Міржақып Дулатұлы. Қырманға барған қоян туралы әңгіме

Oinet.kz 11-11-2018 1087

Бір мезгілде күн батты. Ауылға жақын жерде қыстыгүні бір қоян тұрақтаушы еді. Түн болды. Қоян бір құлағын көтеріп тыңдап, онан соң екінші құлағын тікшитіп, мұрттарын сипап, танауын тартып, иіскеленіп, артқы аяқтарымен шоңқиып отырды. Біраздан соң қалың қардың үстімен екі-үш секіріп барып отырды да, жан-жағына жалтақтап қарай бастады.

Маңайында қардан басқа һешнәрсе жоқ еді, айдың жарығымен қар жалт-жұлт етіп толқын секілді құбылып жатты. Бұл қоянға үлкен жолдан өтіп, күзді күні егін соққан жерге бару керек еді. Бір мезгілде үлкен жолдың бойында сықырлаған шананың, пысқырған аттың дыбысы естілді. Қоян тыңдап тұра қалды: жүк тартқандар екен. Жағаларын көтеріп, мойындарын бөкебаймен орап, тұмақтарын баса киіп алған кісілердің сақал, мұрт, қас, қабағын қырау ұстаған, беттері де әрең көрініп ауыз-мұрындарынан бу бұрқырап, аттарын айдап ысқырып, аттары да терлеп, терлері қырауланып бусанып келе жатты.

Екі қазақ қатарласып біреуіне екіншісі қалайша былтыр бір атын ұрлатқанын сөйлеп келе жатыр еді. Жүк өтіп кетті, қоян орғып, жолдан өтіп, қырманға қарай жөнелді. Жолда ескі таныстарынан екі қоянға кез келіп, олармен біраз ойнап жүрді де әрі кетті.

Ауылда от сөнген, иттің үргені басылған екен. Жалғыз-ақ бір үйден баланың жылаған дауысы естілді. Бұл да тез қырманға келіп жетті. Мұнда өзінің жолдастарына кез болды. Бәрі ойнап, бидай мен сұлының дәнін жеп түннің жартысын өткізді. Бір мезгілде күн шығыстан бозарып таң көрінді, аспанда жұлдыздар азайып, ауылға да жан кіре бастады, қатындар суға жөнеліп, еркектер жұмыстарына қарап, балалар да жылап шулай бастады. Жүкшілер жолға шығып қалған екен. Біздің қоян қайтадан жүгіріп ініне келіп, екі құлағын арқасына салып, екі көзін бадырайтып ашқан қалпыменен ұйықтап қалды

Ахмет Байтұрсынұлы. Мысық неге пайдасы ең аз мақлұқ?
Қасым Аманжолов. Әлди, әлди, әлпешім!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу