Үш жасқа дейінгі барлық балаға ай сайын жәрдемақы төленетін болды
Қырғызстан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған жаңа әлеуметтік қолдау бағдарламасын іске қосады. Ел президенті бекіткен шешім бойынша әр балаға ай сайын 1200 сом көлемінде жәрдемақы төленеді, деп жазады Оinet.kz.

Тиісті жарлыққа ел президенті Садыр Жапаров Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қол қойған. Президенттің ресми сайтының мәліметінше, жаңа әлеуметтік төлем «Бала ырысы» деп аталады және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап беріле бастайды.
Жаңа жүйе бойынша жәрдемақы әр балаға отбасының табыс деңгейіне қарамастан төленеді. Ай сайынғы төлем мөлшері 1200 сомды құрайды, бұл шамамен 6780 теңгеге тең.
Садыр Жапаровтың айтуынша, мұндай шешім азаматтардың көптеген өтінішінен кейін қабылданған. Президент баланың өмірінің алғашқы жылдары оның физикалық әрі зияткерлік дамуы үшін ең маңызды кезең екенін атап өтті. Сондықтан мемлекет осы уақытта отбасыларға қолдау көрсетуді күшейтуді жөн көрген.
Сонымен қатар мемлекет басшысы қазіргі жәрдемақы жүйесіне қатысты шағымдардың көп екенін айтты. Оның сөзінше, көптеген аналар әлеуметтік төлем алу кезінде күрделі бюрократиялық рәсімдерге тап болады.
Президент кейбір ауқатты отбасылар да бұл төлемді алуы мүмкін екенін жасырмады. Дегенмен, соның есесіне мұқтаж бірде-бір бала көмексіз қалмауы маңызды екенін атап өтті.
Қырғызстан Ұлттық статистика комитеті дерегіне сәйкес, елде 3 жасқа дейінгі шамамен 445 мың бала бар. Жаңа жәрдемақы осы санаттағы барлық балаға арналған әлеуметтік қолдау ретінде енгізілмек.


