Президент Түркістан облысының әкімін қабылдады
Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасалды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеп, аймақ экономикасының негізгі көрсеткіштері мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Әкімнің айтуынша, өңірдің экономикалық өсімі 113,9 пайызды құраған. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері де айтарлықтай ұлғайып, 1 триллион теңгеге өскен. Өңірге инвестиция тарту бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. 2025 жылы аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылған болса, соның ішінде 1,4 триллион теңгесі – жеке инвестиция. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларға жеткен.
Индустриялық даму көрсеткіштері де оң динамикаға ие. Былтыр жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Бүгінде облыс аумағында 21 индустриалдық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар Turan Special Economic Zone арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 315 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылуда.
Ауыл шаруашылығы саласында да жаңа бастамалар қолға алынған. Атап айтқанда, мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі бағытындағы кластерлік жобалар дамып келеді. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479,5 миллиард теңгеге артады деп жоспарланып отыр.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады. Соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарған. Сонымен бірге еңбекпен қамту шараларына 148 мың адам тартылып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған.
Баяндама барысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу, жол инфрақұрылымын дамыту, газдандыру және елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін тапсырды.


