Әлемдегі ең көне университет: Әл-Қарауин университеті

Oinet.kz 24-09-2020 866

Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең көне университет ретінде кірген Әл-Қарауинды көпшілік біле бермейді. Әл-Қарауин университеті Марокконың Фес қаласында орналасқан.

Әл-Қарауин университінің негізін 859 жылы Қайруан қаласында тұратын көпестің Фатима мен Мириам әл-Фихри есімді қыздары қалаған.

Апалы-сіңілі қыздарға әкесінен көп мұра қалған. Олар бұл ақшаға мешіт салып, оның жанынан медресе ашады. Айта кетейік, бұл әлемдегі көне құрылыстардың бірі. Мешіт жергілікті халық баратын негізгі орындардың бірі болғаннан кейін, оның үстіне Марокко сұлтандарының қолдауына ие болған Әл-Қарауин университеті жылдам дами бастады.

Сондай-ақ, бұл жерде студенттерге грамматика негіздері, шешендік өнер, логика, медицина, математика, астрономия, химия, тарих және география сияқты пәндер бойынша ілім үйретілді. Ал оның кітапханасында құнды қолжазбалар сақталды. Құнды жазбалардың арасында атақты имам Мәлик бин Анастың Әл-Муаттасы, Сират ибн Исхақтың пергаментте жазылған ғазалдары, сұлтан Ахмед Әл-Мансұрдың сыйға тартқан Құран көшірмесі және Мұхаммед Ибн Халдунның кітабының өте ерекше көшірмесі бар.

Білім мен ғылымның ордасына айналған Әл-Қарауин көне мұсылман әлемінің рухани және білім беру ордасына айналды. Оқу орнынан мұсылман әлемінің, жалпы мәдениетінің дамуына үлес қосқан көптеген ықпалды ғалымдар мен діндарлар түлеп ұшты. Олар арасында ислам заң ғылымдарының негізін қалаушы Әбу Имран әл-Фарси, танымал араб географы және жиһангезі Йуханна Лиун әл-Ифриқи ( Joannes Leo Africanus ) бар. Бұдан бөлек университетте христиан дінін ұстанатын ғалымдар, атап айтсақ фламанд филологы, жиһангез Николя Кленард, голланд шығыстанушысы, математик Яков ванн Гол, Рим папасы Сильвестр II білім алды.

Жылдар өткен сайын Әл-Қарауин университеті кеңейіп, бірнеше мәрте қайта салынды. Бір мезетте 22 мың адам сыйып кететтін орын Африкадағы ең үлкен діни мекеме болып табылады. Ыстанбұлдағы Айя София немесе Исфахандағы мешітпен салыстырғанда мұнда өзіндік бірегейлік қарапайым сәулеттік көрініс сақталған. Қарапайым ғана ақ бағандар мен аркалар, еденге жарқыраған кілемдердің орнына ши тоқымалар төселген. Дұға оқу залдары адамдардың жан тыныштығын қалпына келтіру үшін көптеген аркалармен бөлінген. Қатар-қатар қойылған аркалар шексіздікті елестетеді.

Залдың қарапайым сәулеттік көрінісін бұрыштарға ілінген әшекей бұйымдар, кафедаралар мен ішкі аулалар еденіне төселген зертас плиталар, ақ бағандарға салынған бедерлер, ағаш бұрандалар мен өнер туындылары аша түседі. Аулада тұрған жабық әсем дүңгіршектерге субұрқақ орнатылған, ол орынға тәу етушілердің жан тыныштығы мен еркін ойлауына жол ашады.

Әл-Қарауин тек көне оқу орны ғана емес, ол XII ғасырдағы Мағрибтың суретшілік өнерінің қолтаңбасы. Әл-Қарауинды салған кезде қолданылған сәулеттік өнер қайталанбайды және ондағы өнер туындылары басқа ғимараттарда қолданылмаған. Мұндағы барлық декор түпнұсқа болып табылады. Құрылыс салушылар сол кезде әлем архитектурасында танылмаған құрылыс материалдары мен құрылыс салу әдістерін қолданған.

Талас шайқасы
Тақияшының мешіті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу