жатқан оқиғаларға біз қазақ мүддесі тұрғысынан қарауға әрекет етеміз. Осы екі елдің әскери стратегиясы жайлы «Рейтинг» газетінің оқырмандарына ақпарат беруді жөн көрдік. 

Сонымен Қытай жылда өзінің әскери стратегиясы тұжырымдалған құжатын жариялайды. «Ақ кітап» деп аталатын бұл құжатты жариялаудағы басты мақсат – дос пен дұшпанға өз әскери ұстанымы жайлы ақпарат беру. Айта кетейік, «Ақ кітап» 1998 жылдан бері жарияланып келеді. Шығыстағы көршіміздің Әскери стратегиясы алыстағы Америка мен жақын жердегі – Жапон елінде де қызу талқыланып жатыр. 

Ия, сонымен Қытай әскери стратегиясының басты бағыттары қандай? Өз әскери стратегиясына ресми Бейжің «белсенді қорғаныс» деген терминді ендірген. Стратегия авторларының пікірінше, бұл термин «өзіміз ешкімге шабуыл жасамаймыз, ал өзі келіп тиіскен, мүдделерімізді ескермеген елдерді аямаймыз» дегенді аңғартады екен. Бейжің ешбір жағдайда гегомонияға, яғни үстемдікке, сондай-ақ, экспансияға, жаңа территорияларды басып алуға бағытталған өктемдікке ұмтылмайтынын ресми түрде жариялап отыр. 

Қытай сарапшыларының пікірінше, жақын болашақта дүниежүзілік соғыстың бола қоюы екіталай, бірақ кейбір мемлекеттердің үстемдікке ұмтылып, бейбіт елдерді қарудың күшімен интервенциялауға ұмтылуы (бұл Америка жайлы пассаж) әлемдегі тұрақтылықтың сақталуына қауіп төндіріп отыр. 

«Ақ кітапта» зерделенген әскери стратегияда соңғы жылдары Қытайдың қарқынмен дамып, халықтың ауқаттылық деңгейі көтеріліп, елдегі әлеуметтің әлеуеті біртіндеп өсіп, аспан астындағы алыптың өлемдегі ықпалы артып келе жатқаны айтылады. 

Әскери стратегияда айтылғандай Азия-Тынық мұхиты аймағы (АТА) бүгінде әлемнің ең дамыған аймағына айналып келеді. Батыстық санкциялардан шаршай бастаған Ресей де Азия-Тынық мұхиты аймағына қарай бет бұрып отыр. Америка өзінің осы аймақтағы ықпалын арттыруға  барын салуда. АҚШ бұл саясатын «тепе-теңдікті тіктеу» деп атап отыр. Бұл Қытайдың ықпалын шектеуге бағытталған Бағдарлама. Қытай елі Жопонияны – аймақтағы бәсекелесі әрі ата жауы санайды. Бұл екі ел арасындағы кикілжіңнің тарихы тереңде жатыр. Бүгінісі де оңып тұрған жоқ. Токио өзін Вашингтонның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы басты одақтасы ретінде көреді. Сондай-ақ, Американың бұл аймақтағы екінші одақтасы – Оңтүстік Корея да Қытай ықпалын шектеу үшін Вашингтон мен Токиомен тізе қосуға дайын тұр. 

Қытайдың одақтасы, дұрысырағы – стратегиялық әріптесі қайсы ел? Бейжіңнің әскери стратегиясында айтылуынша, Қытай Халық Республикасының бүгіндегі ең жақын ынтымақтасы әрі стратегиялық әріптесі – Ресей Федерациясы. Пекин мен Мәскеу барлық салаларда, ең бастысы – әскери ынтымақтастық саласындаға қарым-қатынастарын нығайта бермек. Бірлескен әскери жаттығулар өткізу, көрші елдер әскерлерінің стратегиялық үйлесімділігін арттыру, ядролық державалар ретіндегі ынтымақтастығын нығайту – әскери бағыттағы байланыстардың арқауы болмақ. 

Қытайға қай тараптан және қандай қауіптер төніп тұр. Әскери стратегия авторларының жазуынша, Аспан астындағы алып ел үшін негізгі төрт қауіп бар: екеуі – теңіз және ғарыш кеңістігінде, үшіншісі – Интернетте, ал соңғысы – ядролық салада. Қытайға құрлықтан қауіп келе қоймасы о бастан белгілі. Әскери техниканың дамуы ғарыш пен теңіз кеністігін қауіпті зонаға айналдырды. Ядролық сала белгілі. Ал Интернеттен қандай қауіп төніп тұр. Айта кету керек Интернет болмыс ретінде бірінші рет стратегиялық қауіп ретінде тілге алынып отыр. Түрлі-түсті революциялар, түрлі бүліктер, әскери құпиялардың ашылуы, әлеуметтік желілер арқылы миллиондаған адамдардың белгілі бір акцияға жұмылдырылуы, елдегі саяси тұрақтылықтың бұзылуы мен іштен шығар жаудың үгіт-насихаты – бәрі-бірі осы Интернет арқылы қозғалысқа келуі мүмкін. Айта кету керек, АҚШ Қорғаныс министрлігінің ақпараттық базасын оқтын-оқтын Қытайдың хакерлері бұзып тұрады. Интернет дегеніңіз «бөтелкеден шаққан жынға» айналып келеді. Осы жағдайды ескере отырып Қытай армиясы өз құрамында Ақпараттық әскерлер құрылымдарын жасақтап жатыр. Бұл құрылым жергілікті ақпараттық соғыстарда жеңіске жетуге қауқарлы болуы керек. 

Әрине, Қытай елінің қауіпсіздігін терроризм мен сеператизмсіз сипаттауға болмайды. Шығыс Түркістан мен Тибеттің сепаратистік әрекеттері – Қытайдың басты проблемаларының бірі болып қалуңда. Әскери стратегияда айтылуынша, осындағы антиқытайлық күштер аталған аймақта «түрлі-түсті революция» жасауға әрекет етіп отыр. 

Қытай әскери стратегтерінің топшылауынша, бүгінде Бейжіңді қатты алаңдатып отырған ең үлкен қауіп – Американың Азия-Тынық мұхиты аймағында өз әскери базаларын көбейтуі мен Жапонияның өз әскери доктринасын қайта қарауы, яғни түбегейлі түрде өзгертуі болып отыр. Естеріңізге сала кетейік, Екінші дүние жүзілік соғыстан соң, 1947 жылы ел Конституциясына «өзін-өзін қорғау күштері әскери қақтығыстарға қатыспайды» деген қағида енгізілген болатын. Енді осы «өзін-өзі қорғау күштері» Азия-Тынық мұхиты аймағындағы айбында әскерге, нағыз армияға айналып келеді. 

Қазақстан үшін Қытай тарапынан әскери қауіп төніп тұрған жоқ. Бұған қосымша, Қытай біздің басты одақтасымыз – Ресейді өзінің басты стратегиялық ынтымақтасы деп жариялап отыр. Ал экономикалық тұрғыдағы Қытай экспансионизмі – бөлек әңгіме. Ол басқа бір шолудың тақырыбы. 

Мұрағаттан, 2015 ж

Діни экстремизмнің себептері
АҚШ-тың қас жауы - Ресей
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу