Алаяқтық синдромынан құтылудың 7 әдісі

Oinet.kz 06-11-2018 628

image.png

Жоғары біліміңіз бар, жұмыс тәжірибеңіз де жақсы. Бірақ сізді мазалайтын кей ойлар бар. Өйткені бүгінге дейінгі жетістіктеріңізді бір сәттіліктің арқасында, сәйкестік нәтижесінде немесе басқа бір себепші арқылы болды деп ойлайсыз, кей нәрселерді тым оңай көріп, жұртты алдаған сияқты сезімде боласыз, бір күні жұрт біліп қалып, бетпердеңіз шешіледі деп ойлайсыз. Бұның аты — Алаяқтық синдромы.

Алаяқтық синдромы деген не?

Алдымен мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз:

Жетістігіңіз сәттілік, дұрыс жер, уақыт немесе бір қателіктің арқасында болды деп ойлайсыз;

«Мен істей алсам, басқалар да істей алады» деп ойлайсыз;

Жұмысыңыздағы кішкентай кемшіліктерді қатты уайымдайсыз;

Кішігірім сынның өзін тікелей сіздің кемшілігіңіз ретінде қатты қабылдайсыз;

Тағы бір жетістікке, табысқа жеткен кезде, тағы да басқаларды алдағандай сезімде боласыз;

Бір күні басқалар сіздің жұртты алдап жүргеніңізді, негізінде соншама қиын жұмыс емес екенін түсініп қалады деп қорқасыз.

Алаяқтық синдромының бір қызық жері — сіз табысты адамсыз. Тек мұны қабылдай алмайсыз. Резюмеңізді қарап тым артық жазғандай көресіз, болмашы нәрселер жазғандай боласыз. Жұрт жақсылығыңызды айтып мақтаса, тым артық артқандай болады.

Бұл синдромның себеп-салдарын анықтап, құтылу жолдарын іздеп көрейік.

Неге бұлай?

Әлемдегі мәселелердің негізі — ақымақтар мен фанаттар өздеріне қатты сенімді, ал ақылдылар күман толы.

Бертран Рассел, ағылшын философы

Психологтардың айтуынша бұның бір себебі: Даннинг — Крюгер эффекті. Яғни ақымақтау адамдардың өз деңгейлерін шынайы бағамдаулары үшін тәжірибелері және біліктілігі жетіспейді. Сондықтан да олар өздерінің кереметтіктеріне аса сенімді, тіпті негізінде олай болмаса да. Ал тәжірибелі адамдар бұрынғы қателерін, кемшіліктерін білгендіктен, сараптай алу қабілеттері болғандықтан өздерінің мүмкіндіктерін төмен бағалайды, тіпті өздерінікі дұрыс болса да. Бәлкім осының салдарынан болар, төмен деңгейдегі немесе интеллекті төмендер жақсы жерде қызмет етеді де, ақылдылар оларға қызыға қарайды?

Жыныстық тұрғыдан қарайтын болсақ, синдром әйелдерде көбірек кезігеді екен. Мұның бір себебі — әйелдің өзін еркектен төмен көруі болуы әбден мүмкін. Бірақ соңғы зерттеулерге қарағанда, табысты еркектерде де бұл синдром байқалады. Өнер адамдарында, ғалымдарда, шығармашылық адамдарында жиі байқалатын құбылыс. Мысалы, Эйнштейн өзін алаяқ сезінген, «неге адамдар мені соншама қатты бағалайды, пәлендей қиын ештеңе ойлап тапқаным жоқ қой» деп.

Отбасы факторы да маңызды. Кішкентайынан ең мықты нәтиже көрсету талап етілген отбасының балалары есейген кезде өз жетістіктеріне сенбейді-мыс. Олардың ойынша біреудің көмегі, жақындардың қолдауы немесе сәтті оқиғаның арқасында болған нәрсе деп қабылдайды. Сондай-ақ кішкентайынан көп сыналатын балаларда да болады. Өскен кезде әр ісінің сыналуынан қорқатын болады.

Қалай жеңуге болады?

1. Мәселені түсініңіз

Алдымен сізде осындай мәселе бар екеніне көз жеткізіңіз. Алаяқтық синдромы байқалатын адамдармен сөйлесіңіз. Пікірталасыңыз. Қолдаңыз бір біріңізді.

2. Сараптама жасаңыз

Жетістік, табыстарыңызды саралап шығыңыз. Шынымен кездейсоқтық немесе сәттілік пе, әлде шынымен өзіңіз қол жеткіздіңіз бе? Ой елегінен өткізіңіз. Батыл болыңыз. Өзіңізге сеніңіз. Өз бағаңызды біліңіз.

3. Кәсібилігіңізді тексеріңіз

Өзіңізден тәжірибелі адамдармен салыстырудың қажеті жоқ. Жас мамандармен, жаңа түлектермен жұмыс істеңіз. Нені жақсы істей алатыныңызды, тәжірибеңізді байқай аласыз.

4. Перфекционист болмаңыз

Әр нәрсенің ең кереметін жасауға тырыспаңыз. Ең мықтысы сіз болу керек деген нәрсе жоқ.

5. Жетістікке қуаныңыз

Болмашы нәрсе, кішкентай жетістік демей әр табысыңызға қуаныңыз. Оны иемденіңіз. Атап өтіңіз. «Жуу» дәстүрін ұстаныңыз. Бұл маңызды!

6. Өзіңізді дамытыңыз

Біліктілігіңізді арттыратын дәрістер алыңыз. Өз салаңыз бойынша білім іздеңіз. Бір нәтижеге жету үшін емес, өзіңізді дамытуға тырысыңыз.

7. Бетпердеңізді шешіңіз

Алаяқ болмаңыз. Маскаңызды шешіп тастаңыз. Жалғыз сіз ғана мұндай емес екеніңізді біліңіз. Батыл әрекеттер қылыңыз.

«Молоко» сөзінің түптөркіні - «Мал ағы»!
Отырысына, тұрысына қарап мінезін байқау
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу