Анамды әкем алып қашыпты...

Oinet.kz 16-01-2022 1991

Біздің шаңырақта дастарқан еш жиылған емес. Бірде төрт көзіміз түгел дастарқан басында мәз-мейрам болып отырғанбыз. Сөз шығарып, әңгіме айтқызу үшін анама: «Әкем сізді алып қашып алыпты ғой, сол қалай болып еді?», -деп әзіл сауал қойдым. 

Screenshot_7.jpg

Әкем байыпты, көп сөйлемейтін  мінезінен танбай, анама көз қиығымен бір қарады да жымиып қойды. «Ол кезде білесіңдер, сендер сияқты интернет - минтернет, сотқа - мотка деген бәле тұрмақ, хат жазатын қалам қағаз табудың өзі қиын еді…»  деп анам әңгімесін бастап кетті.

Бір шағын тойда бір рет жүздесіп қалғанымыз бар әйтеуір, одан екі жаққа кеттік. Содан кейін бұ кісі әскерге кетіп үш жылдан соң келіпті. Кейде жоғалған мал - сұл іздеген болып өтірік сылтаумен келіп кетіп жүреді. Соның өзінде, ауылға бөтен жігіттің қайта - қайта келіп жүргенінен үлкендердің алдында өзіңді ыңғайсыз сезініп, ұялып, кірерге тесік таппай қаласың. Жігітпен жеке кездесу дегенді үлкен «қылмыс». Бірде ауыл шетінде тезек теріп жүргем, ат дүбірі естіліп, жалт қарасам жетелеген ерттеулі қосар аты бар екі салт атты сартылдатып келеді екен. Тани қойдым, біреуі мына кісі екен. Әй - шәй жоқ, «кеттік», -деді. 

Қатты састым. Ауылға қарай тұра жүгірмек едім, мына кісі атымен көлденеңдеп алдымнан тосты: «Ауылың сені күйеуге қашып кетті деп дурығып жатыр, солай әңгіме таратып жібердік. Енді қайта барсаң ағайынның алдында қара бет болып барасың…», - демесі бар ма? Жаным шығып кете жаздады. Ұяттың көкесі деген осы ғой. Әлгі сөзден кейін әке-шешенің жүзін көру, ағайын-туыстың алдында тұру дегенді… елестете алмадым. Ақыры былғанған болдым ғой, «кіммен қарайсаң сонымен ағар» деген, кетіп қалсам, бір ғана әңгіме, қайтып барсам миллион әңгіме… деген ойлар басымды шырмап алды. Ата-анамды таусылмас өсекке байлағым келмеді. Үн - түнсіз қосар аттың тізгінінен ұстай беріппін…

Кейін білдім, ауылға мен жайлы әңгіме тарағаны жалған боп шықты. Әкелеріңнің маған қол жеткізу үшін тапқан айласы екен…  Соның бәрі өтірік екенін білгенімде ішім удай ашыды ғой, - деп күледі анамыз. Бәріміз де жамырай күлдік.

Анам алты баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты аяулы жан. Әкем елге сыйлы, айтса сөзі өткен, тартса жебесі жеткен нағыз ер, нағыз әке! Алты бала да Моңғолияның Бай - өлке өңірінде дүниеге келіппіз. Осыдан он жыл бұрын ата жұртқа қоныс тептік. Қазір көрікті Көкшетауда ел қатарлы өсіп - өніп жатқан жайымыз бар.

Анам айтқан сол бір үзік сырда мол тағылым барын енді білгендеймін.  Осы әңгіме қазақ қызының бойындағы ұят, намыс, ар, ақыл деген дүниелердің салмағын үнемі сезіндіреді тұрады.

Қыдырбай Манарбек

Жыланның ұстазға берген дәрісі
Таксиске ғашық болған ару
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу