Ахмет Байтұрсынұлы. Аю туралы не білесің?

Oinet.kz 10-11-2017 784

Аю ет қоректі аңдардың ірісі. Тұлғасы тұтас, аяқтары жуан, мықтыға біткен денесі бар. Құйрығы қысқа, ұзын жүнінен аспайды, сондықтан, сырттан қарағанда, құйрығы тіпті жоқ сияқты көрінеді. Жүргенде адамша, тірсегінен басып жүреді. Табаны адам табаны сияқты. Жәй кезде төрт аяқтап жүреді. Керек орнында адамша артқы екі аяғымен тік те жүре алады.

Аюдың түрлі тұқымдары бар: қара аю, сұр аю, ақ аю, ерінді аю, тау аю және басқалары. Аюдың қай тұқымының да болса жейтін тамағы – шөп, астықтың дәні, ағаштың жемісі, араның балы, құрт-құмырсқа мен хайуандардың еті.

Аюдың зияны малға көп тиеді. Ұсақ мал түгіл жылқы, сиырға да аюдың әлі келеді. Сиырларды сүйретіп, көп жерге дейін апаруға шамасы келеді.

Аю жайшылықта адамға тимейді. Көрген жерде қашады. Қапылыста үстінен шығып қалғанда, адам өзі тиіп жараланғанда я баласын қорғар кезде адамға қауіпті.

Аю баласының көзі туған кезде иттің күшігінің көзіндей жұмық болады. Туғаннан кейін бір айдан соң көзін ашады. Аю көбінесе 2-3 күшік табады. 4 күшік табатындары сирек болады.

Қысты аюлар ұйқымен өткізеді. Үстіне аңшылар келіп қалса, басқа жаулары келсе ғана оянады. Аңшылар аюды қыс кезінде ұйықтаған ұясынан қуып шығарып атып я шаншып ұстайды. Жаз кезінде жемінің жанында бағып отырып я сұлы еккен жерде сұлы ұрлай келгенін аңдып отырып атып алады. Аюды аулаушылардың бұлардан басқа істейтін тәсілдері көп.

Аюдың терісі мен еті үшін аулайды. Аюдың жүні ұзын болғандықтан терісінен жылы бөстектер істеледі.

Аю қазақ даласында жоқ. Ресейдің әр жерінде бар.

Мағжан Жұмабаев бөпесін осылай әлдилеген…
Мұхтар Әуезов. Жапония қараңғы, надан күйден қалай айықты?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу