Ахмет Байтұрсынұлы. Жылан тілімен шаға ма, әлде тісімен шаға ма?

Oinet.kz 11-11-2018 757

Бақа-шаян деп үстінде түгі де жоқ, қанаты да жоқ, құр терісі бар мақлұқтарды айтамыз. Бұл мақлұқтар көзге кескінсіз, көңілге сүйкімсіз, түсі суық келеді. Бақа-шаян деп аталатын мақлұқтар: көлбақа, тасбақа, тостаған бақа, кесіртке, жылан. Бұлар адамға залалсыз мақлұқтар. Олар қайта маса, шыбын, көбелек сияқты адамға, малға, егін-пішенге зияны бар мақлұқтарды алып жеп, қыруы себепті пайдасы тиетін мақлұқтар саналады.

Жыландар екі түрлі: біреулері улы, екіншілері усыз. Жыланның қайсысы да болса, тисең шағады, тимесең шақпайды. Абайламай үстін адам я мал басып кетсе, я қастап өзіне тисе сонда ғана жылан шағады. Шаққанда, улысының шаққаны қауіпті – адам болсын, мал болсын улы жылан шаққанда емдетпесе өледі. Усыз жылан шаққанынан қорқыныш жоқ. Ине шаншып алғандай ғана ауырады. Онан басқа түк зияны жоқ. Усыз жыландардың табына жататын – су жыландар.

Жылан айбат шегіп, тілін жалақтатқанға қазақ тілімен шағады деп ойлайды. Онысы дұрыс емес. Жылан тілімен шақпайды, тісімен шағады. Жыланның таңдайында ұзын, өткір екі тісі болады. Тістерінің түбінде у жиылатын қалтасы болады. Тісінің ішінде ұзын бойын қуалаған қуыс өзегі болады. Шаққан кезінде қалта сығылып, ішіндегі уы тістің қуыс өзегімен келіп, тістің кірген жеріне кұйылады. Тісін суырып алады, уы тәннің ішінде қалады. Тезірек ем істемесе, у бойға жайылады. Шаққан адам я мал ісіп-кеуіп өледі.

Сар даладағы жыландар көбінесе екі түрлі: сарыбас жылан, оқ жылан. Сарыбас жыланның түсі сары қоңыр, басында үлкен сары меңі болады. Көбінесе, сарыбас жылан суда жүреді. Сарыбас жыланда у да жоқ, шақпайды да. Оқ жыланның түрі қара сұр жіңішке, тісі улы, адамды да, басқа жандықтарды да шағады. Жыланның кешкі шаққанынан ертеңгі шаққаны улырақ. Үйткені, ертеңгі әзірге уы жинаулы болады, кешке қарай шөп, ол пұлға тісі көбірек тиіп уы азаяды.

Бақа-шаяндар баласын тірі таппайды, жұмыртқа күйінде салады. Жұмыртқасы қабықсыз болады. Көлбақаның баласы өскенінше көп өзгерістерді басынан кешіреді. Қазақтың балық дейтіні бақа баласы. Сонан өзгеріп, өсіп барып бақа болады. Бақа-шаяндар қыс тоңазиды. Жаз жібіп, қайта тіріледі.

Халел Досмұхамедұлы. Сау-саламат болудың басты 13 қағидаты
Халел Досмұхамедұлы. Үстел үстінде жұмыстанудың тәртібін білесіз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу