Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Американың әскери стратегиясы: «Құрама Штаттар - технологиялық, энергетикалық, альянстар мен ынтымақтастық, сондай-ақ, демографиялық тұрғыдан алғанда әлемнің ең мықты ұлты. Бірақ біздің осы артықшылықтарымыз соңғы кезде талас тудыруда» деп басталады.
Америка қарулы күштерінің мақсаты – ұлтты қорғау және болуы ықтимал соғыстарда жеңіске жету деп тайға таңба басқандай анық айтылған. Америкада «ұлттық мүдде» деген түсінік жиі тілге алынады. Америкалықтар ұлттық мүдде дегенде нені түсінеді, бойына бүкіл әлемді сыйдыратын ол қай мүдде? АҚШ-тың әскери стратегиясында айтылуынша, Американың ұлттық мүдделері төмендегілерді қамтиды: елдің, ел азаматтарының, одақтастар мен әріптестердің қауіпсіздігі, күшті, инновациялық, даму үстіндегі экономика, АҚШ-та және барша әлемде әмбебап құндылықтардың сақталуы, заңға негізделген халықаралық тәртіп, сондай-ақ жаһандық қауіптерге бірлесе тойтарыс беруді ұйымдастыру. Вашингтонның Ирак пен Ауғанстанға қарсы агрессиясы мен Югославияны бомбылауы – сол барша әлемде әмбебап құндылықтардың сақталуын, яғни демократия мен адам құқықтарының қорғалуын мұрат тұтқан, яғни ұллтық мүдде жолындағы әрекетінен туындаған.
Әскери стратегияда Ресейдің есірткі саудасы мен терроризмге қарсы күресі мойындалғанымен, оның көршілерінің егемендігіне қауіп төндіріп, Қырымды басып алғаны, сондай-ақ, Украинаның оңтүстігінде сепаратистерді қолдап, гибридтік соғыс жүргізіп жатқаны – АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне, атап айтқанда, Вашингтонның халықаралық құқықты қорғау міндеттеріне қарсы бағытталған әрекет деп бағаланған. Әскери стратегияда айтылуынша, АҚШ осы тұрғыдан келе отырып, Ресейді өз жауы деп сипатап отыр.
Обаманың Кремльге қарай оқталып, «Ресей жазаланатын болады» деп бір неше рет мәлімдеме жасауы осы әскери стратегияның мазмұнына сай болатын. Шынтуайтына келгенде, Ельциннің кезінде Ресей Вашингтонның ықпалында болатын. Ал Путин – ұлттық мүдде тұрғысынан консервативтік, ал геосаясат тұрғысынан ұлы державалық ұстанымдағы басшы. Сондықтан бүгінгі орыс истеблишменті Вашингтонның креатурасына сай келмей тұр. НАТО-ның Шығысқа қарай бастаған «жорығы» Украинада тоқтатылып, аймақтың жаңа пішімі Обама әкімшілігі күткен жобадан ауытқып кетті.
Осыған орай Ресей – Американың қас жауына айналды. Американың әскери Стратегиясында «Ресейдің БҰҰ мен Хельсинки келісімін өрескел түрде бұзғаны – үлкен халықаралық қылмыс» ретінде тілге алынады.
Әскери стратегияда АҚШ Қытайдың экономикалық тұрғыдан дамуын қолдайтыны, бірақ оның Оңтүстік-Қытай теңізіне қатысты территориялық талаптары орынсыз екені, қажет болған жағдайда, Вашингтон сол Азия-Тынық мұхит аймағындағы саяси одақтастары – Оңтүстік Корея мен Жапонияны қорғайтыны анық айтылған.
Стратегияда сондай-ақ, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең жақын одақтасы – Израиль екені, оның қауіпсіздігін қорғау, Израильдің әскери үстемдігін қамтамасыз ету – Американың ұлттық мүдделерінен туындайтын міндет екені айтылады.
АҚШ әскери стратегиясында сипатталған екінші қауіп ордасы - әскери экстремистік бірлестіктер – «Ислам мемлекті» ұйымы, Әл-Қаида және басқа террорлық ұйымдар. АҚШ бұл ұйымдарға қарсы үздіксіз соғыс жүргізбек.
Стратегия авторларының пікірінше, ірі державалар арасындағы соғыс ықтималы аса жоғары емес. Бұл тұжырым Америка солдаттары Украинаның егемендігі үшін қан төкпейді дегенді білдіреді.
Қытай стратегиясы – қорғанысқа, ал Американың стратегиясы – шабуылға, сондай-ақ, өз елінен тыс аймақтардағы мүдделері мен одақтастарын қорғауға бағытталған. Бейжің мен Вашингтон әскери стратегияларының басты айырмасы осы. Американың Қазақстанда қомақты инвестициялық қаржысы, яғни айтарлықтай экономикалық мүддесі бар. Қазақстан жасауы тәуір қалыңдықтай үш ірі держава үшін де тартымды болып тұр. Қалай назданса да жарасады. Ендігі мақсат – сол жібектей жұмсақ әрі бекзат бола білу. Солай етсек, ұлы державалардың әскери стратегияларында бізге қарсы бағытталған арнайы тараулары бола қоймас.
Мұрағаттан, 2015 ж