Атырауда жоғалған отбасының тағы екі мүшесінің мәйіті табылды
Атырау маңындағы Геолог шағын ауданында Наурыз бен Мирамгүлдің денелері табылды. Дереккөздердің мәліметінше, оларды өлтіріп, уақытша баспананың ауласына көмген.

Кеше Сұлтан мен оның әйелі Ақбаян Алматыға жеткізілді. Алматыда Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындап, олардың денелерін бұрын өзі тұрып тұрған Геолог шағын ауданындағы үй ауласына көмгенін айтты.
Бұл ақпараттан кейін Атыраудағы тергеушілер көрсетілген аумаққа барып, қайта тексеріп, екі адамның мәйітін тапты.
Марқұмдардың денесі табылған ауладағы үйде күдікті Сұлтан Сәрсемалиев әйелімен бірге тұрған.
Жоғалған отбасының барлық мүшелері табылды, енді ергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеушілер қылмыстың басқа да мән-жайларын анықтап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, іздестіру жұмыстары желтоқсаннан бері жалғасып келген. Оған полиция қызметкерлері мен Ұлттық гвардия қатысып, жылжымалы штаб ұйымдастырылған. Үй ауласын және оған жақын жерлерді арнайы техника, соның ішінде георадарлар арқылы тексергенімен, бастапқы іздестіру нәтиже бермеген еді.
Ал бұған дейін Жангельдин ауылындағы сарайдан ерлі-зайыптылардың денелері табылған еді.


