Шымкенттік тұрғын 0,1900 гектар жер үшін 83 млн теңге өтемақы алды
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында қала тұрғынының жергілікті атқарушы органдарға мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесіне өтемақы құнын төлеуді міндеттеу туралы талап қоюы қаралды. Бұл туралы Шымкент қалалық соты хабарлады.
Істі қарау нәтижесінде анықталғандай, талап қоюшы жалпы алаңы 0,1900 га жер учаскесінің меншік иесі. Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен талап қоюшының жер учаскесін мемлекеттік мұқтажы үшін өтемақы төлеу арқылы алып қою белгіленген. Алайда, талап қоюшы осы жер учаскесінің құны ретінде ұсынылған 46 млн теңге өтемақымен келіспеген. Осыдан кейін Шымкент қаласы әкімдігі сотқа аталған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюмен жүгінген. Алайда, талап қоюшының арызы бойынша осы талап қою қараусыз қалдырылған. Әрі қарай, Шымкент қаласы әкімдігі аталған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығару бойынша басқа іс-әрекеттер жасамаған. Осыған қарамай, әкімдіктің қабылдаған қаулысы негізінде талап қоюшыға тиесілі жер учаскесі алынып, қазіргі таңда көпшілік пайдаланатын автомобиль жолы түскен. Алайда, талап қоюшыға одан алынған жер учаскесінің құны өтелмеген. Сот құрылыс-тауартану қортындысына сәйкес, талап қоюшыға тиесілі жер учаскесінің нарықтық құны 83 млн теңгеден асатыны көрсетілген. Соттың шешімімен, талап қою қанағаттандырылды. «Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі талап қоюшыға тиесілі мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесіне 83 419 500 теңге өтемақы құнын төлеу міндеттелген. Сонымен қатар, соттың жеке ұйғарымымен жоғарыда анықталған заңдылықтың бұзылған жағдайлары бойынша Шымкент қаласы әкімінің назарына жеткізілген. Себебі, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға жататын жер учаскесін алу және өтемақы төлеу құзыретті мемлекеттік органымен жүргізілуі қажет. Алайда, талап қоюшыдан 2020 жылы, яғни 5 жыл бұрын алынған жер учаскесіне қатысты мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару процедурасы осы күнге дейін жүргізілмеген. Осылайша талап қоюшының жер учаскесіне қатысты меншік құқықтары бұзылған және талап қоюды қанағаттандыру арқылы қалпына келтірілген.


