Тақияшының мешіті
Бұрыңғы заманда Осман мемлекетінде қолдан тоқыған тақияларын сатып, күнін әзер көріп жүрген Ибраһим Чавуш атты кісі өткен екен. Бірақ арманы асқақ болыпты. Оның бар арманы мешіт салып, Жаратқанның разылығына қауышу болған екен. Осы мақсатпен өмір сүріп, әр дұғасында осыны сұрап, әр сөзінде осы арманын тілге тиек етіп жүреді. Шын көңілімен айтқан игі ниетін естігендер байғұсқа жандары ашып, тіпті кейде күліп, келеке етеді. «Байғұс-ау, қандай ақшаңа мешіт салмақсың?» дегендерге: «Аллаһ бергісі келмесе, қалау сезімін бермес еді. Қатты қалап, сұрасаң Аллаһу та’ала тілеуіңді береді!» деп жауап береді екен.
Уақыт зымырап өте береді. Ибраһим қасиетті түннің бірінде ғибадат етіп, дұға етіп отырып ұйықтап қалады. Біраз уақыттан кейін ақ тер - көк тер ішінде оянады. Түсінде нұрлы жүзді мәбәрәк кісі: «Бағдатқа бар, сол жердегі екі шоқ жүзім сенің ризығың, соны жеп қайт!» дейді. Мұның да қайыры бар шығар, деп жолға дайындалады. Таңертеңгісін жолға аттанып кетеді. Апталап, айлап созылған қиын сапардан қажыған ол ақырында Бағдатқа жетіп, бір мейманханаға жайғасады. Қанша шаршап шалдықса да үмітін үзбейді. Сөмкесіндегі қатқан нанын жемекші болып, мейманхана қожайынынан cу сұрайды. Сол сәтте бастырмадағы жапырақтар арасындағы екі шоқ жүзімге көзі түседі. Мұны байқаған қожайын байғұсқа жаны ашып сумен бірге сол екі шоқ жүзімді де үзіп апарып береді. Жүзімдерді жеп болғаннан кейін шаршағанын басып, түсінде айтылғандардың растығына көзі жетіп қайтуға бел буады. Мейманхана иесі жұмыстарын бітірген соң жолаушының қасына отырып, қайдан келіп, қайда бара жатқанын сұрайды. Тақияшы Ибраһим көрген түсін қалтқысыз, әсерлі түрде баяндап береді. Сөзін бітірмей жатып, қожайын қарқылдап күледі:
- Ойпыр-ай, адам деген қайдағы жоқ түске сеніп, осыншама машақатқа түсіп, сонау жерден келеді екен-ау?.. Мен де түсімде үнемі «Ыстанбұлдағы тақияшы Ибраһимның бақшасында құдықтың қасындағы тастың астында көмілген бір текше алтын бар,» – дегенді естимін. Енді мен де сол үшін Ыстанбұлға барайын ба? Екі шоқ жүзімге бола сонша жерден айлар асып келіпсің. Аллаһ өзіңе ақыл мен сабыр берсін, басқа не деймін?!»– дейді. Тақияшы Ибраһим мұны естігенінде абдырап қалады. Қажетті нұсқауды алған болатын. Елге оралғанында айтылған жердегі алтынды тауып, сәулетті мешіт салдырып, «Міне, қатты қаласаң Аллаһу та’ала тілеуіңді береді деген осы!» дейді. 1591 жылы салынған әлгі көрнекті мешіт әлі күнге дейін «Тақияшының мешіті» деп аталады екен. Мешіт салуды мақсат етіп, сол арманымен күйіп-жанғаны соншалық, қарды жағып жіберердей құштарлы қалауы болды. Бұл ғибратты оқиға қандай асқақ болмасын мақсатқа жетуге болатынын, сонымен қатар себептерге жабысып, Аллаһқа тәуәккүл етудің, Аллаһу та’алаға сиынып ықыласпен дұға етудің нендей ғажап нәрселерге қауыштыратынын көрсетіп тұрғандай. Адам тек сұрауды білсе және сұрағанының берілетініне күмән келтірмесе болғаны...
(Тәуәккүл ету: себептерді орындағаннан кейін нәтижесін Аллаһу та’алаға тапсыру деген сөз)