Қамбар батыр шылым шегіп, араққа әуес болған ба?
Қамбар батыр темекі шегіп, бұзақы болған екен. Иә, кітап беттерінде осылай берілген. Бұл қателіктер қашан түзеледі? Олқылықты кім реттейді? Мәселенің мән-жайын «Евразия» арнасына сілтеме жасаған Oinet.kz порталы жазды.
«2012 жылы «Мектеп» баспасынан Қазақ әдебиеті кітабы басып шығарылып мектептерге бағыт алады. Мұның ішіндегі Қамбар батыр деген жыр ата-аналардың наразылығын тудырған. Себебі онда батыр шылым шегеді, ал Назым арақ-шарапты сандығында сақтайды деген жолдар болған. 2013 жылы баспа мұны өзгертеді де қайтадан шығарады. Ішінен Назым арақ-шарап тастайды деген жолдарды алып тастаған. Балалар 2018 жылға дейін осы кітаппен оқыған. Бірақ мән берсеңіздер Назым ерсі қылығын қойғанымен Қамбар батыр шылымын шегіп жүре берген екен.
Бекжан Әбдуәлиұлының айтуынша, Кеңес Одағы тұсында «Қамбар батыр шылым шеккен, Назымға арақ дайындаған» деп жырлаған біреудің сөзі қағазға түскен. Кейін ол «Бабалар сөзі» жинағына еніп кеткенге ұқсайды. Міне, мәселе осыда.
«Шылымын шегіп тұрады деген жолдар бар. Бұл қарасаңыз құстардың бәрін қырып тастап маңдайының терін сүртіп, шылымын шегіп тұр. Ол заманда шылым деген қайда?! Қазақтың ұғымында жоқ дүние. Екінші бір адамның жанына бататыны халықтың аялағаны Назым «Арақ пенен шарапты, сандыққа салып сақтады, бөтелкеге ашытып. Қайтқанда Қамбар ішсін деп» дейді. Сонда халықтың сұлу жаңағы браконьер Қамбарды шақырып алып арақ беріп, ішкен соң не болды енді?!», - дейді филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы.
Ұзақ жыл бала оқытып келе жатқан Гүлнәр Берекетованың айтуынша, ондай жолдардың кездескені жалған ақпарат емес. Бірақ білікті мамандар «біз жырдың басқа қырын насихаттауға тырысып бақтық» дейді.
«Бұл ата-бабамыздан келе жатқан жыр ғой. Бізді батырлыққа, бірлікке үндейтін жыр. Осындай ұлттық бағытта, ұлттық рухта тәрбиелейтіндей, мысалы мен өзім солай сабақ бердім. Балаларды солай тәрбиеледім», - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнәр Берекетова.