Мұхтар Әуезов. Жапония қараңғы, надан күйден қалай айықты?
Япония жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бастады. Бәрінің һәр жерге келгендегі мақсаттары – жалғыз Японияның бақытты болу қамы болды. Сол себепті бұлардың Европа ғылымын біліп алғандары тоқтамастан жеріне қайтып, жиып апарған білімдерін елдеріне егіп отырды. Японияның бір патшалықтың ішіне келіп, оқу оқығандары сол патшалықтың жұрт билеу тәртіптері қандай, шаруаларының қандай түрлері бар, өзге патшалықтармен арасындагы саясат (дипломатия) қандай – солардың һәр тарауынан Японияның гүлденуіне керек бұйымдарды қойын-қоныштарына толтырып әкеліп отырды. Япониядағы һәр бір Европа патшалықтарының іштеріне барған жақсылары, сол патшалықтардағы жақсы қылықтарымен жалғас жүрген қандай міндері бар; солардың жетсек-ау деп жүрген қандай таза, жаңа түрлері бар, олардың бәрінен де толық мағлұматтармен қайтып жүрді. Япония Европа нені істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әрқайсысының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздерінше қолайлы, жақсы дегендерін ғана алатын болды. Бұл турасында Джиснзу Нарусе деген бір профессордың айтқан сөзі бар: «Біз күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайын тұруымыз керек, бірақ ол уақытта өзіміздің жақсымыз да ұмытылмасын», – деген.
Жаңалық бола бастаған соң Японияда һәр түрлі өнерліге, һәр гүрлі білгіштерге мұқтаж болды. Ол мұқтаж адамдары Европада мол. Сол себепті, олар күнбатыстан профессорлар, өнерлілердің шақырып әкеле бастады. Бірақ шеттен келген адамдарға шарт қойып отырды. Ол шарттары: Японияның ұлттығына зиян келтірерлік нәрселерді оқытып жүрген шәкірттерінің жүрегіне сіңірулері, мұндай мінездері байқалған адам болса, қызметтеріне кіргізбеді. Бұл уақытта Японияда жаттан келген профессорлар да, өнерлілер де жоқ деуге болады. 1900 жылдағы есепте Японияда тұрған жат профессорлардың саны он шақты-ақ болған. Бұлардың азаюының себебі – Япония өзінен білгіштер шыта бастаған соң, жат адамдарды да бір-бірлеп шығарып, орындарына өз кісілерін қоя бастауы. Японияның патшасы, министрлері түгелімен білімді адамдар болған соң, бәрінің де жаттан алған жолдары малды-басты аямай, Японияға ғылым, өнер кіргізу. Осы себепті Японияның жас оқығандарының халыққа істейміз деген жақсылық мақсаттары болса, бәріне әлгілер алдымен өздері көмекші болып тілеген жаңалықтарын орнатып беріп отырады. Японияның алға басу жолындағы таты бір көзге көрінген мінездері — басшылары, білгіштерінің арасындағы ұйым, береке. Бұлар біріміздің істемек бір мақсатымыз болса, сол мақсатымыз алдымен патшалықтың күшті болуына зиянды болатын болмасын. Екінші, халыққа ауырлық келтіріп алатын болмасын деп өздеріне шарт қоятын. Осымен бұл күнде Япония тура күшею жолында, ылғи іске жұмылған халық болды.