Сіңілімді біреулер аңдып жүрген. Вьетнамда жоғалған Әсемнің жағдайына СІМ пікір білдірді

Oinet.kz 10-03-2026

Вьетнамда Қазақстан азаматы із-түзсіз жоғалып кетті. Оның әпкесі әлеуметтік желі арқылы жұртшылықтан көмек сұрап, 26 жастағы Әсемді табуға жәрдем беруді өтінді, деп хабарлайды Оinet.kz.

image.png

Туыстарының айтуынша, қыз соңғы рет 6 наурыз күні Хошимин қаласында байланысқа шыққан. Сол күні ол Ханой қаласына ұшып барып, Қазақстан консулымен кездесуді жоспарлаған. Алайда әуежайға шамамен 20 шақырым қалғанда Әсем байланысқа шықпай қалған.

Жақындарының сөзінше, жоғалар алдында қыз қатты қорқып жүргенін айтып, өзін біреулер аңдып жүргенін жеткізген.

Бұл жағдайға Қазақстанның СІМ де пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі жоғалған азаматтың туыстарымен байланыста және Вьетнамның тиісті органдарымен бірлесіп іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Қазіргі уақытта оның нақты қайда екені анықталып жатыр. Мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігінің бақылауында», – делінген ресми хабарламада.

Әсемнің отбасы Вьетнамда немесе көршілес елдерде жүрген адамдардан ақпарат болса хабарласуды сұрады. Сондай-ақ олар WhatsApp пен Telegram желілеріндегі туристік және жергілікті қауымдастықтар арқылы да іздеу жұмыстарына көмектесуге шақырды.

Әнұран айтудан бас тартқан ирандық футболшыларға Австралия саяси баспана берді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу