Адам (әңгіме)
Әкем қайтыс болғасын шешем бір қызық күйге түсті. Өмір бойы барлық нәрсеге ерінің көзімен қарап келген адам қапелімде не істерін білмей қалды-ау деймін. Өзі үндемейтін адам енді мүлде тілден қалды. Тек намаз оқи беретін. Күніне бес уақыт емес, оншақты рет оқитын. Неге екенін сұрасақ, үндемей жымияды да қояды. Қорқа бастадық...
Бір күні дәл бала күнімдегідей тізесіне басымды қойып жатып алдым. Шешем саусағымен шашымды ықыластана салалап отыр.
— Жеңеше, ауылға апарайын ба?
— Жоқ, бармаймын.
— Қыдырбай ағамның үйіне барайық, ендеше. Қыдырбай — шешемнің інісі, ол кезде Мәртөк ауданында тұратын. Басын шайқады.
— Қыздарыңның үйіне алып барайын?
— Керегі жоқ, бармаймын.
— Бір жаққа барайықшы. Сенімен бірге қыдырғым келіп тұр.
— Мені Алматыдағы ағаңның үйіне алып бар, онда. Атамның баласының үйіне.
— Неге? — деппін сасқанымнан.
— Мен оны көре алмай қалатын сияқтымын...
... Ағам әкемнің бірінші әйелінен туған. Ол анамыз бала үстінен қайтыс болып, әкем менің шешеме үйленген. Ағам кемпір-шалдың баласы боп есептелген. Еншісі бөлінбеген екі шал, екі кемпірдің зейнетақысын жалғыз өзі иемденген. Ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс болған. Содан ба, әке-шешемді жүре тыңдайтын. «Жеңеше». Ағам солай дегесін бәріміз шешемізді жеңеше дейтінбіз.
Ағам әкем ауырып жатқанда екі рет келді. Бұрын ондай ауруды кім көрген, сәл қысылған кезінде дереу хабар беретінмін. Ол жетіп келеді.
— Мен өлгенде сен келмей-ақ қой, — деді әкем екінші рет келіп, кетіп бара жатқанда. Бәрібір мені тірілтіп ала алмайсың. Өстіп жүріп жұмысыңнан шығып қаларсың. Кейін қырқыма келерсің.
— Ағам билет алыпты. Келесі аптада келеді, — расында да ағам, әкемнің қырқына келе жатыр еді, — сол кезде ертіп жіберейін сені.
— Е, онда болды. Үндемес аузын қалқалап күліп алды. Бірдеңеге қатты риза болып күлгенде көзі көрінбей кететін.
Ағама звондап айттым. «Осылай да осылай, шешең іздеп жатыр сені». Кенет даусы бұзылған ол менімен асығыс қоштасты.
Әкемнің қырқын өткіздік. — Жеңеше, енді қарайлайтын шалың жоқ. Азатты (Азат — інім) біраз бақтың ғой, өкпесі жоқ шығар. Енді менің қолымда тұр. Не қыдырып қайт, — деді ағам. Шешем күліп, басын шайқады. Үндемес десе, үндемес қой, ләм-мим деген жоқ. Тек мейірлене қарайды.
Әкемнің қайтқанына 98 күн толғанда шешем миына қан құйылып, ауруханада екі күн жатты да, үзіліп кете барды.
...Пандемия басталғалы бері ағама күнде звондаймын. Бүгін де хабарластым. Ағам сол оқиғаны еске алды. Тағы кемсеңдеп тұр. «Қартая бастаған екенсің...». Күлсем де, ішім біртүрлі болып кетті.
...Басқа ешкімді емес, ағамды сонша іздегенде шешемнің қандай күй кешкені жұмбақ. Оны көргенде тағы ештеңе айтқан жоқ. Адам деген жарықтық сезімдердің моласы ғой, айтса, қадірі кетіп қалатын бір сезім болған шығар, иә...
Бауыржан Бабажанұлы