Абылай хан мен Төле бидің атынан бәдел қажылық өтеледі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтетін «Қазақ хандығына – 550 жыл» мерекелік шарасына орай, шариғат талабына сәйкес қазақ билері мен хандары атынан бәдел қажылық ұйымдастырылады. Бәдел қажылық – бұрын қажылыққа барып келген адамның өзге адамның атынан атқарылатың қажылық ғибадаты. Сонымен қазақ тарихында тұңғыш рет Абылай хан мен Төле би бабаның атынан бәдел қажылық жасалмақ. Абылай ханның атынан – Оңтүстік Қазақстан облысы имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров, ал Төле би ауданының бас имамы Самат Анарбаев – Төле би бабамыздың атынан бәдел қажылықты атқаратын болады. Облыс имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров Абылай ханның атынан бәдел қажылық жасау ол үшін үлкен мәртебе екенін айтып, бұл үлкен міндетті абыроймен өтеуге Алладан медет сұрайтынын жеткізді. Ал Төле би бабаның атынан бәдел қажылыққа аттанбақ болып тұрған Самат Қажы Анарбаев: «Бұл сүйінші хабар – ел бейбітшілігінің белгісі. Біз – ата-бабалар армандап, жылап-еңіреп, сан ғасырлар бұрын жерленген қажылардың моласын тәбәрік деп, қажыларды құрметтеп, алдын кеспей, «қажылық» деген сөздің өзіне құрмет көрсетіп келген ұлттың ұрпағымыз. Алла тағала нәсіп етсе – Қазақ хандығына биыл 550 жыл деп отырмыз. Қазақ өзі ат төбеліндей болғанымен, сайын далаға, елдікке, ерлікке, хандыққа, бүгінгі мына мемлекеттікке қалай жетті? Бұл – қазақ халқының ұлылығының, рухының ұлылығының, қазақ халқының дархандығы мен қазақ халқының өзіндік «менін» қалыптастыра білуінің нәтижесі. Мен Төле би ауданының бас имамы ретінде, Төле бидің Ниязбек деген баласынан тарайтын 8-і ұрпағы ретінде бәдел қажылықты өтеуге бара жатқанымды өзіме мәртебе санаймын. Төле би бабамыз – Абылай ханды асырап, ұлы тұлға етіп, оны хандыққа дейін көтерген кісі. Қазақ хансыз қалғанда да оны қаңғытпаған, оны сансыратпаған, оны ұйыстырып, үш жүздің баласын қожа –төресімен қоса бірге ұстай білген үлкен тұлға еді. Шындығында мұндай кісінің қазақ хандығына қосқан үлесі өлшеусіз. Ол кісілердің кезінде алмағайып, ат үстінде, түйе үстінде өмірі өткен заман болды. Бәдел қажылық – олардың қан мен терінің өтемі болсын!» - деді.
Ия, ұлы бабалар рухына арнап құран бағыштауды, зияратына барып тәу етуді кереғар діни ағымдардың өкілдері ширк, яғни Аллаға серік қосу деп санайды. ҚМДБ Оңтүстік Қазақстан облысы өкілдігінің ынтасымен Абылай хан мен Төле би бабаның атынан бәдел қажылық ұйымдастыруы – сол «әруақ» десе шашы тік тұрып, «ширк-ширк» деп тонын ала қашатын кереғар ағымдардың өкілдеріне қарсы соққы болмақ. Қазақ - әруаққа сиынатын емес, өткен әруақтарын, тағдырлы тарихын, ата-баба өсиеті мен ұлағатты сөздерін сыйлайтын халық. Тарихымыз бен топырағымыздан тыста қалыптасқан, бірақ әсіредіншіл бауырларымыздың санасын билеп алған кереғар ұстанымдағы қандастарымыз осыны түсінбей-ақ келеді.
Биылғы жылы Қазақстан бойынша 4005 азамат қасиетті қажылық сапарына аттанады. Сол қажылыққа аттанып жатқандардың 1800-і, яғни 45 пайызы – Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қажылық Миссиясы (құрылым осылай деп аталады) еліміздің қажыларын Саудияның «FlyNas» халықаралық әуекомпаниясы тасымалдауға құқылы екенін және одан өзге компаниялармен ұшуға рұқсат етілмейтінін хабарлады. Қажыларды тасымалдау тек Алматы-Жидда-Мәдина-Алматы бағыты бойынша орындалады. Қажылардың ұшып кету уақыты үстіміздегі жылдың 11-16 қыркүйек күндері, ал ұшып келу уақты – 27 қыркүйек пен 7 қазан аралығында жүзеге асырылмақ. Облыстан қажыларға жетекші ретінде 3 имам барады. Бұл имамдар бүкіл қажылықтың Имам Әбу Ханифа мазһабының ұстанымдарына сәйкес орындалуын қамтамасыз ететін болады.
Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы Ахметжан қажы Керімбек «Шымкент» медресесі мен Сарығаш медресесіне 2015-2016 оқу жылдарына шәкірттер қабылданғаны жайлы ақпарат берді. Биыл «Шымкент» медресесіне 96 ер бала, 68 қыз бала қабылданыпты. Ал «Сарығаш» медресесіне – 98 ер бала, және 88 қыз бала қабылданған.
«Рейтинг» газетінің сауалына жауап бере келе Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы Ахметжан қажы Керімбек: «Көптеген елдердің тәжірибесі медреселер қанша көп болса, сол медреселерде терең білім алып, діни қызметке кірісетін түлектер қанша көп болса, кері ағымдардың ықпалы мен экстремистік, яғни шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстанатын, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығаратын адамдар аз болады. Иншаллаһ, қажылыққа барып қайтқан қандастарымыз да бүгінгі күннің індетіне айналған экстремизм мен терроризге қарсы тегеурінді тойтарыс бере алатын адамдар санын толықтыра түседі. Қажалық сапары кезінде қажылармызға кері ағымдар мен экстремизмнен келетін зұлымдықты, сондай-ақ, өзіміздің имамы Ағзам мазһабымының ұстанымдары мен тәжрибесін жан-жақты сипаттайтын уағыздар айтылатын болады» деді.
Оның айтуынша, соңғы кезде кереғар діни ағымдар мен экстремистік пікірдегі жастардың саны қысқарып келеді. Облыс әкімдігі, оның Ішкі саясат және дін істері басқармасының, сондай-ақ осы басқарма құрамындағы «Әлеуметтік бастамалар орталығының» қызметкерлері мен облыстағы ҚМДБ өкілдігіне қарасты мешіттердегі имамдардың бірлесе атқарған қызметі өз жемісін беріп отыр. Ахметжан қажы осы кереғар діни ағымдар өкілдерімен жасалған жеке сұхбаттардың тиімділігі артып келе жатқанын атап өтті.
Оңтүстік Қазақстан облысы бас имамының орынбасары, Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдрахманов 2015 жылдың 24 қыркүйегі күні басталатын Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде атап өту үшін бірқатар шаралар қолға алынатынын айтты. Орталық Азия елдері – соның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан Құрбан айт мерекесін азаға, яғни өлген адамдардың үйіне барып құран оқып, ауыл мен ауылдың арасында сандалып жүруден тыюға әрекет етіп келеді. Осы бағыттағы үгіт-насихатты мерекелік шараларға ұластыру мақсатында Шымкент қаласының аумағындағы 105 мешіттің айналасында арқан тарту, асық ойнау және басқа да ойындар ұйымдастырылмақ.
Осы мәселе бойынша сөз алған «Қазақстан қажылар Ассоциациясы» республикалық діни қоғамының Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының төрағасы Қалиолла Маджан: «Қазақстанда Құрбан айт ресми мейрам деп танылған. Жаңа жыл қарсаңында көшеде шыршалар безендіріліп, отшашулар ұйымдастырылып, қала ерекше бір мерекелік сипатқа енеді. Неге Қурбан айт қарсаңында «Құрбан айттарыңыз құтты болсын!» деген жазулар ілініп, елдің есіне мейрамды, мүмкіндігі барларға құрбандық шалуды есіне салуға болмайды. Ішкі саясат және дін істері басқармасы осы мәселені қолға алса, Хаттани мешітіндегі алаңда үлкен мерекелік шаралар ұйымдастырып, жастар алтыбақан теуіп, бұл күнді үйме-үйме жүріп бата жасайтын күн емес, мұсылмандардың нағыз мерекесіне айналдырсақ. Діни, рухани тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысы қашанда үлгі болып, ізгі бастамаларға мұрындық болып келген» - деген ұсынысын жеткізді.
ҚМДБ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек оңтүстік өңірдің мешіттері «Мектепке жол» қайрымдылық шарасына белсене қатысқанын айтты. Облыс көлемінде 1572 көмекке зәру отбасыға 7 миллион 805 мың теңге көлемінде көмек көрсетіліпті. Соңғы жылдары облыстағы мешіттер республикалық және облыстық деңгейлердегі қайрымдылық шараларына белсене қатыса бастады. Мешіттер қауымының қайғылы жағдайға тап болған – үйі өртенген, ауыр дертке шалдыққан, кымбат ота жасау қажеттігі туған адамдарға көмек беріп жатқанының куәсі болып жүрміз. Бұл болмыс ел азаматтырының рухани деңгейімен қатар азаматтық өресінің де артып келе жатқанын көрсетіп отыр.
Үсен Асқаров,
Мұрағаттан 2015 ж