Баламды қай тілде оқытсам екен?
Ана тілі адамның қызметіне ғана қажет пе?
Рас, 23 жыл – Тарих-Ата үшін қас-қағым-ақ сәт, бірақ ел үшін, оның халқы үшін, сол халықтың ұлттық санасының қалыптасуы үшін бұл – әжептәуір уақыт. Осы мерзім ішінде «Қазақстан Республикасы» аталатын елдің тұрғылықты жұрты санадағы отарлық шырмауды үзіп, өзін тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіз азаматы сезінуге тиіс қой. Өкінішке қарай, ел арасында ондай жаппай ұмтылыс байқала бермейтін секілді.
Бірде әлеуметтік желілердің бірінде Серікжан есімді азамат мынадай пікір жазып, көпшілікті ойласуға шақырды:
«Атамекенге осыдан 18 жыл бұрын оралған қазақпын, – деп бастапты ол сөзін. – Ана тілімді, әрине, жақсы білемін, ал орыс тіліне өте шорқақпын. Бала күніңде оқымаған соң, үйренбеген соң, қиын екен, санаға сіңбеді. Қазақстандағы университеттердің бірінде бір топта 19 адам оқыдық, солардың тек үшеуі ғана орысша пәндерді жетік меңгерді, ұстаздардың тапсырмасын тап-тұйнақтай ғып орындап жүрді. Ал біз орысша түсінбеген соң, қазақ тіліндегі материалдардан там-тұмдап бірдеме жазып келген боламыз, кейде оның өзін жетістірмейміз. Оқу бітірген соң, жұмысқа тұру кезінде де орысша білмеудің көп зардабын тарттым. Жалпы, атажұртыма оралғалы көресіні осы орысшаға шорқақтықтан көріп келемін. Енді мен көрген қиындық пен кемсітуді ұрпағым көрмесінші деген оймен ұлымды орыс мектебіне берсем деп отырмын. Мұным дұрыс па? Қалай ойлайсыздар?».
Онсыз да біреуге ақыл айтуға келгенде алдымызға жан салмайтын жұртпыз ғой, мұның үстіне, сауал авторы «қалай ойлайсыздар?» деп тікелей көзқарасыңды сұрап тұрса, қай қазақ қарап қалсын, пікір деген бөгетті бұзған суша лақылдай ақтарылыпты.
Мира: «Орыс тілін білмесең, жұмысқа тұру қиын. Қазақша білген-білмегенің ешкімге қажет емес, алдымен орысша білетініңді сұрайды».
Назгүл: «Орыс мектебіне берме! Менің әке-шешем де орыс тілін білмеудің зардабын бір кісідей-ақ тартты. Сонда да тістеніп жүріп, бізді қазақ мектебінде оқытты. Соған қарамастан қазір орыс тілін орыстардың өзінен артық білмесем, кем білмеймін. Өйткені, қоғамдық орта солай. Жалпы, қазір «бала орыс тілін білмей қалады» деп қорқудың өзі күлкілі ғой».
Ернар: «Орыс тілін білуі үшін баланы орыс мектебіне беру міндетті емес. Оны балаға өмірдің өзі-ақ үйретеді».
Сағын: «Қаласаңыз, неміс мектебіне де бере аласыз...».
Оңдасын: «Мен де ойланып жүрмін. Қазақ мектептерінде білім беру жағы нашар деп естимін. Екінші жағынан, орысша оқыса, баланың мінезі бұзыла ма деймін. Орыстілділер сәл арсыздау келеді ғой».
Қазыбек: «Қазақ мектебіне бере беріңіз, бәрібір 11-ді бітіргенше орысша сөйлеп кетеді».
Омар: «Бәрің орыс мектебіне берсеңдер, қазақ мектебінде кімнің баласы оқиды?».
Фатима: «Қай тілде оқыса да, ең бастысы – отбасындағы тәрбие. Үйде қай тілде сөйлесеңіз, бала содан үйренеді».
Хайдар: «Баланы орыс мектебіне бергеннен Құдай сақтасын! Безбүйрек болып кетеді. Біз анау жылы студенттердің өле-жырларын құрастырып, кітапша шығарғанбыз. Сонда қазақша оқыған жас ақын жігіттердің көп өлеңі туған жерге, анаға, махаббат тақырыбына арналған, ал орысша жазатын балалардың өлеңдерінің көбі... ажал, өзін-өзі өлтіру, өмірден түңілу секілді қорқынышты тақырыптарды қамтыпты».
Бұл – қаптаған қалың пікірдің арасынан біздің іріктеп алғанымыз ғана. Әйтпесе «Өте дұрыс: орысша оқыту керек!», «Орысша оқыған бала ертең жерде қалмайды, бір жерді жарып шығады!», «Қазақша оқыса, балаңыз жұмыс таппай сүмірейіп жүреді»... деген секілді өз тілінен, өз мектебінен безінген, жерінген біреулердің үрейлі сөздерінен ит батпақтап, ат сүрінеді.
Бұл жұртқа не көрінген сонда? «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» деген ел президентінің сөзіне сену-сенбеу – әрине, әркімнің өз еркінде. Бірақ сенбегеннің өзінде, қазақ бола тұрып, Қазақстанды мекен ете отырып, өз баласын қазақтықтан алыстатуға неге ұмтылады? Әлде қазақ тілінің болашағы барына күмәндана ма? Сонда ана тілі адамның тек қызметіне, болашағына ғана қажет пе? Ол жер, су, ауа секілді адамға минут сайын, секунд сайын, сәт сайын аса ділгір, аса қымбат ұғым емес пе?
Бала негізгі білімді өз ана тілінде алғаны жөн
«Өз баласын қазақтықтан алыстату» деген сөзді бекерден-бекер қолданып отырған жоқпыз. Өйткені, орыс мектебінде оқу – тек сол тілде білім алу ғана емес. Орысша оқу – сол тілдің өкіліне тән болмыс-бітімге бейімделу, сол тілдің өкіліне тән ойлау жүйесін қалыптастыру, сол тілдің өкіліне тән мінез-құлық, менталитетті бойға сіңіру деген сөз. Яғни, өз ұлтының тәлім-тәрбиесінен, рухынан алыстау, қазақтық қасиеттен айрылу.
Талай қызметтерде істеген таныс ағайымыздың екі ұлы болды. Үлкені орыс мектебінде, кішісі қазақ мектебінде оқыды. Құданың құдіреті, үлкен ұл үйге қонақ келсе болды, есігін тарс жауып алып, бөлмесінен шықпайды. Асты да оңаша ішеді. Әке-шешесі, әлде келімді-кетімді кісілер берген тәтті-пәтті, жылы-жұмсақты тіпті інісінен жасырып, теріс қарап жатып, тығып жейді. Ал кіші ұл үйге адам келсе, қуанады, жүгіріп шығып амандасады, үйіріліп жанынан шықпайды. Екі алма берсе, бірін ағасына ала жүгіреді. Бірге туған бауырлар, бірақ мінез-құлық, ұғым-түсініктері – екі басқа.
Тап осындай менталитет ерекшелігін жазушы, аудармашы Герольд Бельгер де жазады: «Бывший замминистра времен Кунаева рассказывает. У него девять внуков. Один учился в казахской школе, остальные – в русской. Того, кто учился в казахской школе, он отправлял на время каникул в аул, и там он овладел свободно казахским языком, проникся казахской ментальностью, пас ягнят, косил сено, совершал со сверстниками набеги на колхозную бахчу, играл, озоровал. Сейчас он, Даурен, уже взрослый, часто навещает овдовевшего деда, тщательно следит за содержимое холодильника, выбрасывает старые продукты, забивает свежими.
Однажды дед тащил с базара две огромные сумки. На остановку на своей машине подъезжает какой-то парень и говорит: «Ата, садитесь. Подвезу». Дед насторожился: с какой стати он сядет в незнакомую машину. «Рахмет, айналайын! На трамвае доберусь». Незнакомец говорит: «Вы, ата, наверное, меня не узнали. Я ведь друг вашего Даурена». Довез старика с сумками домой. Потом доложил другу: «Я сегодня встретил на остановке твоего ата с сумками, довез до дому». Немного погодя звонит внук: «Ата, что вы делаете?! Вы же позорите весь наш род. Завтра ведь по всему городу пойдут разговоры: дескать, бывший замминистра, как бишара-сирота, с сумками тащится с базара. Будто нет у него ни детей, ни внуков. Срам-то какой! Если тебе что надо, говори мне, я сам все привезу».
А остальные восемь внуков, воспитавшиеся в русских школах, о таком и не помышляют, и все это им невдомек. При встрече говорят: «Салют, аташка!» или бросают мимоходом: «Чао, аташка!». А о семейном достоинстве, о чести и гордости рода и понятия не имеют... Подобных примеров разной ментальности и я встречал немало. Есть большая разница в разном национальном воспитании...» («Плетенье чепухи»).
Басқа жұртты қайдам, «орысша оқыту» дегеннің зардабын қазақ әбден ұмытпастай есте сақтаса керек еді. Ана тілінен мақұрым қалған мыңдаған мәңгүрт қайдан шықты? «Ойбай, орысша оқысын, қайтсе де, әйтеуір нан тауып жесін, қазақшаны үйде жүріп те ұмытпайды!» деген ұстанымнан емес пе? Енді сол «арғы жетке біржола өтіп алғандардың» талайы қазақтың өзіне қарсы шығып жүрген жоқ па? «Қазақтілді қоғам», «орыстілді орта» боп, екіге жарылып, есімізді жинай алмай жатқан жоқпыз ба қазір?
Расында да, Қазақстанның бүгінгі жағдайында «бала орысша білмей қалады» деп алаңдаудың өзі – күлкілі. Өзіңіз ойлап көріңіз, қазақ мектебінде де орыс тілі оқытылады. Телерадиоарналар жаппай орысша сайрап тұр («Қазақстан» ұлттық арнасы, «Шалқар» және Қазақ радиосынан басқасы). Ғаламтор – о бастан. Аулада – қазағы-орысы аралас балалар. Яғни, орыс тілінен қашып құтылу мүмкін емес! Тіпті менің досымның бес жасар баласы азаннан ақшамға дейін үйде мультик көріп отырып-ақ орысша үйреніп алды.
Психологтар адам айналадағы бүкіл зат, құбылыс, ұғымдарды түгел әуелі өз тілінде қабылдап, санасында қалыптастырып үлгерген соң барып, өзге тілді үйренуіне болатынын айтады. Кей елдер осы кеңеске жүгінеді. Мәселен, Испания мен Израиль мектептерінде 7 сыныпқа дейінгі бүкіл пән испан және иврит тілдерінде жүргізіледі екен. Содан соң барып, яғни, «бала өз тілінің құнарына жақсылап қанықты» деген мезгілде белгілі бір шет тілін (көбінесе ағылшын) қоса оқытады. Өз ұрпағының қамын ойлау деген, міне, осы!
Яғни, бала негізгі білімді өз ана тілінде алғаны жөн. Ал одан соң қай тілде оқыса да, түпкі негізін, ұлттық қасиетін жоғалтпайды.
Сәкен СЫБАНБАЙ
Мұрағаттан: 18.09.2014