Төркіндеу – қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі

Oinet.kz 27-03-2020 1083

Төркіндеу аты айтып тұрғандай, «төркін» деген сөзден шыққан. Ұзатылған қыздың төркін жұртына арнайы алғаш рет баруы «төркіндеу» деп аталады. Мұндай жағдайда қыздың барлық туған-туыстары оны қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын беріп риза етіп аттандыруға тиіс. Төркіндеу – әр қыздың парызы және ол бір-ақ рет төркіндеп баруға хақысы бар. Төркіндеудің халықтық, дәстүрлік маңызы зор және ол әйелдерге ғана тән ғұрып.

Қазақ салты бойынша ұзатылған қыз бір жыл өткеннен кейін ғана төркініне барып қайтады. Жыл аунамай төркіндеуді жаман ырымға балаған. Ерекше өлім-жітім, той-томалақ, ас бергенде болмаса, жыл толмай төркініне бармайды. Ұзатылған қыздың жыл аунап төркіндеуінің өзіндік жолы, сыры, мәні мағынасы бар.

Төркініне жалғыз күйеу баланы ғана сопитып ертіп баруды ерсі көрген. Қайта сәбиді көтеріп, төркіндесе, әдемі жарастық, жақсы жол болады. Үшеулеп келген күйеу, қыз, жиенге арнап ақ сары бас қой сойып, үлкен той жасап береді. Оларға арнап төс, асық жілік асады. Кетерінде жиенге қырық шыбар тай (кей жерде қырық серкеш) қызына бұзаулы сиыр, күйеуге шапан жауып ат мінгізеді. Қызына әсте сыңар мал бермейді, жағдайына қарай құлынды бие, қозылы қой, боталы түйе, лақты ешкі береді. Онысы «қуыс үйден құры шықпасын», «бала жолы - бал» десе, енді бір жағынан сыңар мал бермеуі - қызымыз сыңар қалмасын, дәні арылмасын, жан жарынан айырылмасын ылғи да жұп жүріп, ұрпақты болсын дегені.

Ал жыл өтпей, уақыт жетпей төркіндетпеуі ұзатылған қыз жат жерге бауыр бассын, үйіне қайта берсе, төсегінен суып қалмасын деп отбасына сүйспеншілігі артсын дегені.

Мұхамеджан-Қарамолда атылды ма?
Бәсіре – бала мерейін өсіреді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу