«ОБЛГАИ»-дың бастығы тағы қызметінен босатылды
Жол полициясы басқармасының басынан қиқу кетпейтін болды. «Рейтинг» газетінде бес жылдың ішінде сол басқармада бес рет бастық ауысқанын жазғанымызға көп бола қойған жоқ. Енді, міне, жол полициясының басшылығына бір келіп, бір кетуге әбден әдеттеніп алған Аманқұл Қасымбеков таяуда үйренген жүрісін үшінші мәрте қайталап, тағы да қызметімен қош айтысты. Әдетте «майлы жілік» ұстаған адамның жамбасына жайлы орыннан жылжитыны туралы әуелі сыпсың-сыпсың сөз тарап, артынан ақиқатқа айналатын. Бұл жолы ел «облгайдың» бастығы кезекті рет қызметінен кеткенін кештеу, болар іс болып, бояуы сіңген соң бір-ақ естіді.
Жуырда облыстық прокуратура өткізген жиында жол полициясы тарапынан жіберілген әттеген-ай дегізетін жайттар әшкере болды.Әсіресе айыппұл тақырыбын бөле жарып айтқан жөн.
Биылғы алғашқы жарты жылдықта облыс аумағындағы жүгенсіз жүргізушілерге 175,3 миллион теңге айыппұл салынғанымен, өндірілгені бар-жоғы 52,7 миллион теңге, яғни бюджетке түскені үштен біріне де жетпейді. Жалпы жол полициясының салғырттығынан былтыр 327 миллион теңге, биылғы алты айда 123 миллион теңге айыппұл өндірілмеген. Жүгенсіз жүргізушілердің жол ережесін сақтамай, тайраңдауының бір себебі осы емес пе?
Шымкент қаласының орталық көшелерінде орнатылған фоторадарлар биылғы жарты жылдықтың өзінде 10 және одан да көп жол ережесін бұзған 300 автокөлікті суретке түсірген. Тіпті, кейбір әпербақандар әдейі шектен шығып, жол ережесіне ерегісіп жылдамдықты күшейту арқылы фоторадарларға суретке түсерде біле тұра тілін көрсетіп, саусағын шошайтқан. «ГАИ»-дың кезінде мақтап-мақтап, мемлекеттік қазынадан қыруар қаржы бөлдіріп алдырған қондырғыларының мазаққа айналғанын, қор болғанын қарасаңызшы. Мәселен А080 LSO нөмірлі көк түсті «Дэу Нексия» көлігі 252 рет ереже бұзып, бас-аяғы 5 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалаған. Ереже бұзғыш көлікті тексеру барысында оның тағып алған номері Алматы қаласындағы «Ауди 80» көлігіне тиесілі болып шығыпты. Сонда жол полициясы 252 рет ереже бұзғанға дейін көлікке, көліктің иесіне шара қолданбай, қызметтік тексеру жүргізбей, ай қарап жүрген бе?
Көлігіне тағылған алдамшы нөмірмен жалғанды жалпағынан басып, «алатаяқтыларды» сан соқтырғандар аз емес екен. Солардың бірі, «фотоаппараттың» назарына 30 рет ілініп, 748 440 теңге берешегі бар А150 FCM нөмірлі «Тойота Камри» көлігі ұсталып, автотұраққа жіберілген. Кейіннен анықталғандай бұл көліктің нөмірі де жалған болып шыққан.
Бірақ, жол полициясы осындай жалған нөмірлерді жасайтындарды анықтауға, тиісті жауапкершілікке тартуға асықпағаны таңдандырады. Прокурорлар бұл іске білек сыбана кіріскеннен кейін ғана олар осындай нөмірлерді жасайтын бір азаматты анықтапты. Оның үстінен әкімшілік іс қозғалған.
--Заң бойынша мемлекеттік жалған құжаттарды жасағандарға қылмыстық жауапкершілік қаралған. Ал көліктің нөмірі мемлекеттік құжатқа жатпайды. Сондықтан нөмірді жасайтын азаматтардың үстінен тек әкімшілік іс қозғаумен шектеліп отырмыз. Бірақ, қазіргі уақытта Бас прокуратураға осындай әрекет үшін қылмыстық жаза қолдану қажеттігі жөнінде ұсыныс берудеміз,--дейді журналистерге арнап өткізген брифингте облыстық прокуратурадағы басқарма бастығының орынбасары Батыр Ергешов.
Десек те торға түскендер әзірге тек шабақтар ғана. Ал ереже бұзудан «чемпион» атанып, бірақ әзірге таптырмай жатқандар жетерлік. Мәселен, Х585 CPM нөмірлі «Ауди А6» көлігі 227 рет ереже бұзып, 4,3 миллион теңгені құрайтын айыппұл жинаған. Ал, А009 VYN нөмірлі «Porshe cayene» автокөлігі «фотоаппаратқа» 73 рет «тегін» түсіп, 1,4 миллион теңгесін төлемей кеткен. Қазір фоторадардың назарына 1608 рет ілігіп, 33 миллион теңгеден астам айыппұлдың иесі атанған 55 көлікке іздеу жарияланыпты. Олардың әрқайсысы кемінде 10 реттен ереже бұзған.
Прокуратура 8 қыркүйекте жол полициясы басқармасы қызметкерлеріне 908 рет ереже бұзып, 18 миллион теңгеден астам айыппұл салынған 8 көлікті (барлығының нөмірлері «крутой») анықтауды тапсырған екен. Алайда, «алатаяқтыларда» құлақ жоқ екен, шара қолданбаған. Осыдан кейін әрекетсіздіктен арылмаған жол полициясындағы жауапты қызметкерлердің тәртіптік мәселесін қарау туралы прокуратура ішкі істер департаментіне ұсыныс берген. Ал, жаңадан тағайындалып, жаңа команда жасақтап жатқан облыстың бас полицейі Асқар Оспанов мүмкіндікті мүлт жібермеген сияқты.
Іле-шала облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова:
--Прокуратураның тексеруінен кейін ішкі істер департаменті жедел шара қолданды. Кемшіліктерге байланысты жол полициясы басқармасының бастығы және 7 қызметкер лауазымынан босатылды. Бұдан бөлек 1 қызметкер ішкі істер органдарынан біржолата кетті. Қазір рейдтік шаралар жүріп жатыр. Айыппұлын төлемеген азаматтар анықталып, көліктері айыптұрақтарға қойылуда. Жалпы жыл басынан бері облыс бойынша 11 мыңнан астам жол ережесін бұзу оқиғалары тіркеліп, 320 миллион теңге көлемінде айыпұл салынған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жоғарыдағы айыппұлдың 251 миллион теңгеден астамы өндірілді. Өндіру пайызы 78,1 пайызды құрады,--деп мәлімдеді.
Қасымбековтың жол полициясы басқармасының бастығы қызметінен босатылғаны енді түсінікті болған шығар. Жоқ, қайта түсініксіздеу. Өйткені былтырғыға қарағанда биылғы көрсеткіштің қалыпты, қайта тоғыз айда айыппұл өндіру біршама жақсарғаны байқалады. Жол полициясының бастығы болып былтыр желтоқсанда ғана тағайындалған Аманқұл Қасымбеков қызметінен 17 қыркүйекте босатылып қойған. Ендеше 78,1 пайыз көрсеткіш Қасымбековтың басшылығымен жасалған жетістік пе, әлде прокуратураның пәрменінен кейін оны ішкі істер департаменті бар-жоғы екі аптаның ішінде жасап тастады ма екен? Олай болса, Қасымбековты қызметінен кетіру кімге керек болды?...
Жалпы облысымыздағы жол полициясының бастығы болып келген азаматтардың қызметінде тұрақтай алмауының астарында не бар? Облыстың бас жол сақшысына қатысты шу неге жиі шығады? Қайсыбір жылдары «облгаидың» бастығы болған Қаныбеков пен сол кездегі ішкі істер бас басқармасының бастығы Молдияр Оразалиев арасындағы текетірес әлі ұмытыла қойған жоқ. Сырым Абдуллаев пен Сұңғат Тіленшин де қызметінің қызығын ұзақ көре алмады. Жол полициясында темірдей тәртіп орнатып, алатаяқтылардың екі аяғын бір етікке тыққан Мейрамбек Шәкенов істі болып, орнынан кетті. Жаңа бастық Мұхтар Қожабаевтың қызметке келгенінен кеткені тез болды. Нұрлан Қарабаев Ішкі істер министрлігінің блогына жазылған «домалақ» арыздан шыққан дау-дамайдың нәтижесінде Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің басшылығына ауысты. Енді, міне, Аманқұл Қасымбеков те жылы орнын суытты. Бұдан кейін жол полициясының бастығы болудан гөрі бұл қызметті ұстап тұру қиын ба дерсіз?!
Бақытжан Әбдірашұлы
P.S. Әлденеше рет жол ережесін бұзып, жүз мыңдап, миллиондап айыппұл салынған көліктердің барлығы өте қымбат тұрады. Мұндай көліктің иелері жалғанды жалпағынан басқан бай-бағландар мен шенеуніктер болмағанда кім дейсіз?! Қайсыбір жолы салық органдары көлігіне салығын төлемей жүрген «Джиптердің» нөмірін баспасөзде жариялап еді. Тым шектен шыққан көліктердің, олардың шынайы иелерінің аты-жөндерін баспасөзде жариялау айыппұл мәселесіне шындап кіріскен ішкі істер департаментінің су жаңа бастығы Асқар Оспановтың қолынан келе қояр ма екен?
P.S. Бет қатталып жатқанда облыстық жол полициясы басқармасының бастығы қызметіне Артық Жаппаровтың тағайындалғаны белгілі болды. Ол кезінде аталған басқармада бастықтың орынбасары болып істеген.
Мұрағаттан, 13.10.2011 ж