Қамбар Уәлиев. Естелігінен
13-12-2019
Қамбар Уәлиев "Көксерек" фильмі жайлы былай деп сыр шерткен екен:
Шыны керек, кейде осы киноға түскеніме өкінемін. Мен кинодан кейін күлмейтін жанға айналдым. Фильмнің әрбір эпизодын көңілдегідей түсіру оңайға соқпады. Кинода ашуға булыққан Аханқұл бөлтірікті менің қолымнан жұлып алып, атына қарғып мінген сәті естеріңізде болар? Құрмаштың "ағатайлап" шырқырап жүгіргені... Бірақ, оны тыңдайтын Аханқұл қайда? Бөлтіріктің желкесінен ұстап, өзенге атып ұрады. Сол кезде "бөлтірігімді бер, бөлтірігімді қайтар" деп жанұшырған Құрмаш та суға белшесінен батып, күмп ете түседі де, сүйретіле суға малшынған күшігін жағаға алып шығатын жері бар ғой. Мәселен, сол бір ғана эпизодты түсіру үшін, сан рет дубль жасалды. Қанша рет қайталанса, сонша рет суық суға малшындым. Күздің күні. Әр түскен сайын бойым тоңып, қалтырап қалам да, жағада ұзақ уақыт өксігімді баса алмай отырам. Аздап спирт жаққан болады, бірақ, дәл сол қиындықтар бар-жоғы тоғыз жасар мен үшін оңайға соқпады. Сол күндердің зардабын күні бүгінге дейін тартып келе жатырмын. Осыдан екі-үш жыл бұрын төсек тартып жатып та қалдым. Екі аяғым қақсап жанымды жейді. Бірақ, дәл сол кезде "Көксерек" көңілдегідей шығу үшін, менің денсаулығыма алаңдай қойған ешкім болған жоқ...
Әсет Ақмолда