Халел Досмұхамедұлы. Сау-саламат болудың басты 13 қағидаты

Oinet.kz 11-11-2018 793

1) Үйіңе таза ауа көп кірсін. Күннің сәулесі (шуағы) көп түссін. Саламаттықты сақтау үшін таза ауа, күннің шуағы өте қажет нәрсе.

2) Тұла бойыңды ең болмағанда мойныңды, көкірегіңді арқаңды күнде салқын сумен жуып тұр. Көнбісті боласың. Денеңді таза ұста. Жұмасына бір рет жылы суға шомылып тұр.

3) Жылы мезгілде бос суға көбірек шомыл. Ең артығы күннің шуағынан жылынған суға түсу.

Шомылуға қолайлы уақыт – сәске мен намаздыгер (екінті). Тал түсте күн қызып тұрғанда суға түспе. Тамақтың соңынан тоқ қарынға суға түспе. Қызып, я терлеп тұрып суға түспе, әуелі қызуыңды басып, теріңді кептір.

Шомылардың алдында жалаңаш отырма, терлейсің. Терлеген дене жылдам салқындайды, суық тез тиеді. Чичинсимен басыңды сула да суға түс. Суға жүгіріп келіп қарғып, я секіріп түспе. Өсіткеннен ғана бірқатар адамдар суға кетеді.

Су ішінде бір орында тұрма, отырма. Жүз, жүр. Көбірек қимылда. Су ішінде он-жиырма минуттай (көп болғанда шай ішімнен) артық болма. Дірілдей бастасаң тезірек судан шық. Судан шығысымен әуелі денеңді сүртіп құрғат. Киініп алған соң жылынғанша қыдыр. Жылы, тынық күні судан шыққан соң біраз жалаңаш отыр. Үстіңе күн тиіп тула бойыңды жел қақсын.

Әлсіз, аурудан әбден айықпаған адамға тымық, жылы күні ғана суға түсуге болады.

Суға түсу шарттарын әбден ұғып ал. Осы шарттарды елемегендіктен адам баласы түрлі бақытсыз оқиғаларға душар болады.

Жуынғанда тұла бойдағы кір кетеді. Терінің бітеліп қалған тесіктері ашылады. Адамның терісі көнбісті болып жарайды. Сондықтан жиірек жуын.

Жылы суда кір жылдамырақ ериді. Сабын жылдамырақ көпіреді. Сондықтан салқын судан гөрі жылы су денедегі кірді жылдамырақ кетіреді.

Өте жылы су, әсіресе, күнде жуынғанда адамның қанын тасытып, денесін босатып, нәзіктендіріп жібереді. Бұл есіңде болсын.

Жылы суға, я моншаға түскеннен соң денеңді жаймен бірден салқындатып, суықтан сақтан.

Шомылып шыққаннан кейін үстіңді таза орамалмен (сүлгі), я жаймамен әбден сүртіп құрғат. Денеңді таза ұстау үшін жуынумен барабар іш киімді (көйлек-дамбалыңды) жиі аумастырып тұр. Ең болмағанда шамаң келсе көйлек-дамбалыңды жетісіне бір алмала (аумастыр).

Қара жұмыспен (қол жұмыс) еңбек қылатын адамның екі киімі болуы керек. Күндіз кигенін түнде шешіп жайып, түнде кигенін күндіз жайып алмалау қажет.

Тер, түлеген тері, май, адамның терісінен шыққан басқа зиянды нәрселердің бәрі ішкі киімге сіңеді. Бұ нәрселер тез-ақ шіри бастайды. Шіріктің әсерінен қолтық, башпайлардың арасы секілді орындарға қолаңса, шуаш пайда болады. Шіріктік салдарынан адамның терісі жидіп түлейді, қызыл шақа болады. Түрлі жара түседі.

4) Аузыңды, тамағыңды таза ұста. Ішкен-жеген сайын және де ертеңді-кеш аузыңды тазалап шай. Аузыңды таза ұстасаң, тыныс аурудың көбінен құтыласың.

Тамақ жеген сайын тісіңді масуекпен (тіс тазалағыш) жақсылап тазала. Ең болмағанда тісіңді күнде ертемен бір тазала. Масуектің қылы тым қатты не өте жұмсақ болмасын. Котапершиден жасалған тіс тазалауыш қолдануға жарамайды.

5) Таза ауада (сыртта) көбірек қимылда (жүр, ойна, жүгір тағы тағылар).

6) Өте жылы киінбе. Басыңа жеңілдеу нәрсе ки. Мойныңды ашық ұста.

7) Денеңді тар киіммен, белбеумен, түрлі баумен байлап қыспа.

8) Аяқ-киіміңнің (етігіңнің) ұлтаны табаныңа лайық болсын. Өкшесі жалпақ, аласа болсын. Биік өкше өте зиянды болады.

9) Киімің, әсіресе, шылғауың, байпағың (шұлығың) суланса, шапшаң шешіп тастап, құрғақ киім ки.

10) Өте көп ішіп-жеме. Бұзылған астан, сіңбейтін тамақтан, әсіресе, тәттіден қашық бол. Жас балаға тәтті беріп үйретпе. Асты реттеп ішіп-же. Күніне үш мезгілден артық тамақтанба. Уыттаған тамаққа әуес болма. Жайша даярланған күндік асқа пияз, тұз секілді нәрселерді аса көп салма. Қызыл бұрыш, хрен секілді нәрселерді есіңе салма. Арақ, боза секілді еріткіш нәрселерге жолама. Шикі, шала піскен етті, жемді жеме.

11) Ерте жат, ерте тұр. Оянғасын төсекте тыраңдап жатпа. Оянысымен төсектен тұрып кет. Оянысымен төсекті тастамаған кісі ететін жұмысын көңілді болып бастай алмайды.

12) Кешке ұйықтардың алдында ауыр жұмыс істеп шаршама. Болдырған кісі дұрыстап ұйықтай алмайды.

13) Ұйқы адамға күш жинап, қуат береді. Адамға пайдалы ұйқы – ес-түссіз қатты ұйқы. Түнде ұзақ отырып істеген ми жұмысы адамның ұйқысын бұзады. Адамды ұмытшақ қылады. Сондықтан саулық сақтау ғылымы саған «Ерте жат, ерте тұр. Сонда ғана ұйқы сені тынықтырады» деп бұйырады.

Ұйқының ұзақтығы жасқа қарай түрліше болады. Тәулікке емшектегі балаға он алты -жиырма сағат. Он-он екідегі балаға тоғыз сағат. Боз балаларға – сегіз сағат. Үлкен кісіге -алты-жеті сағат ұйқы керек.

Наша шекпе. Көкнәр (опиум) жеме, диуана боласың.

* * *

Осы «Шәкірттер саулығын сақтау» деген кітапшаны Голландия үкіметінің бұйрығы бойынша білгіш деген доқтырлар жазған екен. Бұл кітапшада мектепте саулық сақтау шарттары үлгі ретінде жазылған. «Мынау зиян, мынау пайда» деп ұстазы шәкіртін үгіттеген түрде айтылған.

«Шәкірттер саулығын сақтау» Еуропа сынында жүлде алған. Шет тілдерге тәржімеленген. Голландия халық ағарту министрлігі барлық мектептерде қолдануға міндет қылған. Біз орысшасынан қазақшаға аудардық. Өзіміздің тұрмысымызға лайықтадық. Біраз мінедік, біраз қосымшалар кіргіздік.

«Шәкірттер саулығын сақтауды» денсаулықты сақтауға үйрететін толық құрал деп түсінуге болмайды. Сонда да осында айтылған шарттар орындалып тұрса, жас буынның таза болып, дұрыс өсуіне едәуір себепкер болар еді.

Қазақ-қырғыз мектептерінде саулық сақтау жұмысының нашар екеніне күйініп, өз тілімізде саулық сақтау туралы ешбір құралдың жоқтығын ескеріп, осы кітапшаны аударып басуды мақұл көрдік.

Мұғалімдерге де, шәкірттерге де пайдасыз болмас деген ойымыз бар.

Халел Досмұхамедұлы.

Ыбырай Алтынсары. Арғыннан шыққан Жәнібек батыр туралы әңгіме
Ахмет Байтұрсынұлы. Жылан тілімен шаға ма, әлде тісімен шаға ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу