Қос Қожаберген және «Елім-ай» әні туралы
«Елім-ай» əні сөз болғанда көптеген басылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары оны күні бүгінге дейін халық əні ретінде қарап келеді. Бірақ басы ашық, ен-таңбалық бөгенайы анық өнер туындысының Қожаберген жыраудыкі екенінде еш күмəн жоқ. Əпсəна-аңыздарды айтпаған күннің өзінде тасқа басылған тарихи жазбаларда жеткілікті.
Осы орайда ең əуелі ән авторы – Қожабергеннің кім екеніне азырақ тоқтала кетейік. Сосын екінші Қожабергенге аялдаймыз.
Толыбай сыншы Арқадағы Керей руының басшысы, атақты əскер басшысы болған. Сонымен бiрге ол алдағыны болжайтын көреген, адамды да, атты да, құсты да сынайтын сыншы, қара қылды қаң жарған əдiл би, айыр көмей, жез таңдай шешен, ат сүрiнгенше ақыл табатын дейтiн адам болған. Гүлтөбеде көп жылбойы қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының бiрiккен əскерiн басқарып, ордабасы-баһадүр деп атанған. Шешендiгiн, əдiлдiгiн, сыншылдығын кезiнде бүкiл қазақ халқы қадiр тұтқан.
Толыбай сыншыдан – 23 бала туған. Толыбай сыншының ең кенже баласы Қожаберген жыраудың өмiрi жайлы Шаймұрат Смағұлов, Қосыл Омаров, Қаратай Биғожин бастаған қаламгерлер баспа беттерiнде аз жазған жоқ. Белгiлi жазушы Н.Əбуталиев «Ордабасы Қожаберген» атты монография жазып, 1995 жылы «Жетi жарғы» баспасынан кітап етіп шығарған.
Бiр жақсысы, Қожаберген жырау өзінің өмiрдерегін өлеңмен жазып кетіпті. «Елiм-ай» дастанында:
Адам деп өз бойына өнер жиған,
Ел-жұртым деп атайды менi имам.
Жорыққа он жетiмнен араласып,
Болғам жоқ молда, софы, қожа, ишан...
Тiлiне араб-парсы болдым жетiк,
Оны да қолданбадым өнер етiп.
Көршi елге елшiлiкке ылғи барып
Мен жүрдiм қазағыма қызмет етiп.
...
Жорықта 45 жыл ғұмырым өттi.
Орта жас ол да менi тастап кеттi.
Ит қалмақ соғысуға душар еттi,
Болмаса ақсақалдық кезiм жеттi.
...
Жасынан ер жүрегi шерге толған
Халқына қартайғанда қорған болған
Қиналып қысылғанда жыр шығарған,
Керейде Қожаберген бабаң болам, – деген жолдар бар.
Қожаберген жыраудан қалған əдеби мұралар да аз емес. «Елiм-ай!», «Баба тiл», «Ер Көкше», «Еңсегей бойлы Ер Есiм», «Ер Қойлыбай», «Қорқыт баба», «Асан ата» сияқты дастандары, «Ақсауыт», «Ғасыржас», «Дүние», «Жiгiттiк» т.б. толғаулары, «Қарғыс атқан қалмақ-ай!», «Шоңғал, шоңғал, шоңғал тас», «Сылаң Сыр», «Балқан, Балқан, Балқан тау», «Қазақ пен ноғайдың қоштасуы», сияқты өлеңдерi, «Дабыл», «Аңырақай», «Бозайғыр», «Күлдiрмамай», «Сұлама» сияқты күйлерi бар.
Қожаберген жыраудан – 17 бала: Əли, Əди, Əсет, Есет, Əбет, Мəди, Нəби, Науан, Бекет, Ақыл, Ноғай, Мамай, Бағыда, Сағынбек, Бектемiс, Тоқтамыс, Балқан (бəрi де Айша бəйбiшеден туған). Осы 17 баласынан көпшiлiгi қазақ – қалмақ соғысында шəйiт болған. Ең кенже ұлы Балқаннан ғана ұрпақ бар. Балқан батырдың сегiзiншi ұрпағы – 1929 жылы туған Қаражiгiт үш баласымен бiрге Ресейге қарасты Қорған облысының Макушин ауданында тұрады.
Қожаберген туралы сөз болғанда филиология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кəкішұлы «Қожаберген жырау» атты кітапқа жазған алғы сөзінде былай дейді: «Шындығын айтсақ, Қожаберген мұрасын, өмiр жолын ғылыми зерттеу жұмысының жүйелi түрде қолға алынуы елiмiздiң тəуелсiздiгiне қол жеткен кезден басталды.
Осы тұста əдебиетшi – ғалым Төлеш Сүлейменовтың, атырау-лық Нəбиден Əбутəлиевтiң «Сегiз серi» (1991), «Ордабасы Қожаберген» (1995) жинақтарын айрықша еске алу керек. «Елiм-ай» жинағын шығарған Мəдина Дастанованың «Жырлары қазақ жұртын елжiреткен» деген еңбегi де құнды зерттеулердiң бiрi.
Қазақтың əл-Фараби атындағы Ұлттық университетiнiң «Қазақ əдебиетiнiң тарихы мен сыны» кафедрасы жанындағы «Қазақ фольклоры жəне əдебиет тарихы» деп аталатын ғылыми зерттеу тобы 1991 жылдан осы тақырыпта тұрақты жұмыс iстеп келедi. «Қазақ əдебиетiнiң қысқаша тарихы»деп аталатын еңбектiң бiрiншi томында, «Қожаберген жырау (1663-1763 ж.ж.)» атты арнайы тарау берiлiп, Қазақ əдебиетi тарихында тұңғыш рет «Елiм-ай» əнiнiң авторы жөнiнде бiрқыдыру мəлiмет берiлген».
Ғалымның пайымынша: «Қаратаудың басынан көш келедi..» гимнiнiң алғашқы нұсқасы 16 жол көлемiнде 1875 ж. «Записки Оренбургского отдела Императорского русского географического обществаның 3 кiтабының 253 бетiнде жария-ланған екен. Екiншi рет, 1932 ж. «Билер дəуiрiнiң əдебиетi»деген атпен Сəкен Сейфуллин өзiнiң атақты оқулық-хрестоматиясында «Елiм-ай»-ға орын берген, 20 жол. («Қазақ əдебиетi» I-бөлiм, 1932 ж.). Қожаберген жырау туралы Ыбырай Алтынсаринның, Мəшһүр Жүсiп Көпеевтiң, Сұлтанмахмұттың мұраларында да айтылған. Ыбырай 1879 жылы өзiнiң қазақ хрестоматиясында 1896 ж. «Махтубатында» керей Қожаберген жыраудың атын атап, өлеңінен үзiндi келтiрген. Мəшһүр Жүсiп: – «Елiм-ай» əнi менен жыры тағы, шығарған Қожаберген бабаңды сүй, – деп жазған.
Сұлтанмахмұт:
Керейде Қожаберген,
Сегiз өткен
Қазақтың шежiресiн жыр ғып шерткен, – деп жырлаған.
Демек, «Елім-ай» əнінің авторы Қожаберген Толыбайұлы екеніне ешкім көз жұма алмайды.
Десе де, Қожаберген тұлғасына көлеңкелі көзбен қарайтын ағайындар да жоқ емес.
М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне Өнер институтының ғылыми қызметкері С.Қосан «Ғасыр жұмбағы» мақаласында Сегіз серіні жоққа шығарып қана қоймай: «Сегіз серінің атасы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны жасанды дүние, оны өлең деп қабылдау өнердің көркемдік қасиетін терең түсіне алмау» дегенге дейін барған.
Осы орайда Қожаберген жырын кейінге жалғаушылардың бірі болған Сегіз сері (Мұхамедқанапия) Баһрамұлы Шақшақов (1818 – 1854) жəне тағы бір Қожаберген батыр жайында да толғана кетуге тура келдеді.
Сегіз сері төңірегіндегі даулы мəселелер 1979 жылдан бастап ұдайы көтеріліп, содан бері шамамен үш жүздей мақала жарық көрген екен. Нəбиден Əбутəліпов, Төлеш Сүлейменов, Тұрсынбек Кəкішев, Шəмшəдин Керім, Бөрібай Кəртен жəне басқалар қалам тербеген.
Сегіз сері есімі өзінің жасаған əн-күйлері арқылы ғана емес Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ə.Марғұлан, Т.Нұртазин, Ш.Сəтбаева еңбектеріменде белгілі болған. Əлкей Марғұланның «Жұлдыз» журналында «Əнді ерттеп, күйді мінген кемеңгерлер» деген мақаласында Сегіз серінің аты аталса, əйгілі жазушы Ғ. Мүсірепов өзінің «Ұлпан» атты романында: «Бұл келген Керей аталатын көп рулы елдердің аты шулы ақын- əншілері, жыраулары еді. Ақын Шəрке сал, соқыр Тоқжан ақын, Нияз сері, Сапарғали ақын, т. б. Бəрі де атақты – Сегіз сері ақынның мұрагерлері», – деп жазды.
Десе де, Сегіз серінің барынан гөрі жоғын айғақтағысы келген айтқыштар тобы да аз болған жоқ.
Олар төмендегі ақын-жазушылардың айтқандарын да мойындағысы келмейді.
Біржан сал :
Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері,
Солардан үлгі алған мен Біржан сері.
Жетпіс үш мүшеліме толғанымда,
Дүние теріс айнып кетті кері.
Сегіздей асыл адам жаралмайды,
Халқына болып өткен тым жағдайлы.
Керейден жүз мың əйел ұл тапса да,
Ешбірі Сегіз сері бола алмайды.
Жаяу Мұса :
Жігіттер өнер қусаң Сегізге ұқса,
Шəкірті Сегіз сері атым Мұса.
Қазақтың ел қорғаны мақтаныш қой,
Үш жүзде ер Сегіздей көп ұл туса.
Бөлеген күйге Сегіз ой мен қырды,
Төгетін жиындарда асқақ жырды.
Омбыда Мұқарама сұлуға арнап,
Шығарған алғашқы əні «Назқоңырды»
Балуан Шолақ :
... Сегіз серіні көргенім жоқ,
Көрсем де естімей жүргенім жоқ.
Біржаннан қанып оның жолын қудым,
Жақсыны одан артық білгенім жоқ.
Сұлтанмахмұт Торайғыров :
Керейде Қожаберген, Сегіз өткен,
...
Ғ.Мүсірепов:
«Сегіз сері – атақтының атақтысы».
Н.Əбуталиев:
«Мəселен, Қаныштың əкесі туғанда атасы Сəтбай Сегіз серіні əдейі шақырып, баласының атын қойғызған. Сонда Сегіз сері Иманжан деп ат қойып, балаға бата беріпті».
Одан ары қарай – Нұржан Наушабаевтің «Ер Сегіз» поэмасы, Сегіз-серінің өз қолымен жазылған қолжазба шығармасының Қазақстан Ғылым Академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақталғандығы.
Жоғымызды түгендей алмай жүргенде барымызды құртуға еңбектеніп, «Сегіз сері мен Қожабергенді жоғалту кімдерге, неге керек болды екен?!» деген ащы запыран өзекті өртейді. Əлі де «жоғалтулар» керек болса Асан қайғы, Қазтуған бастаған жыраулар жырын да «дəлелі жоқ, ойдан құрастырылған» – дейтін жазғыш-тардың шығуы əбден мүмкін ғой. Өзге ұлт өзінде жоқты ойдан жасап, мақтаныш биігі етіп жатқанда, біздің өзімізді өзіміз жоғалтуымыз əсте тектіліктің белгісі емес. Аталармыздың: «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, тозар елдің баласы бірін-бірі қатын дейді» – дейтін ескі мақалы еске түседі.
Ал, екінші Қожаберген батыр кім?
«Абылай кезеңі – батырлардың заманы» деген сөз текке айтылмаған. Керейден шыққан батырлардың ішінде жоңғар заманында Ер Жәнібектен басқа да көптеген батырлар болған. Соның бірі жоғарыда айтылған «Елім-ай» әнінің авторы ашамайлы керейден шыққан әрі батыр әрі жырау Қожаберген Толыбайұлы болса, екіншісі абақ керейден шыққан батыр Қожаберген Жәнібекұлы (1723-1785). Екеуі де жоңғар заманында бірі қарт, бірі жас батыр болғандар. Араларында 60 жыл айырма бар.
Қожаберген Жəнібекұлы Жоңғар соғысының соңғы кезең-дерінде Абылай бастаған қазақ сарбаздырының ту ұстаушы-ларының бірі болған. Ол да ерлігі арқылы ел аузында аңызға айналған баһадүрлердің бірі.
Батырдың қара шаңырағындағы тіке ұрпақтарының таралуына келсек, Қожаберген – Жандәулет – Асан – Батнас – Кемиек. Кемиектен Нұқтажы, Сембі (Сембі Кемиекүлы 1940 жылдар ішінде Өр Алтай көтерілісіне Қожабергеннің туын көтеріп барған), Тоқсанбай, Боранбай, Мәлік, Әжбан, Қоянбай. Нұқтажыдан – Тұраш, Шатырхан, Жұмаш (Қожабергеннің туы осы шаңырақта)...Жұмаштан – Солдат, Депутат, Озат, Мұрат, Берікбол болып тарайды. (Рахметұлы Шынай құрастырған «Моңғолия қазақтарының ата-тек шежіресі» Өлгей, «Баспагер», 1997ж, 155 бет). Батыр Қожабергеннің ұрпақтарының бір бөлімі монғолияда отырса, бір бөлімі атажұртқа көшіп келген.
Батырдың туының күні бүгінге дейін сақталуы жəне оның мұражайларға алынбауы біраз ой салады.
Ту жəне батыр туралы деректерді Шынжаңда шыққан «Шұбарайғыр шежіресі» (Үрімжі, 2000ж) секілді шежірелік басылымдар тіпті де растай түседі.
Ал Қожабергенді орыс деректерінен іздеген тарих ғалымы Ахмет Тоқтабай былай дейді:
«...1750 жылдардан бастап Жоңғарияның жеңілетініне көзі жеткен Қытай, Қазақия, Ресей арасында жоңғардан босаған жерлер арасында талас басталған, оны тарихшылар «трехсторонное соперничество Китая, Казахии, России о разделе Жунгарии» – деп көрсетеді.
Орыс деректері 1750 жылдың өзінде-ақ Қожаберген бастаған керейлердің Хабарга-Базар (Қарғыба-Базар деген өзен атауы. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында А.Т.) өзеніне жеткенін көрсетеді (Қожаберген батыр, əрі жырау атақты «Елім-ай» əнінің авторы – А.Т). Бұл «Қожаберген жырау» туралы орыс-ша бірден-бір дерек. (Путешествие на озеро Зайсан и в речную область Черного Иртыша до озера Маркакуль и горы Сарытау летом 1863 года Карла Струве и Григорий Потанина. Стр. 507-508.) («Ер Жəнібек» 1 том, Алматы, 2008. 34-35 беттер).
Мұнда айтылған Қожабергенді А.Тоқтабай «Қожаберген жырау» дейді. Десе де мұндағы батырдың екі Қожабергеннің қайсысы екені өте анық емес. Жырау Қожабергеннен көрі батыр Қожаберген болуының негізі басым. Қытай деректеріндеде 1757-1760 жылдарда Абылайдың сауда керуенімен қытайға баратын Қожаберген де осы батыр Қожаберген болса керек. Жыл салыстырмасы бойынша қарағанда да соған тура келеді.
Қалай болған күндеде екі батырдың да өмірде болған адамдар екенін тарихи құжаттар мен олардың ұлардай шулаған ұрпақтары растап отыр.
Ел ішіндегі ескі шежіренің айтуынша Қожаберген батыр мен Әмірсана арасында да біраз хикая бар. Қытай деректерінде Әмірсана мен Қожаберген бастаған қолдың өздеріне бетпе-бет келіп қалғаны туралы жазылған. Қалайда Қожаберген мен Әмірсана арасында достық қарым-қатынастың болғаны шын.
Әмірсананың басына қыспақ түсіп, өмірі қыл үстінде қалғанда Мұлтар (кей деректе Мұнтыр дейді) атты ұлын Қожабергеннің Дүзік атты үшінші әйелінің бауырына салып бергені жайында аңыз бар. Дүзіктен – Шындәулет, Жандәулет, Рыспанбет, Бөгенбай, Меңдібай, Кенжебай атты алты ұл туған. «Кенжебай» деген соңғы ұлдың атына қарап та оның шаңырақтың кенжесі екені бірден аңғарылады. Ал, осы Кенжебайға іні қылып, алты ұлдан кейін Мұлтарды жетінші ұл ретінде асырап алған. Басқалар оны өгейсітпесін деп атын да әдейі «Қазақбай» атап кеткен. Қазақбайдан – Қосан, Жанбол, Бибол атты үш ұл туып, ол да әулетті атаға айналды. Ұрпақтары Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында және бір бөлімі Қазақстанда тұрады.
Осыған орай айтылатын тағы бір әңгімеде керейдің Шеруші атасының Саңырауынан туатын Қайдағұлдың үлкені Есентайға Әмірсананың Даба атты баласын бергені сөз болады. Өз кіндігінен туған бала ма, әлде жамағайын туысының баласы ма? – ол жағы анық емес. Есентай оны өзіне ұл қылып алды ма, әлде баласының бауырына салып немере қылып алды ма, – әйтеуір, осы аттас баланы Әмірсанадан алғаны шын. «Даба» кейіннен «Ақ Даба» аталып, одан кейін қазақтар оны «Лаба» атасып кетіпті. Бұл күнде Лаба (Ақ Даба) да кіндікті атаға айналған.
Тарихи деректерге көз жібергенде екі Қожабергеннің өмірінде кездесетін ұқсастықтар мен бір-біріне телініп жүрген оқиғалар әлі де болса зерттеуді қажет етеді.
Қалай болған күндеде екі батырдың да өмірде болған адамдар екенін тарихи құжаттар мен олардың ұлардай шулаған ұрпақтары растап отыр. Олай болса барымызды бағамдап, батырларымызды дəріптеуден ұтпасақ ұтылмаймыз. Əсіресе «Елім-ай» əнінің Қожаберген жыраудікі екенімен мақтануымыздың еш өрескелдігі жоқ.
Қазақтың байтақ даласының әр бір төбесін күзеткен батырларымыздың сол топырақты жастанып, мәңгілік ұйқыға кеткенін ескерсек, бұл сақ, һұн, түркі дәуірінен қалған ерлік шежіренің жалғасы, құламас ескерткіші. Қазаққа батырлар ешқашан көптік етпейді!
Жәди Шәкенұлы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі