Абылай ханның дүниеге келуі
Абылай дүниеге келерде, анасы босана алмай алты күн қиналады.
Əрі-беріден соң жаны ауырғанда:
— О, жаратушы тəңірім ! Жанымды қинамай ал, -деп алты қанат ақ үйдің керегесінен ұстап сілкілегенде, киіз үй шайқалады. Жетінші күні Мəртөбеден үлкен астан шыққан бұрымды Ақай əулие ауылға жақын маңнан түйемен өтіп бара жатып, сол маңдағы кездескен келіншектен:
- Анау алты қанат ақ үй қалай -қалай шайқалады? -деп сұрайды. Жас келіншек иіліп сəлем салып:
- Апа, ниетіңізді періште қабыл етсін, перзент босана алмай жатқан өзіміздей бір келініңіздің жан айқайы,- дейді. Істің жайын ұға сала Ақай əулие түйесін бұрып, алты қанат ақ үйге қарай жүреді. Дауыс жетер жер ара қпшықтық қалғанда, түйесінен түсіп алып, қобызын қолына алып, ақ шанағын сыпырып, "Адыра жаның босасын" деген сарынды тартқанда, үй ішіндегі босана алмай жатқан келіншек бірден сылқ етіп, тəтті ұйқыға кетеді. Мынау сарынды естіген ел Ақай əулиенің жанына жиналып қалады. Əулие ашуланып:
—Ниеттеріңе Тəңірім текті ұл берейін деп тұр, тесіліп неге қарайсыңдар? Тез арада киіз үйге жетпейтіндей етіп, төрт құбыласына от қойыңдар! - деп бұйырды. Ақай əулиенің айтқанын азаматтар бұлжытпай орындады. Арада сүт пісірім уақыт өткенде, шырылдаған нəрестенің ащы дауысы естіледі. Бірақ дүниеге келген перзенттің денесі қан сияқты қып - қызыл болып түседі. Көреген Ақай əулие су тола торсығын түйесінен түсіріп:
- Мынау Түкті баба Шашты Əзіздің басындағы "Жыл бұлақтың тұмбасы", осы суға тұз салып, жұмасына бір рет сəбиді шомылдыра беріңдер:
Арғысын бір жаратушымен,
Ата - бабасының əруағы шешер.
Тұсауын Қызыр кесер,
Ер жетер, бəрі де өтер, - деп ойланып тұрып:
- Мынау перзенттіңнің алдағы ғұмыры,
Бір мүшеге толғанша шет қалады.
Мүшесінен асқанда айналасы өрт болады.
Екі мүшеге толғанда,
Айтқаны серт болады.
Ал тіл тигізіп қол көтерген мерт болады, - деп, дəм ауыз тиместен:
- Қанағатым қанамнан асып түсті, - деп түйесіне мініп, жол жүріп кеткен екен. Ақай əулие Қыпшақтың Шашты атасынан тарайтын Уəли Бекей сұлтанның жалғыз қызы. Ешқашанда тұрмыс құрмаған, атақ -байлықты тəрк еткен, ақ төсекке талақ айтқан, ел аралап, Ұлы Қазақ халқының Тектілерінен қалған насият пен ақиқатын айтқан жан. Ел жиналып, жаңа туған перзенттің атын азан шақырып АҢЫРАҚАЙ қойды. Аңырақай жылына толғанда денесіндегі қып - қызыл терісі түлеп оң иығына, сəбидің алақанындай қызыл таңбаға айналып қатып қалады. Ақай əулиенің айтқаны тура келеді. Аңырақай төрт жасқа толғанда, Қара Қытайдың көрегені Най Жай Суға керуен тартып келген Парсы елінің Жұлдыз қағары көңіліндегі сырдың ұшын ағытып:
Қазақ елінде бір Текті туылды, Шыңғыс қаһандай жеріңді тартып алып, еліңді тентіретіп тынысыңды тарылтатын, кемеліне толмаған перзент көрдім, қазірден қамданбасаң қапыда кетесің. Себебі, Қазақ еліне бірнеше рет жорық жасап, байлыққа кенеліп отырсың. Тектілер "құн кессе, тоғыз" сұрайды, сол уақытта халқың тонның жамауына зар болады, - деп айтқанда, Най Жай Судың түрі қашып:
- Иə, Қазақтың Тектілері кеңірдегімде тұр, кіндігіме түссе, жаһанды жаулап алар едім, -деп түнереді. Сол жылы күз айында Қара Қытайдың мың найзасы жасырын жолмен, түнде жүріп, күндіз тығылып келіп Болжаулы сұлтанның ауылын үрерге итін, сығарға битін қалдырмай үлкенңнен бесіктегі сəбиіне дейін құрбан етеді. Бұл сұмдыққа Қара Қытайдан мың найзаның кеткенін керуеншілер жеткізгенмен, Қанай датқа Арғын аға баласы Нұршайқымен төрт мың қолмен келгенмен ауылды түгел қырып біткен Қара Қытайдың мың найзасымен қанды қырғын басталып, бірінде жіберместен бəрін өлтіреді. Нұршайқы батыр:
Жауға , жалаң қылышқа бүгілмеген белім, келген жолымыз бекер болды ма, - деп жүресінен отыра кетеді. Осы уақытта қырылған ауылға жіті көз жіберіп тұрған Қанай датқа, ауылдың шығыс тұсында лапылдап жанған шаңырақтың алдында төңкеріліп жатқан қазанның қимылдағанын байқайды.
