Авторға сыйақыны кім төлейді?

Oinet.kz 15-04-2019 1078

Screenshot_16.jpg

Авторлық құқықтарды қорғау ісі елімізде кенжелеп қалғанымен, соңғы бірнеше жылда бұл салада оң қадамдар жасала бастады. Өркениетті мемлекеттерде әншілер, сазгерлер мен өнер саласының басқа да қызметкерлерінің  құқықтары кеңінен қорғалатынын жақсы білеміз. Техника мен ақпараттық технологияның дамыған уақытында авторлық құқықтарды сақтаудың айрықша    маңызға ие болып тұрғаны рас. Өйткені қазір кино,  клип, басқа да түрлі бейне шығармалар түпнұсқадан көшіріліп, миллиондап басылуда. Жүздеген тойхана мен кафелер әншілердің еңбегі арқылы табыс түсіріп жатыр.   

Елімізде санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейтін «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы»  Заң 1996 жылы қабылданған. Бұл Заң құқықиеленушілердің туындыларын жекелеген жағдайларда еркін пайдалануға мүмкіндік беретін авторлық және сабақтас мүліктік құқықтарына шектеулер белгілеумен қатар зияткерлік меншік құқығының негізін қалайтын бірден бір қағидасы - жеке құқықиеленушілер мен жалпы қоғам  мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауды қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Осындай шектеулерге қатысты  негізгі шарттар мен мүмкіндіктер  халықаралық келісімдерде нақтылы белгіленген. Атап айтқанда,  Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясы, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының авторлық құқық жөніндегі шарты, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының орындаушылар мен фонограммалар жөніндегі шарты және  басқа да құжаттар зияткерлік меншік саласындағы қатынастарды реттеудің негізіне айналды.

Авторлық және сабақтас құқықтар объектілерінің пайдалану жағдайлары Қазақстан Республикасының ұлттық актілерінің заңнама деңгейінде  Азаматтық кодекстің 5-тарауында және жоғарыда көрсетілген «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» Заңында белгіленген.

  Елімізде  авторлық және сабақтас құқықтарды қорғайтын бірнеше ұйым бар. Солардың қатарында  мемлекет тарапынан аккредиттелген «Авторлар әндерінің одағы» Республикалық қоғамдық біргестігі мен биыл Ұлттық тәуелсіз конкурстың жеңімпазы атанып Ұлттық сертификат пен арнайы медальмен марапатталған «Қазақ әуендерінің орындаушылары» Республикалық қоғамдық бірлестігін атап өтуге болады.  Бұл   медаль «Қазақ әуендерінің орындаушылары» бірлестігінің бас директоры Нұрбек Енжановқа салтанатты түрде табысталды.   Ал «Сала көшбасшысы» Сертификаты әр жылы   Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық  дамуына ерекше   үлес қосқан санаулы мекемелерге ғана беріледі.  

     «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы»  Заң  қабылданған сәттен бастап  авторлық   құқық  объектілерін пайдаланушылардың  арасында осы заңға қатысты және авторлық және сабақтас мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның ролі жайлы сұрақтар көптеп туындап жатады.  Мәселен,  пайдаланушы деген кім, авторлық және сабақтас құқықтардың объектілерін пайдаланғаны үшін сыйақыны кім төлеуге тиіс, оның мөлшері қалай белгіленеді және тағы басқа сауалдарға жауап таба алмай жүргендер аз емес.

     Осы тұрғыда біз авторлық және сабақтас құқықтар саласында туындаған мәселелер, сондай-ақ  осы салада жиі кездесетін терминдердің  мәнісі  жайлы   Нұрбек Енжановтың пікірін білген едік.  

-      «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы»   Заңның 2-бабының 16-тармағына сәйкес, көпшілік алдында орындау - отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдардың алдында туындыны мәнерлеп оқу, ойнау, билеу немесе қандай да бір өзге жолмен, соның ішінде техникалық құралдардың көмегімен   орындау, - дейді Н.Енжанов. - Заңның 2-бабының 25-тармағына сәйкес, пайдаланушы - авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын немесе ұйымдастыратын жеке немесе заңды тұлға.

Заңның 2-бабының 20-тармағына сәйкес, құқық иеленуші болып авторлық құқыққа қатысты автор (оның мұрагерлері), сабақтас құқықтарға қатысты орындаушы (оның мұрагерлері), фонограммаларды жасаушы, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымы, сондай-ақ шарт бойынша немесе осы Заңда көзделген өзге де негіз бойынша туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға айрықша құқық алған өзге де жеке немесе заңды тұлғалар болып табылады. Яғни, авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын немесе ұйымдастыратын кез-келген жеке немесе заңды тұлға соның ішінде техникалық құралдардың көмегімен отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдардың алдында немесе солар бар болуы мүмкін жерлерде орындаса авторлық және сабақтас құқықтар құқық иеленушілерімен тиесілі келісім шарттар жасауы қажет.

     «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңына сәйкес, сыйақыны жинауға, бөлуге және төлеуге құқық иеленушілердің мүліктік құқықтарын ұжымдық негізде басқаратын ұйымның бірі жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтау қоғамның жалпы міндеті, сондықтан авторлық және сабақтас құқықтарды бұзулуын болдырмау мақсатында, кәсіпкерлікпен айналысу барысында авторлық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланатын барлық тұлғалар тиісті ұйымдармен Заңға сәйкес келісім шарттар жасау қажет. Пайдаланушы авторлық құқық объектілерін заңды түрде пайдалану үшін авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негізде басқаратын ұйыммен келісіммен қатар сабақтас құқықтар объектілерін заңды түрде пайдалану үшін сабақтас құқық иеленушілердің мүліктік құқықтарын ұжымдық негізде басқаратын ұйыммен де келісім шарт жасау қажет. Ал келісім шарттары бар пайдаланушылар жасалған келісімдерінің шарттарын тиісті түрде орындауы тиіс.

     Кейбір пайдаланушылар лицензиялық дискілер сатып алуына байланысты жоғарыда аталған ұйымдармен келісімді жасау қажеттілігінен босатыламыз деп  ойлайды. Бұл қате пікір, себебі дискке жазылған туындылардың авторлық және сабақтас құқықтары мен дисктің өзіне қатысты меншік құқығы байланысты емес. Яғни, қандай да бір материалдық объектке (диск, бейнекассета, флешка және т.б.) меншік немесе пайдалану құқығының өтуі сол объектке жазылған туындының авторлық және сабақтас құқықтарының өтуін білдірмейді. Одан бөлек, дыбыс-бейнелеу туындыларға әрдайым олардың коммерциялық мақсатта пайдалануға емес,  тек үйде көруге немесе тыңдауға арналғандығы ескертіледі. Сондықтан тұжырымдама мынадай: сатып алынған дыбыс-бейнелеу өнімдерін тек қана үйде пайдалануға болады.

Және бір айта кететін жайт, ол авторлық құқық бойынша ел Үкiметi 20.10.2004 жылғы №1083 қаулысымен көпшілік алдында орындау үшін авторлық сыйақының ең төмен ставкаларын бекіткен.  ҚР Үкіметінің 23.11.2011 жылғы №1373 қаулысымен фонограмма жасаушылар мен орындаушыларға сыйақының ең төмен ставкалары бекітілген (сабақтас құқықтар).

     Көрсетілген ставкалар сыйақының ең төмен ставкаларын белгілейді, ал құқық иеленушілердің мүліктік құқықтарын басқаратын ұйымдар осы ставкаларды пайдаланушылармен жасалатын келісімдерде сыйақы мөлшерін белгілегенде басшылыққа алады.

     Оған қоса, авторлық және сабақтас құқықтарының құқық иеленушілері авторлық және сабақтас құқықтарды заңсыз пайдаланған тұлғаны жауапкершілікке тартып одан құқық иеленушіге келтірілген залалды өндіруіне болады. Ал заңбұзушының әрекетінде Қылмыстық кодекстің 198-бабында көрсетілген белгілер болса, оған авторлық немесе сабақтас құқықтарды бұзғаны үшін жауапкершілік түрі көзделген.

Авторлық құқықтарды қорғау бойынша «Авторлар әндерінің одағы» РҚБ  қызметімен оқырмандар ұйымның ресми сайтында: WWW.SAP.kz, ал сабақтас құқықтардықорғау бойынша «Қазақ әуендерінің орындаушылары» РҚБ қызметімен: WWW.IKP.kz сайтында толығырақ таныса алады. 


Туған балаңды сату қай салтыңда бар еді...
Баламды қай тілде оқытсам екен?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу