Таразда жолаушы автобус жүргізушісін пышақтаған
Тараз қаласында №11 қалалық автобустың бірінде жолаушы мен жүргізуші арасында дау туындады. Кикілжің кезінде 40 жастағы жолаушы 59 жастағы жүргізушіні пышақтап тастаған, деп хабарлайды Оinet.kz.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралды. Кадрларда келген полиция қызметкерлері агрессивті ер адамды ұстаған сәт көрсетілген. Видеодағы сипаттамада жолаушы мас күйде болып, жүргізушіден рейсті жалғастыруын талап еткені, бірақ жұмыс уақыты аяқталғаны айтылған. Сөздік жанжалдан кейін төбелес шыққан және жолаушы қарсыласын пышақпен жаралаған.
Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оларға автобус ішінде жолаушының жүргізушіге пышақ жарақатын салғаны туралы хабар түскен.
«Оқиға орнына полицейлер дереу келді. Күдікті сол жерде ұсталып, уақытша қамау изоляторына жеткізілді. Жүргізуші ауруханаға түсті. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша тергеу басталды», – деп хабарлады ведомство.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізушіге сол жақ қолтық асты аймағының шаншылып-кесілген жарақаты диагнозы қойылған. Дәрігерлердің айтуынша, пышақ жарақаты жүрекке қауіпті жақын жерге тиген. Зардап шегушінің қазіргі денсаулық жағдайы әзірге белгісіз.
Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын толық анықтау мақсатында кешенді тергеу шаралары жүргізілуде.


