Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі»
Қазақ қоғамына жаңаша оқыту жүйесін енгізе отырып, ежелеусіз төте жазу мен оқуды қалыптастырған қазақтың ғұламасы А.Байтұрсынұлы: «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолмен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын», - деген болатын. Мұсылманша, яғни ескі оқу жолы былай болғаны белгілі: «Әуелі әліпті тегіс жатқа оқытады және де оқытқанда әрбір харфтің өз үнімен оқытпай, әліпбиде қалай аталса, сол атымен әліп, би, ти, си, мим, ха, дал дегізіп оқытады. Соны оқып болған соң астын, үстін, үтірін оқытады. Мұны оқытқанда да харфтің өз дауысын оқытпай … бисын ба, тисын та, сисын са дегізген соң харфтің анық дауысы қалай екенін білмей баланың басы қатады». Міне осы себептен А.Байтұрсынұлы 1910 жылдардан бастап араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, ыңғайластыруды қолға алғаны белгілі және ғалым реформалаған әліпби 1912 жылдардан бастап қолданысқа енді. Сол әліпби негізінде тұңғыш «Әліппе» оқулығы жарыққа шықты. А.Байтұрсынұлының бұл «Әліппесі» сол кезеңдегі қазақ қоғамын сауаттандыру ісінде теңдессіз қызмет атқарған болатын.
Қазіргі таңда А.Байтұрсынұлы «Әліппесін» қайтаруымыз керек деген мәселе көтеріліп жатыр. Өте орынды, себебі бастауыш сынып үшін «Әліппе» оқулығы ауадай қажет. Алайда А.Байтұрсынұлы «Әліппесінің» дәлме-дәл көшірмесін алдағы уақытта жарыққа шығатын «Әліппе» оқулығына икемдеу мүмкін бе деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Біз бұл жерде мына мәселелерге басты назар аударуымыз қажет:
1) А.Байтұрсынұлы «Әліппесі» араб жазуының құрылымы мен ерекшелігіне негізделген;
2) Араб әліпбиінде бас әріп жоқ және баспаша түрі мен жазбаша түрі ұқсас болғандықтан, бұл ерекшелік сөзсіз сол күйінде «Әліппеде» сақталған;
3) Араб әріптерінің сөз басы, сөз ортасы, сөз аяғы және жекеше түрде жазылатын көріністері бар, яғни араб әріптерінің 2 және 4 көріністе жазылатын заңдылығы бар. Осыған сәйкес «Әліппеде» ең бірінші 2 көріністе жазылатын а, р, з әріптері берілген, одан кейін 4 көріністе жазылатын л, с, т әріптерін берген, одан кейін қайтадан 2 көріністе жазылатын о әрпін береді де, қайтадан 4 көріністе жазылатын н, қ, б әріптерін үйретеді. Яғни, әріптердің әріптермен тіркесу (қосылу) қабілеті ескерілген.
4) А.Байтұрсынұлы әліпбиінде бес дауысты дыбыстың ғана таңбасы бар (а, о, ұ, ы, е), қалған төрт дауысты (ә, ө, ү, і) дәйекші арқылы берілетіні мәлім. «Әліппеде» таңбалары бар әріптер бірінші үйретіліп, дәйекшімен берілетін ә, ө, ү, і әріптері соңында берілген.
5) А.Байтұрсынұлы «Әліппені» әр басылымында жетілдіріп, толықтырып отырған. Мәселен 4-ші басылымында қазақтың 28 дыбысына арналған 24 таңбаны үйретіп біткеннен кейін «Өзге тілдердегі дыбыстардың таңбалары» деген тарау беріліп, онда араб әліпбиінен шығарып тастаған 12 таңба мен араб тіліне тән харакат, сукун, тануин, хамза белгілері үйретілген. Ал 7-ші басылымында «Қазаққа басқа тілден қатысқан сөздер үшін алынған дыбыс таңбалары» деген тарау беріліп, онда араб әліпбиінен шығарып тастаған 12 таңба емес, соның 4-еуі (х, һ, ф, ш) ғана үйретілген, яғни бұл төрт таңбаны қазақ жазуына қажет деп танып, іріктеген. Ал харакат, сукун, тануин, хамза белгілеріне мүлде тоқталмаған. А.Байтұрсынұлы әліпбиінде төл сөздерде кездесетін ш дыбысы парсының че (چ) таңбасы арқылы берілгені мәлім. Ал арабтың ш (ش) таңбасы шаһар, шифа, шарбат, х таңбасы хажы, хакім, хүкім, хайуан, хайран, хайыр, хайыршы, хұлық, ф таңбасы офат, файда, фарман, саф, жафа, фақыр, фасық тәрізді араб, парсы сөздерін жазу үшін, ал һ таңбасы аһілеу, үһілеу сөздерімен қатар гауһар, жауһар, һауа, һеш, һәр, һәман, баһа, қаһарман, жаһат тәрізді сөздерді таңбалау үшін алынғаны «Әліппеде» арнайы бөлек көрсетілген.
6) «Әліппенің» 4-ші басылымында үйретілетін 11-ші әріп ретінде ұ таңбасы алынған, ал 7-ші басылымында 11-ші әріп ретінде у таңбасы берілген және 4-ші басылымдағы арұу, азұу, табұу, танұу мысалдарын, 7-ші басылымда ару, азу, табу, тану деп өзгерткен.
7) «Әліппенің» 4-ші басылымындағы и таңбасына қатысты берілген айұу, байұу, тайұу мысалдарын, 7-ші басылымында айу, байу, тайу деп өзгерткен.
8) А.Байтұрсынұлы ы, і дауыстылары «бас буында һәм барша бітеу буында жазылмайды, ашық буында қалмай жазылады» деген принцип ұстанғаны мәлім. Бұл жүйе 4-ші басылымында да (арқ, азқ, қанқ, алтн, салқн, жртқ, жл, жлы, жлқы, үйдң, дәрм т.б.), 7-ші басылымында да сақталған (арқ, қазқ, қабқ, балшқ, ырм, шлм, інм, тс, ісм т.б.). Бұны араб жазуындағы харакат белгісіне негізделген принцип деуге болады, өйткені араб тілінде шешуші нәрсе дауыссыз дыбыстар жүйесі, қысқа дауысты дыбыстар айрықша таңбамен белгіленбей, харакаттар арқылы беріледі.
«Әліппенің» 4-ші және 7-ші басылымдары арабша жазылған түпнұсқадан қаралды.
Қорыта айтқанда, А.Байтұрсынұлы ұзақ ғасырлар бойы орта түркі жазу дәстүрін сақтап келген қазақ жазуын қазақтың ауызша тіліне лайықтаған алғашқы реформатор. Ал араб жазуына негізделген «Әліппедегі» әріптердің ретін алдағы шығатын «Әліппе» оқулығында сақтау, сақтамау мәселесін әдіскерлер талқылай жатар.
Гүлфар Мамырбек
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»
ұлттық ғылыми-практикалық орталығы
«Орфография» басқармасының басшысы