«Претензия» дегеніміз «дат» емес пе?

Oinet.kz 06-11-2018 669

image.png

Академик-жазушы Ғ.Мүсірепов өз күнделігіне: «Қазақта ең керекті екі түсініктің дәлме-дәл атаулары жоқ: «Благородство», «Претен­зия». Осының өзі терең бір ойлауға жол ашады. Түсініктің атауы болмауы ненің белгісі? Өзі де жоқтың белгісі ме? Олай болмаса керек! Жас ел әзір жақсы-жаманды түгел атап бола алған жоқ» (Мүсірепов Ғ. Тұтқын қыз. Ал., Балауса. 1993 жыл.  430-бет), – деп жазған екен.

Қазақтың сөз байлығын жете меңгерген классик-жазушы «багородство» сөзіне «ақсүйектілік», «зиялылық», «тектілік», «көшелілік», «асылдық», «парасттылық», «ізгі ниеттілік», «қадір-қасиеттілік» сияқты сөздердің бірін, ал «претен­зия» сөзіне «күдік», «күмән», «шүбә», «уәж», «қарсылық» сияқты сөздердің бірін балама етіп алуға болатынын білді, бірақ олардың бірде-біреуінің әлгі сөздердің дәл мағынасын кез келген мән-мәтінде (контексте) ашып бере алмайтынын ескерген болар. Сосын біз де өзімізше іздендік.

Қазіргі кезде қазақта бұрын болмаған-ау деген кейбір ұғымдарға қазақша атау іздестіріп жүргендер көп. Бірақ солардың көпшілігі тіліміздің сөзжасам жүйесінен онша хабардар емес сияқты. Әйтеуір, бұрыннан бір ұғымға телінген сөзге жаңадан қосымша жалғап жаңа сөз жасауға немесе екі түбір сөзді біріктіру арқылы жаңа атаулар жасауға ғана барып, ал тіліміздің жаңадан сөз тудырудағы басқа да амал-тәсілдерінің бар екенін қаперден шығарып алғандай.

«Заболеваемость», «смерт­ность», «рождаемость» сөздерінің қазақшасы қалай болуы мүмкін? Медициналық оқу құралын жазып жүрген бір ғалым-оқытушы келіп, «мен бұларды «аурушылдық», «өлімшілдік», «туушылдық» деп аудардым, сіздер бұған қалай қарайсыздар?», – дегенде, жөпелдемеде не айтарымызды білмей, «құдай-ау, орысша осы сөздердің білдіретін мағына-ұғымдары – түсінікті, қазақшасы да бар секілді ғой, ал мына аудармалар мүлдем қисынға келмей тұр ғой» деп ойға қалдық.. Ақыр аяғында  бір табылса, М.Әуезовтің шығармаларынын  табылар деп «Абай жолын» ақтардық. Сөйтсек, сөз зергері М.Әуезов жаңағы орысша сөздердің қазақшасын «ауру-сырқау», «өлім-жітім», «өсіп-өну» деп қос сөзбен берген екен. Демек, жаңа ұғымға сөздерді қосарлау арқылы атау беру – тіліміздің өзіндік бір ерекшелігі.

Бұндай сөзжасамдық (словообразования) әдіс орыс тілінде жоқ. Мүмкін, Ғ.Мүсірепов атамызды ойландырған «претензия» сөзінің қазақша баламасы жоғарыда аталған сөздердің біреуі де емес, «күдік-күмән» шығар деп ойланып жүретінбіз. Сөйтсек, «претензия» сөзінің қазақша баламасы атам қазақтың тілінде баяғыдан бар екен.

Осы жуырда ғана бір көнегөз қарияның аузынан «Бұл айтқаныма қандай датың бар?» дегенді естіп қалып, осы «претензия» сөзінің қазақшасы «дат» емес пе екен деген ойға қалдық. Сөзіктердің бәрінде бұл сөздің парсы тілінен енгенін көрсетіп, мағынасы – «әділдік сұрау, мұң шағу» деп берген (Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі. Алматы: МТДИ, 2014 жыл, 159-бет//Қазақ сөздігі. Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013 жыл, 352-бет//Қазақтың дәстүрлі атаулары. Алматы: «Арда+7», 2013, 126-бет).

Әлбетте, біздің бұл уәжімізге «дат» келтіретіндердің болары  анық.  Солай болса да, біз осы сөзді «әділдік сұрау, мұң шағу» деген мағынасымен қатар «претензия» сөзінің қазақшасы ретінде де қолдансақ, қалай болар екен!? Тіпті екі мағынасы да қатар бола берсін. Өйткені қай тілде болсын кейде бір атау бірнеше ұғымды білдіреді.

Бейбіт Жәлелұлы

Алаш қозғалысы және діни қызметші Шәймерден Қосшығұлов
Қайырымдылықтың он есе қайтарымы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу