Қайыпбек Қамбаровтан да қайран болмай тұр

Oinet.kz 18-03-2019 1213

Screenshot_9.jpg

Сәйкестік пе, әлде әдейі ұйымдастырылатын қитұрқылық па, әйтеуір саясат пен жанар майдың қазаны бір уақытта қайнайтын әдет пайда болды. Әсіресе, Шымкентте. Елдің есінде болса, бүкіл қазақстандықтар Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауын тыңдауға теледидардың алдына жайғасып жатқанда, шымкенттік кәсіпкерлер облыстық әкімдік ғимаратының алдына жиылып, жанар майға қатысты даудың отын тұтандырған болатын. Енді, міне, мемлекет тағдыры үшін маңызды сайлау науқаны төбе көрсеткен тұста тағы да жанар май тапшылығы жұрттың жағасынан алды. Жұрттың барлығы ұлардай шулап, баспасөз бетінде дабыл қағып жатқанда осы салаға тікелей жауапты облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Дінмұхамед Әбсаттаров ләм-мим деп ауыз ашқанын, баспасөз арқылы жұртты тыныштандыратын нақты жауап қатқанын байқамадық. Рас, жанар май тапшылығының басталғанына екі аптадай уақыт өтсе де оны ел алдына бір шығар, мәселенің мән-жайын түсіндірер деп күткен едік. Алайда, «кешікпей келем деп ең, мен тұрмын елеңдеуменнің» нақ өзі болды. Амал жоқ оны өзіміз іздеуге тура келді. Жұмысына телефон шалдық, хатшы қыз ұдайы «жоқ» деумен болды. Қалта телефонының номерін тердік, көтермейді. Бір тілдесудің сәті түскенде «кейінірек өзім хабарласамын» деп дәмелендіруден әріге аспады. Одан кейінгі қайта іздеу де пайда бермеді. Сонда Дінмұхамед Әбсаттаровтың бұл баспасөз арқылы халыққа түсінік беруден қашқаны ма, әлде «сасқан үйрек артымен сүңгігеннің» кңерін келтіргені ме? 

Д.Әбсаттаровтың бұл бірінші үнсіздігі емес. Қорғасын зауытының басшылығы облыс әкімдігін сотқа бергендігі баспасөздерде баян болды. Сон-а-ау Қызылордадан аттай қалап алдырып, жақсы креслоға жайғастырған тікелей басшысының абыройын қорғауға да атсалысқысы келмегені таңқаларлық екен. Д.Әбсаттаровтың бұл тоңмойындығының сыры неде? «Ертеңгі күні бәрібір елге қайтып кетем, облы әкімі үшін әлдекімдермен айтысып-тартысып қайтем?»деген әдейі әрекет пе? 

Жә, негізгі тақырыптан ауытқымай, алғашқы әңгімемізге қайта оралайық. 

Екі аптадан асып қалды, көлігіміздің «шөлін» басамыз деп Шымкентті шыр айналғанымызбен «тірі» ақшаға жанар май сатып алатын бекет таппай, онсыз да өшкелі тұрған «темір тұлпарымыздың» демін тауысып жүрміз. Қайда барсаңыз да, кімге жалынсаңыз да талонсыз бір литр де бензин жоқ. Ақыр соңында табылған жанар майдың сапасына да, бағасына да қарамастан бакты толтырып алуға тырысасыз. Айтқандай, дәл осы уақытта Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев жанар май бағасының көтерілмейтіні, тұрақты болатынын көгілдір экран арқылы айтып, көпшіліктен сүйінші сұрап жүрген. Ал бұл хабарға шымкенттік кәсіпкерлер пысқырып та қараған жоқ. Антимнополистер де көз жұмып отыра берді.  

  Аты да құлаққа түрпідей тиетін, заты да жаман қояншық деген ауру бар. Онымен ауыратындар ойламаған жерден есін жоғалтып, әп-сәтте аузы көпіріп шыға келеді. Шымкенттің жанар-жағар майы да осы қояншық ауруына шалдыққан іспетті. Аяқ астынан бензин тапшылығы туындап, жүргізушілер абыр-сабыр күйге түседі де қалады. Алайда, мұның себебін білгісі келгендер лабиринтке жолыққандай бітпейтін бұралаңға тап болатынын қайтерсіз. 

Қоғамның тамырын ұстап, сырқатын алғаш болып айтатын журналистер ғой. Бензин тапшылығы ақпарат құралдарындағы қызу тақырыптың біріне айналды. Сонда кім не дейді дейсіз ғой? 

Оңтүстікте бензин тапшылығы сезілсе болды «Оңтүстік жанар-жағар май» ассоциациясының төрағасы Қайыпбек Қамбаровты іздейміз. Өйткені, ол бекеттерде сатылымға шығатын көлік қорегінің «қожайынындай» көрінеді. Оның үстіне ол білдей облыстық мәслихаттың депутаты. Билік пен халықтың арасындағы алтын көпір. Алайда, сол «алтын көпір» халыққа қаншалықты жақын көпір болып жүр?

Қ.Қамбаровтың баспасөзде берген сұхбаттарына қарағанда бұл келеңсіздікке тасымалдаушылар емес, өндірушілер кінәлі екен. Өйткені, Шымкент мұнай өңдеу зауыты бір ай мерзімге жөндеу жұмыстарына жабылған. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты басшыларының уәжі басқа. Зауыттың техникалық директоры Сергей Пилипенконың журналистерге берген мәліметіне қарағанда бұл тапшылықтың зауытқа ешқандай да қатысы жоқ екен. Осыдан кейін кімнің кінәлі екенін «ішің білсін алу-ай».

Оны анықтау, әрине, біздің құзырымыздағы дүние емес. Бір белгілісі Қайыпбек Қамбаров қарашаның соңғы күндерінің бірінде республикалық телеарнаға берген сұхбатында жанар май тапшылығы алдағы бір-екі күнде қалпына келеді деп сеніммен жауап берген болатын. Алайда, бір-екі күн емес, бүгінгі күнге дейін толық шешіле қоймады. Қазірдің өзінде түске дейін жанар құйып алсаңыз алдыңыз, болмаса түс ауа қайта сандалу басталады. Сонда Қ.Қамбаров мырза бұл уәжін қандай негізге сүйеніп айтты? Осыдан кейін оның сөзіне қаншалықты сенуге болады?

Қ.Қамбаровқа халық қана емес, әріптестері де сенімсіздікпен қарай бастағаны ма, қалай? Бұлай күдіктенуіміздің себебі де жоқ емес. Қазір Қ.Қамбаровтың ассациациясынан бөлек «Ынтымақ» деп аталатын қауымдастық құрылыпты. Оның басшысы Арыстанбек Жұмабектің айтуынша, қазір жаңа қауымдастықтың құрамына 80-90-ға жуық жанар май құю бекеттері еніп үлгеріпті. Осындайда «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» деген мақал еріксіз ойға оралады екен.

Еліміздің аумағында мұнай өңдейтін үш зауыт бар болса, оның бірі осы Шымкентте. Өзімізде зауыт бола тұра неліктен жанар май тапшылығына тап болуымыз керек деген заңды сұрақ туындайды. Көршілеріміздегі жағдай қандай? Таныстарымыздан, туыстарымыздан сұрап білгеніміздей, Шымкенттегіден екі-үш есе көлігі көп, көлік қозғалысы басым алматылықтар біздегі жүргізушілердің бастан кешіріп жүрген қиындығының біреуін де сезінбепті. Кез-келген жанар май құю бекеттерінен бензин құйып алуға болады. Бағасында да айырмашылық бар екен. Шымкентте қандай сапада болмасын 106 теңгеден төмен АИ-92 бензинін таппайсың. Ал Алматыдан табуға болады. Қызылордалықтар мен жамбылдықтардың да жанар май жырын біздегідей жырлап жүргенін байқамадық. Сонда не үшін мұнай өңдейтін зауыты бар Шымкентте жанар майдың жыры таусылмауы тиіс. Бұған кінәлі кім? 

Жалпы жанар май төңірегіндегі тірліктің түбіне жету қиын. Жоғарыда айтқанымыздай «лабиринт». Ал жанар май бекеттерін бензинмен қамтамасыз ететін операторларды іріктеуде «қолы күзір» саналатын Қайыпбек Қамбаровтың сөзіне қаншалықты сенуге болады? Тұтас облыс халқы демей-ақ қояйық, өзін сайлаған сайлаушыларын қаншалықты жарылқап жүр екен? Бұл енді өз алдына бөлек тақырып.

 Шадияр Молдабек,

Мұрағаттан, 08.12.2011

Шымкенттегі «Асарда» 890 миллион теңгеге саябақ салынбақ...
Шөкеев тағы бір кадрді Қостанайдан әкелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу