Абай Құнанбаевтың үш әйелі туралы не білеміз
12-07-2022
Абай айнасы – рухани кемелдену
ТӨМЕНГІ САТЫ
Әлбетте, фәни өмірді дұрыс түсіне білген Абай тәрізді данышпандар оның заңдылықтарын дұрыс ашып, қиындықтарын тура айтады. Бұл адамдардың жүрек көздері ашылып, тезірек надандық ұйқысынан оянулары үшін керек. Данышпан сөзімен айтқанда, сол кезде жүрекке қайрат бітіп, ұйықтаған ойды түртеді. Ал ақынның өз жұртын жек көргендіктен емес, керісінше, дұрыс жол сілтеу үшін сынағанын естен шығармау керек. Ал өз халқын ақынның қандай жақсы көріп, ол үшін қандай қам жейтінін, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген тебіренісінен - ақ жақсы білеміз.
Абай бабамыз төменгі сатыдағы адамдар өздерінің мүшкіл халдерін түсінуі үшін әуелі оларға мінездеме береді. Адамның мұндай бейшара жағдайға түсу себебін түсіндіріп, салауатты өмір жолын көрсетеді.
Абай ілімі салауатты өмірдің негізі имандылықта деп түсіндіреді. Алла тағала жанды біртіндеп тазартып, Өзіне қайтару үшін оған дене береді. Жан өзіне берілген денені тиімді пайдаланып, өзінің қалау - ниет, құмарлықтарын тежей біліп, белгілі бір арнада ұстап отыруы керек. Бірақ, өкінішке қарай, фәни өмірдің әсерімен тән жанның ықпалынан шығып, жанның өзін басқарып кетеді. Сол кезде адам жетілудің төменгі сатысына түседі. Жан әуелден білімге толы болғандықтан ол адам өміріне керегін біліп, тәнін басқара алады. Бірақ оны фәни өмірдің кірі басқандықтан, материалдық мұқтаждыққа бой алдырып, бұл қасиетінен айырылады. Жаны ұйқыдағы адам өмірдің төменгі деңгейінен шыға алмай қалады. Сондықтан мақсат – көкірекке сәуле түсіріп, ұйқыдағы жанды ояту. Бұл – денсаулықтың іргетасы болып табылатын салауатты өмірдің негізі.
Адамның жетілу жолындағы көтерілетін деңгейі жанының ұйқыдан ояну дәрежесіне байланысты деуге болады. Адамның жаны неғұрлым ояу болса, ол тәнін соғұрлым дұрыс басқарады – рухани деңгейі жоғары болады. Ол үшін рухани білім алып, рухани жолға түсу арқылы көкіректі тазарту керек. Сонда жүректің көзі ашылып, жан оянады. Бұл туралы Абай былай дейді:
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса –
Адамның хикмет кеудесі.
Наданның көңілін басып тұр
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір - ақ шаруасы.
Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай болып сәлдесі.
Малқұмар көңілі – бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем кісі.
(«Көзінен басқа ойы жоқ», 1891 ж.)
Бұл жолдардан білетініміз, жан надандық ұйқыдан оянып, көкірек көзін ашатын болса, оған Хақтықтың (Алла тағаланың) сәулесі түседі. Алла тағаланың сәулесі түскен адамның ой - пиғылы тазарады, сөйтіп ол имандылыққа келеді. Бұл адамның мінез - құлқын, ішкі жан дүниесін тазартады. Сөйтіп адамның кеудесі хикметке толады. Арабтың «хикмет» деген сөзі ақыл, білім, рақымшылық пен махаббат біріккендегі даналық деген ұғымды білдіреді. Бірақ көкірек көзін ашуға надандық бөгет жасап, қараңғылық құрсауынан шығармайды. Сондықтан ондай наданның ойында – шаруа, ал көңілі соқыр молданың мақсаты – мал алу. Сөйтіп, тыңдағыш адам көп болса да, сөз ұғарлық кісі аз.
Абай қырық төртінші қара сөзінде жетілемін деп талаптанған адамға «әуелі көкіректі тазалау керек, онан соң ғибадат қыл» дейді. Сөйтіп адам жетілу жолына түсуі үшін әуелі көкірегін тазартуы керек. Сонда оған имандылық келіп, ғибадат қыла бастайды. Көкірек көзі рухани білім арқылы ашылады. Сондықтан ойшыл оныншы қара сөзінде былай дейді: «Қош, сүйтіп жүріп - ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын, ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды».
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі