«Молоко» сөзінің түптөркіні - «Мал ағы»!

Oinet.kz 05-05-2020 583

image.png

Облыс деген сөзді аймақ деп ауыстыратын мезгіл әлдеқашан жетті. Дегенмен, бұл істі әліде іске асыра алмай келеміз. Мүмкін ойымыз, түсінігіміз немесе біліміміз жетпейтін шығар. Егер біз аймақ деп өзгертсек Қазақстан бір табан  ұлттық ренге жақындар еді (национальный колорит) Әйтпесе, қайсібір ұлт өкілдерінің айтпайтын сөзі жоқ. Соларға айтарлықтай тосқауыл болар еді. Сонымен қатар, қазіргі кейбір облыс атауларында мәні мен мағынасына және жер-су атауларына қарап қайта атағанымыз жөнге келетін секілді.

Мысалы, былай деп көрсетсек ;

Түркістан аймағы ( Түркістан облысы)

Сырдария аймағы ( Қызылорда облысын Сырдария өзені жарып өтетін болғандықтан)

Жетісу аймағы (Алматы облысы)

Сарыарқа аймағы (Қарағанды облысы)

Ақ жайық аймағы ( Батыс Қазақстан облысы)

Көкшетау аймағы ( Ақмола облысы)

Алтын Алтай аймағы ( Шығыс-Қазақстан облысы)

Атырау аймағы ( Атырау облысы)

Ертіс аймағы (Павлодар облысы)

Қызылжар аймағы (Солтүстік Қазақстан облысы)

Міне осылай жалғаса береді. Осылай етпесек, қайсібір облыс орталығы болып саналатын қалалардың атын тұтас аймаққа көрпеше  секілді керіп тастағанбыз. Шындығында сол аймақтардың халық ауызындағы жер-су атауы көнеден келе жатқан аты болғандықтан жарасымды, әдемі, туған елімізге соншалықты жақын.

Бұл атаулар ел-жұртымыз үшін баға жетпес мақтанышқа айналары анық. Өскемен қаласын алдағы уақытта егер мүмкіндік болса Ертіс немесе Алтай деп өзгертсе, славян жұрты да ештеңе демес еді. Неге десеңіз, Ертіс өзені Ресейді де кесіп өтеді. Ертіс- түркі-қыпшақ сөзі болғанымен олар бұл сөзге ертеден дағдыланған. Алтай сөзінеде солай. Сондықтан, қоңсы ел осы атауға ештеңе дей қоймас. Бұл  әрине, менің өз пікірім. Дегенмен, өз елімізді айналамыздағы жұрттар секілді (Өзбекістан, Түркменістан, Грузия) ұлттық ренге келтіретін уақыт жетті ғой деп ойлаймын .

Молоко сөзі - «Мал ағы» екен

Енді ана тілімізге келейік. Қазақ деген халықтың ана тілі талай мыңдаған жылдық тарихы бар көнеден келе жатқан ұлы тілдердің бірі емес пе?

Кезіндегі Алтын Орда қағанатының (империясының) дәстүрлі сөйлеу және іс жүргізу тілі болған біздің тіліміз, басқа халықтардың да тіліне аса зор ықпал жасаған. Мәселен, солардың бірі – сол, кездегі империяның құрамында болған, солтүстіктегі көршіміздің тіліндегі көптеген сөз қолданыстары – біздің тіліміздегі төл сөздеріміз.

Атақты Дальдің сөздіктерін ақтарып отырсаң, орыстың «молоко» сөзі «мал ағы» деген қыпшақтың сөзінен алынған. Яғни малдың ағы – сүті деген сөз. Сүт деген термин қазіргі біздің тілімізге, өткен ғасырдың 20 – 30 жылдары кірген. Осыған дейін ертедегі қыпшақтың (қазақтың) қарапайым сөзімен «малдың ағы» деген екенбіз.

Көрші халықтың « ура» сөзі – «урах» ( жылнамада қате жазылған сөз) – «аруақ» деп бабаларымыз жауға шапқанда дем беруші, атойлаушы сөзінен алынған. Сонымен қатар, богатырь – батыр сөзінен, деньга – теңге сөзінен, серьги – сырға, далеко - дала сөзінен (алыс, ұзақ деген мағынаны білдіреді), изюм – жүзім, сундук – сандық, калпак – қалпақ, туман – тұман, кирпич – кірпіш, товар – тауар, сарафан – сарапай, чекмень – шекпен, тулуп – тұлып, какошник – қоқрайма (қоқрайтып киіу,орысшасы - женский головной убор), епанча – шапанша немесе шапан, документ-  ой көмек (қыпшақ хандары өз ойлары мен пікірлерін арнайы қырып дайындаған мал терісіне немесе алыстан керуенмен жеткен қағазға жазып отырған, мұны олар «ой көмек» атаған ) - деп тізбектеліп кете береді.

Келтіре берсен өте көп. Сонымен қатар, кезіндегі Алтын Орда империясының құрамында болған әрбір орыс князьдықтары өздерінің шығарған ақшаларына (монета) қыпшақ тілінде жазған екен. Мысалы : «москов акчасы будыр» (орысша аударғанда - «это московская монета») қазақша айтқанда  - «бұл мәскеу ақшасы»- деген сөз. 

Осыншалықты бай тілдік қорымызды кейбіреулер жұпыны деп төмендетіп жатады. Мүлде олай емес. Біздің тіліміз Кеңестік заманға дейін бірнеше ұлы мемлекеттердің, нақтылай айтсақ, Шыңғыс хан құрған және Еуразия жазығында құрылған Алтын Орда империясынан бастап, оған дейінгі және одан кейінгі барлық хандықтардың мемлекеттік тілі болған. Бұл – мақтанатын асыл тарихымыз. Осы арада бір мысал келтіре кетейік;

Атақты Америкалық зерттеуші ғалым Хилда Хуккем Әмір Темір туралы жазған зерттеу кітабында былай деп жазады;

«...Империя Темирлана абсалютно говорила на древнем кипчакском языке, как его предки Чингис хан, и созданная им империя» , - дейді.

Енді түсінікті болу үшін таратып жазайық. Өзбектер мен Ұйғырлар түркі халықтарының құрамына кіргенімен олар карлук тайпасына жатады. Түркімендер, Түріктер, Әзірбайжандар – олар оғыз тайпасы болып есептеледі. Бұлар да түркілер. Қазақтар – қыпшақ тайпасына жатады.

Сонда енді Әмір Темір мен Шыңғыс хан империясы қай тайпаның құрған қағанаттары. Әрине, қазақтардікі болып шығады. Мұны Хилда Хуккем тайға таңба басқандай етіп жазған. 

Осы тілімізге байланысты мысал келтіре кетейін;

Дүние жүзінде ағылшын халқы 60 миллионға жетер – жетпес, бірақ жер шарындағы 7,5 миллиард халыққа ағылшын тілін үйретіп, осы тілде сөйлесуге, жазуға күш салуда. Қандай күрескерлік, ұлы талпыныс десеңші! 

Сондай-ақ, қасымыздағы Өзбекстанда 32 миллиондық өзбектер бір тілде ғана сөйлеп, мемлекеті бір тілде ғана жұмыс істейді. Біз болсақ, өзіміз тұрмақ қасымызда жүрген аз ғана орысты, саусақпен саңарлықтай ұйғырды, татарды, дүңгенді басқа да кішігірім этностарды қазақша осы мезгілге дейін сөйлете алмадық.

Бұл қазекеннің әлсіздігін, екі адамға сөзін өткізе алмайтын жуастығын көрсетпейме.

Сонымен қатар, қыпшақ – қазақтардың тарихтағы ұлы перзенттері Жошы, Бату, Хулагу, Угедей сондай-ақ басқа да көптеген тарихи тұлғаларын өз тілімізде жазғанымыз дұрыс-ау деп ойлаймын. Уақыты келген секілді. Кезінде қытай, орыс және еуропалық жылнамашылар өз тілдеріне жақындатып бұларды әріп қателерімен (грамматическая ошибка) жазды емес пе.

Мысалға айтсақ ; Жолшыны жазғанда  Жошы, немесе Джучи, Батылды олар Бату кейде Батый, Құбағұлды – Хулагу, Үкітайды – Үгедей, Мұқатайды – Мукалай ( қытайды бағындырған батыр), Сүбетайды – Сүбедей (қолбасшы), Төлені – Тулу (Шыңғысханның ұлы) - деп. Осылай тізе берсең жалғасып кете береді. Міне осы қыпшақтың тарихи тұлғаларын өз тілімізде жазсақ. Олар өмірде өз тілдерінде аталды емес пе. Қанша дегенмен, бұлардың түгелі қазақтардың өткендегі ұлы тұлғалары. Мұны біз ғана айтып және жазып қана қоймайық, сіздерде көпшілік болып қолдап, күрескеніміз дұрыс. Мәңгүрттіктіңде шегі болады. Сонда ғана тарихымызды таразылап,тазалап, қалпына келтіріп, дұрыс жолға түсеміз . Егер ойлап қарасақ, қазіргі күндері де өзінің ата – тегін (фамилиясын) бұрынғы орыс тілінде жазып жүргендер жетерлік.

Біз қашанға дейін ұлттық болмысымызды қалпына келтіруді, ана тіліміздің құзырын, құдіретін кеңейтуді және мемлекетімізді ұлттық бояуға кіргізуді сөз бұйдаға салып соза береміз.

Үш ғасыр жауқазын күзеткен сарбаздар

Осы орайда бір мысал келтіре кетейік.

Бұл осыдан бірнеше ғасыр бұрын болған оқиға еді. Ресей империясының билігі әкеден балаға, баладан немереге ауысып, үш ғасыр ұстаған Романовтар тұқымы осы үш ғасырлық оқиғаға орай үлкен той жасайды. Бұл ұлан – асыр тойға дүниежүзінің көптеген мемлекет басшылары шақырылып, мерекенің сәнін келтірген екен. Сондай – бір шақырылған қонақ кезінде, Пруссия мен Германияны біріктіріп, бір мемлекет қылған темірдей Бисмарк болыпты. Бірер күн басқалармен бірге көңіл көтеріп, шаршаңқыраған канцлер қасына өзімен бірге келген дос-жарандарын алып, императордың бір неше гектарға созылған бау-бағын атқа мініп, аралап кетеді.

Бақта қаншама ағаштың түрі, түрлі шөптің хош иісі адамға сезім беріп, сергіткендей болады.

Орманды аралап келе жатқан Бисмарк бір жерден күзетте тұрған екі әскерді байқайды. Қасынан өтіп бара жатып, орман ортасында нені күзетіп тұрғандарын сұрайды.

Олар нені күзететінін білмейтін болып шықты. Тек күнде күзет ауысып тұратынын айтады. Бұған қайран қалған канцлер, серуеннен қайтып келген соң той иесінен орман арасындағы күзеттің не үшін тұрғанын сұрайды. Қызық болғанда, бұларда ол тұралы білмейтін болып шықты. Дегенмен, кейін анықтай келе түсінгендері 2-ші Екатерина патшайым көктем күні ауқымды бақты аралап жүріп, бір жерден жауқазындардың өсіп, гүл жарып тұрғаның байқайды. Сарайдағы дворяндардың балалары үзіп тастамас үшін күзет алдырып, бақылатып қойған болып шықты. Содан кейін қойдырған күзетін ұмытып кеткен ғой. 3 жыл, 5 жыл, 10 жыл, 100 жыл, 300 жыл ! Қаншама уақыт, қаншама буын өтті. Күнделікті бұл жерге келетін күзеттің өзі нені күзететінін де ұмытты. Әйтеуір, осы араға күзет тұруы тиіс. Масқара болғанда, егер сол Бисмарк болмағанда бұл дәстүр жалғаса берер ме еді, қайтер еді!

Менің айтайын дегенім, еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр өтсе де ұлтымыздың ұлық мәселелері осы уақытқа дейін толық шешілмей келе жатқандығы. Сіз болып біз болып және биліктегілер болып, осы бір толғауы жеткен тосулы істерді уақыт өткізбей қалпына келтірсек жұртымызға мың да бір қуаныш болар еді.

Бейсенғазы Ұлықбек

Рухани кемелдену сабағы
Алаяқтық синдромынан құтылудың 7 әдісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу