Ешкі неге бақырады (аңыз)

Oinet.kz 13-01-2020 1405

ешкі.jpg

Әзелде Алла тағала барлық мақұлықты жаратып, жерге жіберіпті. Жердегі тіршілік қайнаған кезде жан-жануар адамның үстінен шағым айтып, Аллаға келіпті. Алла:

– Неге маңырап кеттіңдер? Не арыздарың бар? – деп сұрайды. Жан-жануар:

– Иә, Алла бәріне ризамыз. Тек сенің орынбасарың адам ғана бізге күн бермейді. Оның ақылы бізден артық. Әбден діңкелетіп өлтіретін болды, – дейді.

– Не боп қалды?

– Адам екі аяғына мініп алып, бір дамыл көрмейді. Үйінің айналасын түгел қоршап, жер-жаһанның шөбін иеленіп, қоятын емес. Жазда қалың шөпті орып алып, қыста жесе де, жемесе де ауласына жинап қояды. Қорасына кіріп кетсең, ұстап алып сабайды. Қамап қойып қинайды. Енді қайда барып жайыламыз? – деп жамырайды. Ұлық Алла:

– Менде мынадай ұсыныс бар. Ақыры адам қора жасап, шөп жинайды екен. Онда сендерді де сол қорада бағып, асырасын. Сендер қыста қиналмай дайын шөпті жеп, жылы жерде жатыңдар. Бірақ адам қарны ашқанда сендерді сойып, азық етсін. Өзара ақылдасып, бір тоқтамға келген соң, шешімдеріңді айтыңдар. Үш күн уақыт берем. Көпке созбаңдар, – дейді.

Жан-жануар түгел ақылдасады. «Ұлық Алла тиімді ұсыныс айтты. Адамның жылы қорасында қыстап шығайық. Дайын шөбін жейік. Есесіне қыста азық іздеп, тау-тасты аралап қаңғып жүрмейміз. Қарны ашса, қалаған малын сойып жесін. Олар аз. Біз көп. Қайбір жеп тауысар дейсің. Осыған келісейік» дейді. Сонда ешкі:

– Жоқ! Мен бұған өлсем де келіспеймін. Өзімді байлатып, бауыздатып қоя алмаспын. Бұл не деген сұмдық, – деп, бір өзі қарсы шығады. Бүкіл мал мен жан-жануар жабылып, оны көндіре алмайды. Межелі күн де жетеді.

Барлығы Аллаға келіп:

– Иә, бәрі келісті. Ұсынысқа ризамыз. Адам бізді бақсын. Қалағанын сойып жесін. Бірақ бұл шешімге ешкі жалғыз өзі бақырып көнер емес. Не істейміз? – дейді. Ұлық Алла:

– Жаяудың шаңы шықпайды, жалғыздың үні шықпайды. Көп қайда болса Құдай сонда! Бір ешкіге бола бәрің азап тартпаңдар. Келіспесе, адам ешкіні бақыртып-ақ соя берсін, – депті.

Ешкіні бауыздар кезде қатты бақырып, шыңғыратыны осы оқиғадан екен. 

(Отбасы хрестоматиясы)

Қауын мен қарбыздың пайда болуы (аңыз)
Жылан неге ирелеңдеп жүреді? (аңыз)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу