Шымкентте «Асарда» заңға қайшы әрекетер көп

Oinet.kz 10-04-2019 1343

Screenshot_5.jpg

   «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп шежіре Шәкәрім айтпақшы оңтүстіктегі  оралмандар тақырыбын талқылаған таяудағы  дөңгелек үстел басындағы жиынның жөні бөлектеу болды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, тұрғын үй жөніндегі комиссияның төрағасы Бахадыр Нарымбетов жүргізген бұл «температурасы» жоғары жиын орта жолда тығырыққа тірелген жобаның жай-жапсарын талқылауға арналды. Жоба болғанда да қатардағы жобалардың бірі емес, Елбасының өзі ерекше назар аударып отырған,  көпшіліктің маңдай тері, табан ақысынан құралатын бюджеттің қаржысы көл көсір бөлінген «Нұрлы көш» бағдарламасының пилоттық жобасы. Осы жоба аясында айналдырған екі-үш жылдың ішінде сәні мен салтанаты келіскен «Асар» шағын ауданы Шымкент қаласының шырайын кіргізе түскен ертегідей ғажап, ғаламат қалашық болып бой көтергенімен  әуел баста бағдарламаға аңғармағандықтан ба, әлде бақай есеппен әдейі  ағат қадамға барғандықтан ба әйтеуір бүгінде оңашалау  тігілген отауға оралмандарды қоныстандыру  заң талаптарына қарама-қайшы келіп отыр. Бір кездері шектен тыс пысықайлық танытқан, пенденшіліке ұрынған лауазымды адамдар келте ойластырған қулықтары түптің түбінде тығырыққа тірелетіндерін түсінбегендері өкінішті-ақ. 

       Шымкент қалалық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімі бастығының орынбасары Мақсат Жолдасбеков  «темпертурасы» жоғары әлгі жиында көкейтесті мәселені қозғады. «Асар» шағын ауданындағы бір қабатты тұрғын үйлер  101 шаршы метр,  екі қабатты коттедждер 166 шаршы метр. Ал «Тұрғын үй туралы» Заңға сүйенсек  әр адамға тиесілі тұрғын үй алаңы 15 пен әрі кеткенде 18 шаршы метрден аспауы тиіс. Солай бола тұра пилоттық жобада жазылғандай «Асардан» жер телімін иеленгендер  «Нұрлы көш» бағдарламасына   қатысу құқығын пайдаланса ерлі-зайыптылар,  әлі отбасы құрып үлгермеген жастар бойдақтығына қарамастан   әрқайсысы жеке-жеке баспана алуы заңға сия ма?» дейді ол.  Осындай  мәселе жергілікті атқарушы билікті тығырыққа тіремесе оның бұл сауалды  күн тәртібіне қабырғасынан қоймасы белгілі. Дөңгелек столға шақырылған  прокурор Қуандық Бабанов бұған бірден қарсылық білдіріп, заңға қайшы болатынын қадап айтты.  

- Заңсыздыққа жол берсек, ертең кімдер жауапты болады? Әлбетте тұрғын үй жөніндегі комиссия мүшелері, оның ішінде ең алдымен комиссия төрағасы, яғни мен жауапкершіліктен қашып құтыла алмаймын. Сондықтан заңсыздықтан арашалайтын жалғыз-ақ жол—«Асар» шағын ауданындағы оралмандарға  пилоттық жобаға сәйкес баспана бергенде «Тұрғын үй туралы» Заңның құзыры жүрмейтіні көрсетілген құжат қажет. Осылай істеу  мүмкін бе? Заң менің мойныма балта ұстап тұр. Бір адамға 18 шаршы метрден артық баспана берсем заңның балтасы  басымды шабады. «Нұрлы көш» бағдарламасы заңнан жоғары емес қой, - дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Баһадыр Нарымбетов. 

   Жиында облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясының өкілі Ермахан Әбдраманов та «Асарда» заңға қайшы әрекеттердің көптігін көлденең тартты. Оның сөзіне сүйенсек биыл «Асардан»  отау тігуі тиіс 575 отбасының  әзірге небәрі 138-інің тізімі өткізілген. Осы 138-дің құжатының өзінен шикіліктер шығып жатыр. Бүгінде «Асардағы» үйлерде  адамдар қоныстанып қойғандығы да  заңсыз екен. Ол үйлер құжат жүзінде әлі пайдалануға берілмеген. Ертеңгі күні әлі заңдастырылмаған үйлерде құдай бетін аулақ қылсын, бақытсыз жайттар бола қалса ол үшін кім жауап береді? Құрылысшылар ма, әлде тұрғындар ма? Міне, әлі заңдастырылмаған үйде тұрудың осындай машақаттары жетіп артылады. 

     Облыстық мәслихаттың бір емес бірнеше сессиясында, тұрақты комиссиялардың отырыстарында  «Асардағы» оралмандарға не себепті айрықша артықшылықтардың  қарастырылғанына қатысты желп-желп етіп  қайта-қайта даудың түңлігі түріліп жүр. Бұған дейін де өз пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдарында ашық айтып жүрген депутаттардың бірқатарымен тағы да арнайы жолығып тілдестік. Олар «Асарға» қатысты сыни көзқарастарынан айнымайтынын, қажеттілік туса «бас жаққа дейін барысуға» дайын екендіктерін қадап тұрып айтты. Депутаттардың ой-пікірлері жөнінде  алдағы уақытта бөлек әңгіме қозғайтын боламыз. 

      Тақырыптан ауытқымай дөңгелек үстел басындағы жиынға қайта оралсақ. «Алтын балық» туралы ертегіні  елдің бәріне белгілі. Аңсап оралған атажұртына аяқ басқалы талай жыл өтсе де бас сауғалайтын баспана алу былай тұрсын жер телімінің өзін қанша күтсе де кезегі келмей күдерін үзген оралмандар алыстан менмұндалайтын  «Асар» шағын ауданына қызығып қараған сайын «Алтын балық» еріксіз естеріне түсетінін өз ауыздарынан естідік. Жасырып қайтеміз, үйсіз-күйсіз адам төзгісіз азаппен өмір сүріп  келе жатқан олардың арасында қызығып қарағаннан көрі қызғаныштан іштері оттай жанып жүргендері, оралмандарды көпе көрнеу алалаушылыққа «өкпесі қара қазандай» болғандары  өте көп. Өйткені, облыс орталығындағы атақты «Тұлпар» қалашығында тұратын анау-мынау бай-манаптардыңкінен кем соқпайтын қос қабатты баспанаға қоныстану, оған қоса әрқайсысының есігінің алдында көлемі 300 шаршы метрді құрайтын, әрқайсысына бюджеттен 1 миллион 400 мың теңге жұмсау арқылы салынып қойылған дайын жылыжайдан өнім жинау, табыс табу әркім-ақ армандайтын «Алтын балық». Алайда бүгінде Өзбекстанның белгілі бір өңірінен ғана қоныс аударушыларға қолайлы жағдай туғызылып қойған, дәлірегі  тек алдын ала жасақталған тізімге іріктелгендерге  «Асардан» зәулім баспана иелену бақыты бұйыратындықтан өзге шет мемлекеттерден ат басын бұрған қандастарымыз қанша қызығып қараса да, қанша қызғанып қараса да бәрібір «өгей баланың» күйін кешуден әрі жол жоқ. Неге десеңіз, «Асар» шағын ауданынын өмірге әкелген пилоттық жобаға кімдер қатысатыны мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы көш» бағдарламасының «кіндігін кескенге» дейін күні бұрын шешілген мәселе. Ал еліміздің өзге бірқатар өңірлерінде дәл осындай пилоттық жоба қолға алынғанымен ешқайсысында ешбір шектеу қаралмаған. Ол жақтарда соңғы үш жылда республика аумағына қоныс аударған оралмандардың кез келгені сол пилоттық жобаға қатысуға құқылы. Бір мемлекет, бір бағдарлама, заң да біреу, бірақ әлдекімдерің «айрықша ақылдылығының», «керемет іскерлігінің» арқасында оңтүстікте оралмандарды бөле-жара қараған, алалаған көзқарас қалыптастыру қажет па еді?  Тарқатып түсіндірсек, Президенттің өзінен «бата алған» «пилоттық жобаға Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданында меншік немесе жер пайдалану құқығындағы жер учаскелері бар көшіп келушілер» қатыса алатыны Үкіметтің 2009 жылғы 8 мамырдағы №674 Қаулысымен бекітілген «Нұрлы көш» бағдарламасында  «тайға таңба басқандай» көрсетілген.  Ал пилоттық жобаға қатысатындар бақандай бес жыл бұрын анықталып қойған. Оларға жер телімдерін тарату  сол кезде жүзеге асырылған.  Елбасы мақұлдап, Үкімет бағдарламаны қаулымен бекіткенге дейін-ақ «Асардан» кімдер баспаналы болатыны алдын ала жан-жақты кесіп-пішіліп қойылса, сценарийі қалай өрбитіні белгілі болса, мұндай қадамға бару ертеңгі күні ақталу, қорғану үшін бақай есеппен ойластырылған қадам демеске амалымыз қайсы?  «Асар» шағын ауданындағы заңға қайшы әрекеттер жайлы дөңгелек үстел басында әңгімелердің тиегі бірінен кейін бірі ағытылғанда солардың мүддесін қорғап сөйлеушілердің «бұл Елбасының саясатына, Үкіметтің қаулысына қарсылық білдіру ме?» деп шыр-пырлары шығуы осының айғағы. Елбасының саясаты, Үкіметтің қаулысы қолданыстағы Заңды белінен бір-ақ сызу, былыққа белшеден бату ма екен? Пилоттық жоба Президент саясатын бұрмалау үшін, заңға қайшы әрекеттер жасау үшін  құрылмаған болар. Мұны «Асарға» айрықша артықшылықтар жасауға ерекше еңбек сіңіріп, аспаннан ақша жауғандай күй кештіріп келе жатқан «Корпорация Ақ Орда» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Ибадулла Қалыбековтің түсінбейтіні, бәлкім бәрін біле тұра әдейі түсінгісі келмейтіні қалай? 1 бетке 

Айтпақшы, «Рейтинг»,  «Түркістан» газеттерінде «Асарға» аспаннан «ақша жауса», Жалынға жаны ашитын ешкім жоқ» деген мақала жарияланғалы көп бола қойған жоқ. Таңданарлығы сол бұдан да бөлек бірқатар басылымдарда «Асардың» сынға ілігуіне байланысты ат-тонын бауырына алып тулап, аласұрған, газеттердің бірінде ақылын ашуға жеңдіріп, қызуқандылықпен артық-ауыс пікір білдіріп те жіберген Ибадулла Қалыбековтің Жалын ауылындағы оралмандардың тағдыры туралы мүлде жақ ашпағаны түсініксіз. Ол оралмандардың бәріне бірдей тең қараса, бір-бірінен алаламаса неге бүйтті екен? 

Мұрағаттан, 06.10.2011 ж

Берік Оспанов осалдық танытып жатыр
«ОБЛГАИ»-дың бастығы тағы қызметінен босатылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу