Қасқырша ұлыған әке
15-07-2022
"Есіктің алдында ала жіп, ала арқан тастап қойсаң аштан өліп бара жатса да қасқырлар қораға шаппайды. Олардың серті сол. Ала жіп аттаса, қасқырлық қасиет кетеді. Алдыңғы жылы қара күзде қорама екі көкжал келді, ала арқанды ары иіскеп, бері иіскеп, аларып, қадалып қарап-қарап тұрып кетіп қалды. жотаға шығып алып таң атқанша ұлып отырып алды, сабаздар"
Есіктің алды ала жіп,
Қарайды қасқыр қадалып.
Ала жіп егер аттаса,
Ар-ұятын тастаса,
Қасқырлық кетер жоғалып.
Иттердің бәрін састырған,
Бұтына төбет шаптырған.
Бұзылмас серті бөрінің,
Ар-ұят үшін бас құрбан.
Ала жіп көрсе қорадан,
Ойланып қалар абадан.
Өз елін өзі тонаған,
Болса ғой сендей көп Адам.
Қасқырдың сертін ұғып көр,
Қасқырдай арлы жігіттер.
Ұлысты тонап бітті ғой,
Бұралқы өңкей ұры иттер.
Арыңды түгел жиғызып,
Арсызды бұтқа сигізіп.
Бөріден жігіт жиғызып,
Атамнан қалған Отанда
Кім салар бүгін Қиғылық?
Отаннан кетіп барады,
Атамнан қалған игілік.
Семізді сойып сұраусыз,
Жүйрікті мініп қыллаусыз.
Ұры иттер өршіп барады,
Қарғыбаусыз, бұғаусыз.
Тонау мен талау айнала,
Күзетпес қотан бір итім.
Атадан қалған ақ дала
Құритын болдың, құритын.
Аңсары жалғыз ар ғана,
Шығып ап жота, айдала
Қасқырлар қашан ұлисың?
Есенқұл Жақыпбеков