Бір хадистің 40 мағынасы

Oinet.kz 07-01-2020 1208

image.png

Бұрынырақта, жақындарымызбен әңгіме-дүкен құрған бір отырыста, «Мұсылман – мұсылманға айна» деген хадистің мазмұнын талдап едік. Сол кезде шығарған қорытындымыз: 

1. Айнаның міндеті – түзету, яғни мұсылман адам кемшілікті түзетуге міндетті: қолмен, сөзбен және жүрекпен түзету қажет.

2. Айнаға қарап түзелетініміз секілді, мұсылман адам бір-біріне қарап түзеледі.

3. Егер кемшілік көрсек, көз жұма қарауға болмайды. 

4. Жалпы, мұсылман мұсылманға көмектесуі (түзетуі) керек.

5. Айнадан өзіңді көресің. (Проекция заңдылығы...)

6. Айнадағы кемшілік – сенікі. Яғни бауырыңнан байқаған кемшілік – өз бойыңда бар.

7. Мұсылмандардың бойындағы кемшілік – сенің де кемшілігің...

8. Айнада шағылысқан бейнеміздегі кемшілікті түзету үшін: айнаны емес, әуелі өзімізді түзейміз. Яғни бауырыңнан кемшілік көрсең, өз бойыңдағы сол кемшілікті түзеткен дұрыс...

9. Егер өз қателігімізді түзесек – бауырымызға көрсеткен жәрдеміміз.

10. Айнаның үндемейтіні секілді, мұсылман адам, бауырының кемшілігін көрсе, басқалардан жасыруы керек.

11. Басқаларға «айна» болу үшін – өзің айнадай таза болуың керек... 

12. Мұсылман – мұсылманға мұқтаж.

13. Адамның күні – адаммен.

14. Мұсылмандар бір-біріне үлгі болуы керек.

15. Айнаға қарау үшін «көзің ашық» болуы керек: білім, иман, ақыл керек.

16. Айнаны сүртіп тұрған дұрыс – Көңіліңді таза ұста!

17. Айнаға неге қараймыз? Адам баласына сұлулыққа, тазалыққа ұмтылу тән.

18. Айнаға қарағаны сияқты, мұсылман адам өз-өзіне есеп беруі керек.

19. Біз – мінсіз емеспіз, пендеміз.

20. Адам баласы тәубеге, түзелуге ұмтылады, яғни тәубе жасауға  мұқтаж.

21. Айна өзіне шағылысқан кемшілік үшін ешкімді кінәламайды. Сен де өз кемшілігіңді басқадан көрме.

22. Айнаға өкпелейсің бе? Ендеше, басқа мұсылман кемшілігіңді түзетсе, оған өкпелеме.

23. Айнадағы бейнең жақсы болсын десең, өзің жақсы бол.

24. Айнамен ешкім айғайласпайды, яғни бауырыңмен арадағы қарым-қатынас жақсы болуы керек.

25. Айнаны шағып алма: құрастырылса да сызықтары қалып қояды... 

26. «Дос көңілі – шарайна, шағып алма – абайла...» Бір-біріңді аяла.

27.  Мұсыманға мұсылман ғана айна бола алады...

28. Айнаға қарасаң – өміріңнің өтіп жатқанын көресің...

29.  Айнадан өзіңді ғана көресің, ендеше көргеніңді жеке, өзіне ғана айт.

30. Айна – жақсылықты да көрсетеді. Тек кемшілігін байқай бермей, жақсылығын көбірек айтып жүр.

31.  Айна – сенің жақының, жанашырың, мұсылман да сондай болуы керек.

32.  Айнаның болғаны жақсы, яғни мұсылман бауырыңның бар болғаны жақсы!

33.  Айна кемшілігіңді өзгеден жасырады, сен де жасыр.

34.  Бәрі жақсы болса, айнаға қарағанда көңіл көтеріледі. Яғни бауырыңныңның көңілін көтерген жақсы!

35.  Айнаның (мұсылманның, достың) көп болғаны абзал.

36.  Айна ренжітпей (ауыр сөз айтпайды, жарияламайды) түзетеді. 

37.  Айна (яғни әр мұсылман) – сенің ұстазың.

38.  Айна ішіндегі кемшілік айтумен емес, өз бойыңдағы кемшілікті түзетсең ғана кетеді. Ендеше, сөзден гөрі іспен көрсеткен әсерлі.

39.  Айнадағы бейнең – сенің қимылыңды қайталайды. Адамдар да бір-бірін қайталайды: жақсы жақтарын да, нашар жақтарын да. Өзіңе сақ бол! 

40.  Айнаға қарағандағы мақсат – жақсы болу. Яғни, қай жағдайда да, мұсылман адам кемелдікке ұмтылып, Алла разылығын іздейді...

Әрине, аз сөзге көп мағына сыйғызу қасиеті берілген ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бұлай деу арқылы бұдан басқа да мән-мағына көздегені даусыз!...

Алғадай Әбілғазыұлы

Адам (әңгіме)
Күйеуіне бір рет есік қақтырмаған әйел (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу