Вьетнамда жоғалып кеткен қазақстандық қыз табылды
Вьетнамда күмәнді жағдайда жоғалған Қазақстан азаматы табылды.

Әсемнің табылғанын оның әпкесі растады. Қазіргі уақытта қыз полиция бөлімшесінде отыр.
«Ол тірі, бірақ жағдайы алаңдатады. Тергеу жүріп жатқандықтан, әзірге толық мәліметті жариялай алмаймыз. Ең бастысы – оның табылғаны», – деді әпкесі.
Еске салсақ, бұған дейін Әсем Вьетнамда жоғалып кеткен болатын. Ол Қазақстанға қайтып ұшуға дайындалып, бірақ әуежайдағы таблодан өз рейсін таба алмаған. Сол кезде ол екі тәулікке жуық ұйықтамаған және қатты қорқып, өзін біреулер бақылап жүргенін айтқан.
Отбасының мәліметінше, соңғы банктік операция 6 наурыз күні сағат 15:08-де тіркелген, сол кезде таксиге төлем жасалған. Сондай-ақ жоғалар алдында Әсем америкалық әйелмен түскі ас ішкен. Жақындары оның біртүрлі күйде болғанын және сөзі түсініксіз көрінгенін байқаған.


