Тәкеннің сәлемі. Естелік жазба
Сыртында «Тәкен Әлімқұловтың Бауыржан Момышұлына жазған хаттары» деген таңбасы бар конвертте сарғайған үш-төрт парақ жатыр. Кезінде айшылық алыс жерлерден ұшып жетіп, өз міндетін ойдағыдай атқарып болып, қазір республикалық Орталық мемлекеттік мұрағатынан сая тапқан осынау беттер арқалаған талай сыр бар.
Хаттардың бірі қызыл-қошқыл бояу қарындашпен, екіншісі жай қара қаламмен жазылған. Үшіншісі баяғыша телеграф тәсілімен таңбаланған бір жапырақ қана жеделхат.
Бір айта кететін жәйт, бұлардың бәрі де кезінде Мәскеуден жолданған екен.
Тәкен Әлімқұловтың 1956-1971 жылдар арасында СССР Жазушылар одағы басқармасы секретариатының Қазақ және Қырғыз әдебиеттері бойынша кеңесшісі қызметін атқарғаны мәлім. Демек, аталған хаттарды сонда жүргенде жіберген.
Тәкең алғашқы жазбасында былай дейді:
«Бауке, мына бір хат менің жәшігімде жатып қалыпты.
Кешіре көріңіз. Қайбір жетіскендіктен ұмытшақ болды дейсіз.
Інілік бейілмен – Тәкен. 13-ші қаңтар. 1964 жыл».
Тәрізі, әлдекім Мәскеуден Қазақстан Жазушылары одағының осындағы өкілдігі арқылы Бауыржан Момышұлына хат салған. Сол Тәкеңнің көп қағаздарының ішінде бірталай жатып қалған сияқты. Соны тауып алып қайта жөнелтіп отырған беті. «Кешіре көріңіз. Қайбір жетіскендіктен ұмытшақ болды дейсіз» дегенді оқығанда біздің ойымызға Дүкенбай Досжановтың «Мұхтар жолы» роман-толғауы орала қалып, езуге күлкі үйіріледі. Онда Мәскеуде емханада жатқан Мұхтар Әуезов пен Жазушылар одағында әдебиет кеңесшісі қызметін атқаратын Тәкен Әлімқұловтың кездесулері баяндалатын қызықты сәттер бар еді. Енді осы шығармадан үзінді келтірейік:
«...Жаңылмаса, есінен шықпаса, осы кеш Тәкен Әлімқұлов айналып соғуға тиіс еді, Ысқақ Дүйсембаевқа, Ілияс Омаровқа жазған жауап хаттарда қолына ұстатып заказной етіп салуды тапсырмаса жоғалып кетуі оп-оңай. Әрі күтті, бері күтті, көңілі елегізіп кітап оқуға да құлқы соқпады, ақырында күдер үзіп, шамды өшіріп тарса бүркеніп жатып қалған. Беймезгіл уақытта кезекші дәрігермен ұрысысып, дабырласып, үдере көшіп, қызара бөртіп жетіп кеп тұр. Алда ғана қисығына қыңырайған болымсыз інім-ай деп кейіс білдіріп жатыр бұл, сенің-ақ шаш етек шаруаң қапылады да жатады. Мына қисығыңа қыңыр тартқан мінезіңе келіншегің қайтіп шыдап жүр десеңші.
– Мұха, дұрыспысыз?
– Ойбай, дұрыспын! Дұрыспын!
– Енді қайтесіз, көнесіз, шыдайсыз-дағы. Бұл тіршілікке келіп қалған соң есігін тарс жауып шығып кететін кеңсе емес, өстіп итшілеп, итіс-тартыс болып өтеміз-дағы. Жаман ініңіз Чеховша жазып, жазғанын Платоновша баспаға өткізе алмай ілдалап жүріп жатыр, әйтеуір.
– «Ақбозыңнан» біраз тірі сөз тапқанмын.
– «Біраз» деп кемсіте сөйлеп тұрсыз-ау, Мұха, әйтпесе жылқы мен адам тағдырын қос өрім етіп ұстаған ұрымтал ойлы шығарма деп бағалағам.
– Жұрт па, өзің бе бағалап жүрген?
– Өзім, әрине.
Бұл сөзге Мұхтар күлген жоқ, ойланып қалды. (Мұхтар жолы. Алматы. Жазушы, 1988 ж. 135-б.).
Тәкенннің Баукеңе жіберген хатынан да қазақтың осынау бір дарынды жазушысының ерекше мінезі көрініс береді және өзінің Бауыржан ағасына деген шексіз құрметі мен кіршіксіз пейілі және де онымен тонның ішкі бауындай өте жақын араласқаны айқын көрініп тұр. Ықыласы жіберген жеделхатынан да анық байқалады:
«Шлю вам славному юбиляру, замечательному писателю, бесконечно милому ит дорогому для меня человеку сердечные поздравления и наилучшие пожелания. Ваш Такен Алимкулов.1960 жыл».
Ай-күні көрсетілмеген. Тегінде, Бауыржан Момышұлын елу жасқа толу мерейтойымен құттықтаса керек.
Енді келесі хатқа кезек берейік:
«Бауке!
Москваға тез қайт деген телеграмма алып, асығыс шыққам-ды. Хабарласа алмай да кеттім.
Кеше маған Бек телефон соқты. «Қазақ жазушылары съезге қашан келеді?» деп сұрады. Мен съездің кейінге, 18-майға қалдырылғанын айтқанда ол: «Момышұлы делегаттар ішінде бар ма еді?» деп тағы сұрады. Мен «жоқ» деп қалдым да, бір жаман пиғылмен сұрап тұрғанын сезе қойып: «Ол кісі съезге қонақ ретінде келеді» дей салдым. Тек үрейін ұшырайын деген тентектік еді. Бұның орынды болғаны, не орынсыз болғаны маған қараңғы.
Әнеу күнгі хаттың көшірмесін маған жіберсеңіз қайтеді? Бастықтардың білгені зиян болмас. Өзім төрт-бес күннен кейін екі айлық демалысқа шығам. Дегенмен, хат келсе оны тапсыруға уақыт табам ғой.
Үйдегі әдетім бойынша осы хатты простой қарындашпен жазып отырмын. Бұны кешірерсіз.
Союздың адресі өзіңізге белгілі.
Үйдің адресі былай : Москва, 4-254, Руставели көшесі, 11\9, 2-ші пәтер.
Хош. Тәкен. Наурыздың 21-і, 1959 жыл».
Бұл тұста әңгімені көп созбай, Тәкен Әлімқұлов хатында көрсетілген Александр Бек пен Бауыржан Момышұлы арасының онша оңай болмағанын оқырман есіне сала кетейік.
Баукең 1943 жылы Александр Бектің өзі жөнінде жазылған атақты «Волоколамскі тас жолы» шығармасының «Ұрыс» аталатын екінші повесі қолжазбасы туралы «Знамя» журналының редакциясына жолдаған рецензиясында ондағы бірқатар кемшіліктерді нақты атап көрсете келіп, «Александр Бек – енжар, жігерсіз, мінезі принципсіз, бәлсінгіш адам. Соғыс пен соғыс психологиясы мәселелерінде ақиқатты тануды ақырына дейін іздестіруді доғарып, өзінің әріптестерінің ортасындағы үстірт қараушылардың – тырнақша ішіндегі «кеңесшілердің» ықпалына түсіп, істі жете түсінбей, бірінші повестің жазылу бағыты азимутынан және болашақта жазылатын үш повестің программасынан ауытқып, оның авторлығына күдік туғызушы кейбір журналистердің ортасындағы пыш-пыш өсек-аяң жанына батқандықтан ұсақ сасық намыс пен тоғышарлық эгоизмнің желіне шайқалып, өзінің ішкі «мені» көрініс таппағанына іштей қынжылған бұл пенде нағыз жазушыға тән творчестволық мақтанышты жоғалтып, кейбір мәселелерде жете ұғынбаған ішкі шовинизм опасыздығына дейін құлдыраған» деп... Сондай-ақ: «Бектің ішкі шовинизмі әсер еткен саяси кемшілігі де осында, сондықтан да кейде автордың тітіркеніп, тыжырынуы бой көрсетіп қалады да, ол «мына офицер шеніндегі азиатқа қараңызшы, ол жиырма алты жыл ішінде совет құрылысын, коммунистердің жақсы жауынгер екенін түсінбеген, саяси жұмысты теріске шығарған өгіздей қыңыр, ой-өрісі тар, надан, бейсаясатшыл, бірақ батыл жауынгер деген сияқты түкке тұрғысыз сөздерді айтып, үнемі лағып кететіндей әсер қалдырады»... деп жазғаны белгілі. Мұндайдан кейін автор мен кейіпкер арасындағы ахуалдың қандай деңгейге жететіні өз-өзінен түсінікті емес пе! Жалпы, төрт повестен тұратын «Волоколамскі тас жолы» туындысының өзінен де жазушы мен бас қаһарман ара-қатынасының әуел бастан едәуір күрделі болғаны аян, тіпті, кейде осы екеуара әңгіме қатты ширығып та кетіп отырған.
Александр Бектің екі повесть аяқталғаннан кейін бастапқыда жоспарланған қалған екі бөлімді жазбаймын, оны Бауыржанның өзі-ақ жазып алсын деп қырсыққанынан да «Волоколамскі тас жолын» оқыған адамдар хабардар болар. Бірақ қалың оқырман қауым кейініректе кітап авторы бас қаһарман арасындағы тартыстың бірталай асқынып, екеуін де тұйыққа тіреген кейбір сәттердің бүге-шігесін біле бермес. Ал Тәкен Әлімқұлов хат жазған кез сол ара-қатынастың аса бір ушығып тұрған тұстары болса керек. Бірақ, әйтеуір, «Волоколамскі тас жолында» Александр Альфредовичтің өзі де жазды – келе-келе арада мәміле орнаған. Сөйтіп кітап шықты. Және таңқаларлықтай өте биік деңгейде шықты деуге негізіміз бар.
Бұл тұста, кезінде кім не десе де, әділі керек, Александр Бекке жалғыз Баукең ғана емес, бүкіл қазақ халқы қарыздар шығар деп ойлаймыз. Себебі, «Волоколамскі тас жолын» айдай әлем оқыды. Сол арқылы дүниежүзінің халқы Қазақ деген елді таныды, оның Бауыржан Момышұлындай жаужүрек перзенттері бар екенін білді.
Ал Бауыржан Момышұлы да, Александр Бек те аса дарынды тұлғалар болғандықтан болмыс-бітімдерінің қайшылықты болуы, белгілі бір тұстарда көзқарастарының үйлеспеуі, арадағы түрлі тартыстар кездесуі заңдылық еді.
Мұқаш Қ. Ақ алмас. Бауыржан Момышұлы. Өнегелі өмір, – Алматы: Қазақ университеті. 2016. Ш.70.- 323-326-б.б.
Суретте: Баукең мен Александр Бек және екі офицер блиндажда. 1942 ж.