О, Тəңірім ! Арымнан жаным садаға, елімнен жолым садаға, тілеуімізді құрғата көрме, - деп атынан түсіп, төңкерілген қазанды көтеріп қалғанда, еңселі азаматтың кіндігіне жетердей ұраның ішінде екі көзінен от шашқан төрт жасар Аңырақайды көреді. Нұршайқы батырды шақырып:
Сарбаздарды қайтар, елге бара берсін, соңдарынан жетеміз -дейді. Сарбаздар кеткесін . Аңырақайды алып, бір жылқыны сол жерге "Көкбөрінің" рухына құдайы атап, етіп жеті жерге үйіп, Аңырақайды жан баласына көрсетпестен Нұршайқы батыр екеуі Төле бидің "Қосаран" жайлауына тартады. Түн ауып Жеті қарақшы жұлдызы жинала бастағанда, Төле бидің шаңырағына келіп түседі.
- Бұл қайсың, ей? деген қос қызметшісінің басын Нұршайқы батыр шауып түсіреді. Төле би сатырлаған дыбыстан шошып атып тұрады. Бидің бəйбішесі отырар шамына от жаққанда кіріп келген алып денелі Нұршайқыны көргенде талып қалады. Төле би бірден танып, Қанай датқа қабақпен белгі беріп, "өзіңнен басқа жан" бар ма дегенін түсінеді. Ешкім жоғын айтқанда Қанай датқа тонға ораулы Аңырақайды көрсетіп:
- Мынау баланың сүйегін сілкіп, темір етесің, Етін суытып, сіңір етесің, Етек жеңін жинағанша, Ата тегін сұрамайсың. Сұрасаң тіл тартпай, мүрдем кетесің,- деп қылышын қынабынан жартылай суырып, сарт еткізеді. Көпті көрген Төле би бірден түсініп;
- Аузымнан сөз шығарда , ажалым бұрын жетсін - деп Аңырақайды алып қалады. Қанай датқа мен Нұршайқы батыр ешкімнің көзіне түспей кнлген іздерімен кетеді. Төле би Аңырақайдың атын есейіп, атышулы щайқасқа дейін жасырып, "нағашымның баласы, тұлдыр жетім" деп қораштау киіндіріп, елден оқшау ұстап, бірде түйе, бірде жылқы баққызып, аз сөйлейтін жұмбақ жан қып азаматқа айналдырады. Бұл да Тектілердің ел басқарудағы көрегендіктері еді, асыл тұлғаларын дайындаудың жау көзінен таса етіп сан жолдарының бірі еді. Елден де жаудан да таса етіп, сан қилы ұрыс тəсілдерін үйретіп, ұлт құндылықтарын бойына дарытып, алғашқы шайқасқа шыққанға дейін Аңырақайды дала ұрысының барлық тəсілін үйретіп, сонымен қатар он жеті тілді меңгертіп, Төле би көзден жасыру үшін түйеші етіп, Тектілердің аманатын орындап шығады. Аңырақайдың жауына қолданатын бірінші тəсілі, көз ілеспейтін шапшаңдықпен жылан айыр семсерін суырып алып, қос қапталынан келген дұшпанның басын, алша мойныңды талша үзейін, -деп допша қағып түсіретін. Аңырақайдың көзінің өткірлігі сондай , шауып бара жатып жердегі іздің қайда, қалай бұрылғанын білетін елден ерекше қабілеті бар еді. Оң қолында бір өгіздің күші, сол иығында барыстың ұшқыр жанары мен барыстың шапшаңдығы бар еді. Содан жау құдды бір маңдай алды тауға соғылғандай бірден кейін шегінуге мəжбүр болатын.
Түкті баба Шашты Əзиздің басындағы ағып жатқан суы "Жыл бұлақ" деп аталуы, жылына бір рет, сүт пісірім мезгілде, наурыз айының ішінде, аппақ сүтке айналып түлейді екен.
Сыпыра шежіреші Əлиасқар Байғұтұлының өсиетін жеткізген ұлы Ақпантай Байғұтов пен Асан Тұрабаев.