Заря ЖҰМАНОВА. КҮЛӘЙША, РОКФЕЛЛЕР ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Oinet.kz 08-09-2020 1144

Байлық.jpg

Әжем осы Күләйшаны алғаш көргенде:

– Құдаша-ау, ауылдан қашан келдің? Құда-жекжаттар қалай, тың ба? Мал-жандарың аман ба? -деп сұрағыштап отырған. Жалғыз келіні, яғни менің шешемнің жақын сіңлісі деп ойласа керек. Әкем мақтаныш сезімін жасыра алмай:

– Қайдағы құдаша? Бұл қыз – сіздің жеке күтушіңіз. Сізді  бағып, қарағаны үшін біз оған көп ақша төлейміз,-деуі мұң екен, әжем тайдай туласын:

– Ақшаң қалтаңа симай бара жатса, анау ауылдағы Төре қызға апарып бер. Байы өліп, бағы күйіп, жастай жесір қалған. Әкеңнің туған қарындасы емес пе... Бізден жақын кімі бар, ол байғұстың?!. Жездеңнен қалған шүпірлеген балаларға көмектес. «Әуелі басыңа, қалса досыңа» деген. Босқа шығынданып, о несі-ей?!.. Құдай-ау, маған не бағу керек? Бақытгүлім баптап шәйімді беріп, «апа-ау» деп әңгімемді тыңдап, қасымда отырса, жетіп жатыр ғой.

– Ой, сіз де қызық екенсіз, апа. Келініңіз ертелі-кеш  сіздің бетіңізге қарап отыра алмайды ғой.

– Ендеше мені жылы орнымнан неге қозғадыңдар?

– Түу, қызық екенсіз. Бала-келіні бақпады, қарамады деп жұрт ертең өсектемей ме?!. Оның үстіне,  Мақсат та: “Әжем ауылда жалғыз қалды”,-деп қақсап қоймады ғой.

– Оу, жарығым сол! Өзім арқалап баққан бала ғой. Көрмейсің бе, мені ойлап жүргенін. «Аспирантураға азар түсіп ем» деп келін көз жасын көлдеткесін, туа сала, ауызыммен тістегендей ғып, ауылға әкеткем...-деп, әжем аз-кем еміреніп отырды да, бірден бойын жиып:

– Ал енді, қоярда-қоймай, мені қалаға әкелдіңдер ме? Әкелдіңдер! Ендеше келінім мені бақсын!-деді қырсыға.

– Келініңіз – от басы, ошақ қасындағы салпыетек әйел емес, апа. Құдайға шүкір, айтулы фирманың президенті. Шетелдерге шығады. Жұмысы сондай. Қарамағында қаншама адам бар. Еркек – мен  бір жылда таппайтын ақшаны соның бір өзі бір айда табады. Енді қалай үйге отырғызып қояйын оны? –Адуын әжем таңданғаннан тілін жұтып қойды-ау деймін, ұзақ уақыт үнсіз қалды.

Дегенмен,  «президент келінге» өз көзқарасын тайсалмай, батыл айта алатын жалғыз адам – әжем. Маған сонысы ұнайды. Өзі айтқандай, «елде аяғы барғанша жүріп, ауызы талғанша сөйлеп» қалса керек, ешкімнен қаймықпайды-ау, қаймықпайды. Әке-шешем  мені «у-шу» спортына берген кезде:

– О заман да бұ заман, қаршадай қызға төбелес үйрету деген не сұмдық? Бесіктен белі шықпай жатып... Жұрттың бұндай қыздары саусақтары майы-ы-сып биге барып жүрген жоқ па?! Баланы майып қыласыңдар!-деп әжем қатты қарсылық білдірді. Келіні де осал жау емес қой, бірден шабуылға шықты:

– Апа, сіздің заманда қыздар шошаңдап биге де бармаған. Саусақтары майы-ы-са кесте тігіп, шешелерінің қасында отырған. Ал енді  заман да өзгерді, адам да өзгерді! Қазір үй-күйі жоқ, жұмыссыз, өмірге ызалы адамдар көп. Біз  бұған үнемі бірге еріп жүрмейміз ғой... (Оны жеңе алмасын сезді ме, әжем де бірден сөзбен алдын орап, тактиканы өзгертті.)

– Иә, қарағым, сөзіңнің жаны бар. Заманның  өзгергені рас. Жарайды, барса бара берсін, ең болмаса, өз басын қорғап жүрер,-деп, қарсыласының  жағына қос қолын көтеріп шыға салды. Содан қайтып, әжем біздің үйдің «ішкі саясатына» араласқан емес.

***   ***

Әке-шешем бүгін де кешкі тамақты ішер-ішпестен, екінші қабатқа көтерілді. Бірі – тау-тау боп үйіліп жатқан газет-журналдарын ақтаруға, екіншісі тележәшіктен өзінің сүйікті футболын көргенше жанығып. Тіпті, күнұзақ екі көзі төрт болып, жолдарына қарап, күтіп отыратын әжеммен де тілдесуге мұршалары жоқ.

Анда-санда маған «махан»:  «Қалай, тренировкаңа барып жүрсің бе? Таяуда тренерің екеуіңді шетелге жіберемін»,-дейтіні бар. «Қай жаққа, не үшін барамыз?» деп сұраған емеспін. Әлемнің жас спортшылары бас қосатын айтулы жарыстар көп қой, солардың бірі болар. Тайландтан таяуда оралдым. Малайзияны былтыр көргем.  Түркия – қазір өзіміздің көрші ауыл сияқты...

Ауыл демекші, әжем үй-жайын туыстарға тастап, қалаға көшіп келгелі, ел жаққа аяқ басуды қойдық. Бастапқыда әжем басы жастыққа тисе болды, ауылды, көршілерін «көретін». Ұйқыдан тұра сала, «Әлгі Төреқыз, ойбу, жеңеше-ай, үйіңе іздеп барып,  қақпаңды қағып-қағып, кіре алмай қайттым!-деп  өкпелеп отыр екен»,-деп Күләйша екеумізге түсін айта бастайтын...

«Бүгін де ауыл жақтан оралдыңыз ба? Не жаңалық бар екен? Пойызға, машинаға мінбей, бір тиын шығармай, қалаған жағыңызға барып қайтасыз, қандай рахат!» -деп күлгенбіз, өкпелеп қалды ма, содан соң ештеңе айтпайтын болды. Не болса да ішінде.

– Жарығым-ау, мынау не ербеңдеп жүрген? Кәпірдің ыпыны қандай жаман еді. Ылғи кескіні келіссіз бірдеңелер ғой, түсіңе кірмей ме? Басы төрт бұрышты, беті табақтай, бұл  не пәле?!.– дейді экранға  үңіліп.

– Ой, әже, бұл шетелдік мультфильм. Сіз сияқты үлкендерге емес, мен сияқты балаларға арналған. Кәдімгі ертегі сияқты ғой, -деп  өзімше түсіндірген боламын.

– Дені дұрыс мұртпилім  жоқ па? Қазақша ертегілер неге көрмейсің осы?

– Әже, ондай жоқ қой, жоқ!-десем,  өмірі сенбейді:

– Е-е, біз де бала болдық. Осындай мыж-мыж кемпір боп, аспаннан түскен жоқпыз бірден. Ерназардың Ертөстігі,  Керқұла атты Кендебай, Тазша бала, Алдар көсе, бәрі-бәрі бізден қалған жоқ па?! «Жоқ, жоқтан» басқа ештеңе айтпайды ғой, жүдә... – Сосын, барлық арнаны шетінен бұрап шығамын. Өз көзімен көрсін деп. Ылғи атыс. Қырғын төбелес. Ағылған қан. Тып-тыныш сүйісіп, төсекте жатқан аға-тәтелер де көп. Бірақ ондайларды көзі шалып қалса:

– Құрт қарасын! Бұл не сұмдық! Бала-шаға отыр демей. Ой, имансыздар-ай, ә! Осының бәрін жалпақ жұртқа жария қылып, өкімет қайда қарап отыр?-деп шошиды. Кей-кейде:

– Мына шіркіннің ертелі-кеш шашын желпігеннен басқа түк шаруасы жоқ па?-деп сұрайды.

– Әже, ол жай жарнама ғой. Әдейі шампуньді мақтап тұр. Жұрт қызығып алсын деп,...

– Ой, жарығым! Титімдей боп өзінің тіпті білмейтіні жоқ.Тіфә-тіфә! Тіл- ауызым тасқа! Сенің шешең де осындай жеңіл-желпі бір жұмыс тауып алмай ма?! Еркектің жұмысын істеп, басын ауыртқанша. «Байтал шауып бәйге алмайды», «Қатын бастаған көш қараң қалады» деп бұрынғылар текке айтпайды ғой.

– Ой, әже, олар баяғыда-а модадан шыққан мақалдар ғой! Маргарэт Тэтчер, Индира Ганди, Биназар Бхутто деген  әйелдер ел басқарған. Сіз не, соларды  білмейсіз бе?-дейді Макс екінші қабаттағы өз бөлмесіне көтеріліп бара жатып.

– Ойпырмай, ә, білгішін қайтерсің бұлардың? Сонда деймін-ау, біздің келіннің қолынан келген іс, сенің әкеңнің қолынан келмей ме?-дейді әжем маған қарап.

– Сіздің келініңіз шетел тілдерін біледі. Көп оқыған ғой... Тіпті оқу-оқу деп  жүріп,  күйеуге де кеш шыққан, -дейді Макс күліп.

– Әкең де көп оқыған. Сомадай болғанша. Мал доғдырдың оқуын. Жұрттың төрт-бес жылда бітіретін оқуын ол асықпай оншақты жыл оқыды...Сол алаңсыз оқысын деп, арқа етім арша, борбай етім борша боп, істемеген тірлігім жоқ. Ой, дүние-ай!

– Ал енді бүгін қартайғанда рахатын көріп отырсыз ғой. Апа, осыған тәубе демейсіз бе?!. Құдай-ау, ішкеніңіз - алдыңызда, ішпегеніңіз - артыңызда. Сізде не арман бар! Бақыттысыз ғой, апа! Біздің жақта сіздей кемпірлер көшеде құрт, пісте сатып отыр,-деп сөзге Күләйша аралассын.

– Ой, қарағым-ай, «Алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым» деп, төрт қабырғаның ішіне жіпсіз байлап қою да бақыт па? Ауылда абысын-ажындарымның арасында шалқып жүрер ем. Торқалы той, топырақты өлімге бара алмай, адам санатынан сызылып, отырысым мынау енді. Ертең өзім өлгенде, кім іздеп келер дейсің?! – дейді көкірек жара күрсініп.

***   ***

Бұдан бірер жыл бұрын ол кісі тың, ширақ еді. Есік алдында шығып, бағбан шалмен тілдесетін. Орысша. Жалғау-жұрнақты белден басып. Сосын күзетшілерден «интервью» алатын: «Иттің кетегіндей тар қуыста неге отырсың кептеліп? Тепсе темір үзетін сендей жас жігіттер бұрын елдің шекарасын күзететін... Жұрттың есігін күзетуден басқа жұмыс таппадың ба? Үйді ит екеш те қориды ғой? Одан да ауылға барып, мал бағып, егін салмайсың ба?»-деп..

.

Енді қазір өз аяғымен сыртқа кіріп-шығудан қалды. Күннен күнге  әл-қуаты кеміп барады.  Ештеңе істемей, бостан-бос жата бергесін бе. Әйтеуір тым дәрменсіз. Күндіз-түні  әңгімелесетін адам іздейді. Іші пысады... Күләйша байғұс әжеме қашанғы, не тауып айтсын?!

Көршілермен әу бастан дипломатиялық қатынас жоқ. Әкем: «Есікті кірген-шыққанда мұқият кілттеп жүріңдер. Таяуда тал түсте біреудің бар мүлкін  машинаға тиеп кетіпті!» -деп төңіректі ұры қаптап кеткендей, жұрт тек біздің үйді торуылдап жүргендей, зәремізді алады..

.«Осылар үйге неге қонақ шақырмайды? Өздерінің күні түсетін бірлі-жарым адамды ырыстыраннан қонақ қып, сырттан шығарып салады-ау, сірә!?»-деп болжам жасайды әжем. Ол сөзінің де жаны бар. Қонақ шақырып, жұртпен арқа-жарқа сөйлесіп, емін-еркін отырмақ түгілі, әке-шешем  дастархан басында бір-бірімен шүйіркелесе әңгімелесе ме екен десеңші?!

– Апа, сүйінші, келініңізді телебизірден көрсетіп жатыр! Жүріңіз, көресіз бе?-деп ара-тұра Күләйша төр бөлмеге әжемді сүйрелейді. Ол өз бөлмесінен сүйретіліп жетем дегенше күтіп тұра ма, қысқа жаңалықтар жылт етіп, лезде аяқталып қалады. Обалы нешік, «президент келіні» қызмет бабымен қай елге барса да, оған міндетті түрде базарлық әкеледі. Сандығында шетелден әкелген орамалдан көп нәрсе жоқ. Неше атасы керек?!. Ақ, қызыл, сары, көк.., жұқа, қалың, шашақты, шашақсыз,  гүлді, гүлсіз, сан түрлі... Басына тартпақ түгілі, әжем тұла бойын он рет орап алса да емін-еркін жететін орамалдар.

***   ***

Шешем іссапармен кеткен кездері, әкем үйде көңілсіз жүреді. Сосын  себеп-сылтаусыз үйдегі бағбан, аспаз, аула сыпырушы, кір жуушы,   күзетшілер мен көлік жүргізушілерге қырғидай тиетін әдеті. Әйтеуір тырнақ астынан кір іздеп тауып, бір істеген ісін қайта істетіп жатқаны.

Әжем оңашада: «Осы байғұстарға күн бермейтінің не? Соларды қинағаннан жаның рахаттана ма? Мін тағасың да жүресің...Отырса – опақ, тұрса – сопақ, ақырын жүрсе – малма аяқ, қатты жүрсе –  шаңды аяқ. Ұят қой, ұят!? Бір күні бәрін тастап кетіп қалса, қайтесің?» - деп өз бетін өзі шымшып, баласына  кейиді.

«Ой, апа, бұлар қорыққанын сыйлайды. Жан бағып жүрген жерлерін тастап, қайда кетер дейсің? Жұмыссыз сандалған жұрт көп, кетсе, басқасы табылады», - дейді ол да біз бақпай. Әжем бұрын өзінің күші барда: «Бұның бәрін бәрібір бұл үйде ешкім тауыспайды. Құр босқа толып тұр ғой. Балаларың жер»,-деп, тоңазытқышта тұрған тамақтың шетінен үй қызметшілеріне салып беретін. Баласы мен келініне көрсетпей.

Бірде қызық болды. Әжем үш қабат зәулім үйдің асты-үстіне асықпай «экскурсия» жасап жүріп, кездейсоқ зат қоймасына кезігеді.  «Қаз-қатар ілінген киім. Киілгені қайсы, киілмегені қайсы?!.Қысқы-жазғы аяқ киімдер де  самсап тұр-ау, самсап тұр.. Тура дүкендегі сияқты! Әуелі біреуін киіп тоздырмай, үсті-үстіне ала бергендері несі-ей!» - деп бұрқылдай сөйлеп жүргенін құлағым шалған. Ойымда ештеңе жоқ.

Арада біраз уақыт өткен соң, аяқ астынан шу шықты. Әке-шешем ұятты бір жерге тойға кеткелі жатқан. «Махан» көздеген туфлиін таба алмай, зар илеп қалсын: «Парижге барғанда өзім сатып алған су жаңа туфлиім еді!» деп. Әрі-бері іздеткенімен, ұшты-гөйлі жоқ. Жер жұтып кеткендей, зым-зия.

Әшейінде ұрынарға қара таппай жүретін «паханның» көктен сұрағаны жерден табылды. «Сырттан ұры келген жоқ. Қане, мойындаңдар, қайсың алдыңдар! Көздеріңді құртамын! Тентіретіп жіберемін!»-деп тепсінсін. Жұрттың бәрінің зәресі ұшып кеткен.

Іштегі  ызы-шу, қым-қуыт оқиғадан тек сыртта күн шуақта мызғып отырған әжем ғана бейхабар екен. Жылап-сықтап жүргендердің бірінен мән-жайды білген соң: «Е, не болды сонша дүрлігіп? Толып жатқан көп төплидің бірі емес пе? Оны алған – мен. Алсам, төркініме асырған жоқпын, бағбан шалдың қызына  кигізіп жібердім, әкесіне ілесіп кеп, талдардың түбін қопсытып, аулаға гүл егіп жүрген... Аяқ киімі тозып кеткен екен, қуанғаннан тас қып құшақтай алып, «Спасибі, бәбішкі!» деп жылап жіберді»,- демесі бар ма?!

***   ***

Әжем тамағын ерте-жарықта ішіп, ұйқыға жатып қалған.  Ат шаптырым кең дастархан басында бүгін де Мақсат ағам екеуміз ғана. Ол менен он жас үлкен. Бірақ сен деп сөйлей беремін. Ол да менімен тең дәрежеде сөйлеседі. Баласынбай. Сымбатты тұлғасы,  тартымды келбеті “паханның” жас кезіндегі түрінен аумайды. Альбомдағы фото суреттеріне ұқсас.

Меніңше, тек сырты ғана ұқсайтын сияқты. Шетелдегі әйгілі бір оқу орынына түскенін білемін, бірақ соның қайда екенін сұрамаппын. Керегі не... Ертең ол алыс жолға шығады. Көңілім құлазып, жапан далада жалғыз қалып бара жатқандаймын. Көңіл-күйімді сездіргім келмей, әр нәрсенің басын бір шалып, сөзге тартқан боламын:

–    Макс аға, сен бар ғой, ә, ерте-е-ең оқу бітіргенде кім боласың?

– Білмеймін...Мүмкін президент болатын шығармын,-деді ол қара уылдырықты қара нанның үстіне пышақпен жұқалай жағып отырып.

–    Президент?

–  Неге таңданасың? Өзіміздің корпорацияның да... «Маханның» шаршап жүргенін сеземін. Қанша жылдан бері бизнес акулаларымен арпалысу оңай дейсің бе... Сонымен, сенің өзің ше? Өскенде кім болғың келеді?

–   Өскенде-е-е? Мен бе...Мен «садикке» бастық боламын.

–  Әзілің бе?

– Жоқ. Бірақ оған балалар емес, ылғи аталар мен әжелер барады,-дедім хрусталь люстраның сәулесімен шағылыса жылт-жылт еткен хрусталь фужердегі апельсин шырынын сыздықтата сорып отырып.

– Сонда қалай? – Оның қолындағы күміс пышағы сыңғыр етіп жерге түсіп кетті. Алдына аппақ алжапқыш байлап, екеуміздің арқа тұсымызда тұрған Күләйша лып етіп жерден көтерді де, басқасын ауыстырып қойды.

– Кәдімгідей. Кішкентай кезімде...үйдегілер мені таңертең «садикке» апарып, кешкісін әкетіп жүретін еді ғой.  Тап сондай болады.

– Сонда сенің «садигіңдегі» кемпір-шалдарды да бала-шағасы таңертең әкеліп, кешкісін әкете ме?

– Иә... Мүмкін оларды үйді-үйіне тарататын арнайы автобус шығарармын. Егер қажет болса.

–  Олар сонда  күнұзақ не істейді?

– Не істеуші еді? Бір-бірімен әңгімелеседі. Гүл өсіретін шығар. Шахмат, шашка ойнар. Ән салып, би билейді. Тамақ ішеді, ұйықтайды. Спортпен айналысады. Бассейнге жүзеді. Моншаға түседі...

– Бір сөзбен айтқанда, іштері пыспайды десеңші. Осы сенің-ақ ойыңа келмейтін бәле жоқ екен. Кіп-кішкентай болып! -деп рахаттан күлді ол.

Кенет тағы бір сөздің шетін қылтиттым. Көптен көңілімде жүрген. Бірақ кімнен сұрарсың. Әжемнің «бала-келіні» үйге өте  кеш келеді. Көбінесе мен ұйықтап жатқан кезде. Сосын жұмысқа кетеді. Өте ерте. Мен ұйықтап жатқанда. Кейде кешкі аста бас қосқанмен, әңгімелесудің реті келмейді.

Жұмыстары тынымсыз ба,  әлде көше «тығыны» титықтарына тие ме, екеуінің де жүйкелері  тым жұқа. «Құдай-ау, тиіп кетсең сау ете қирап түсетін әйнек сияқты. Шытынап тұр-ау, шытынап тұр», -деп әжем дұрыс айтады. Ал енді бұны әжемнің өзінен сұрау ыңғайсыз сияқты...Ақыры, сол сұрағымды  ағама қойдым.

– Макс аға, ылғи қап-қара балалар кіріп-шығып жататын көрші үйді білесің ғой...

– А-анау үйді айтасың ба? Қақпасы өмірі жабылмайтын...

–  Иә.. Сол үйдің  ап-арық, қап-қара  әжесін бала-шағасы үнемі қол-аяғын жерге тигізбей, бір жақтарға апарып, әкеліп жатады. Алма-кезек. Бар тәуірін үстіне кигізіп. Ылғи терезеден көремін. Менің сұрайын дегенім...

– Көрші кемпірдің қайда барып жүргені ме? Тойға баратын шығар. Бәлкім, тума-туыстарына қонаққа. Жан-жақтағы балаларына қыдыратын болар. Алыстан орағытпай, нақты сұрағыңды қойсаңшы.

– Сұрайын дегенім...Осы біздің әжеміз неге жалғыз бала  тапқан?

– Сен не, соны да білмейсің бе? Атамыз ерте қайтыс болған. Сосын   әжем баласын бағып отыра берген ғой.

– Тағы күйеуге шығайын десе, ешкім қарамаған болар.

– Жоқ,  жас кезінде қасы-көзі қиылған, нағыз мисс болған кісі ғой.

– Оны қайдан білесің?

– Бұрын ауылдағы үйден өте ескі фотосын көргем.

– «Пахан» да красавчик қой, әжеме тартқан. «Махан» оның сыртқы фасадын  көре сала, бірден құлап түскен-ау, сірә...

– “Пахан”, “махан” деген  сөздерді қойсақ қайтеді? Қанша дегенмен, бізді өмірге әкелген солар ғой,- деді Макс.

– Әкелсе әкелген шығар. Бірақ, олар бізді еркелетіп, басымыздан сипады ма? Есімде жоқ. Енді кеп, оларға «папа», «мама» деп қалай өтірік жабысамыз?-дедім мен.

– Астауға ауыздарын малып, құдық қасынан кетпейтін  жеруік сиырлар құсап,  бұлар не ішпей, не қоймай, дастархан басында  осылай отыра бере ме?!.-деп күңкілдеді Күләйша. Аузымыздан шыққан әр сөзді аңдып, кеш бойы қасымызда қаққан қазықтай қақшиып тұрғаны ма сонда?!.

***                                 ***

Дүбірлі сайыстан олжалы оралдым. Әке-шешем Италияға кетіпті. Демалуға. Алып-ұшып әжемнің бөлмесіне кірсем, Күләйша кішкене қасықпен ерніне су тамызып отыр екен.

– Келдің бе, жарығым?-деп күбірлеп, әжем қолымнан сипады. Аз уақытта жағы қушиып, беті бір шөкім боп, көзі шүңірейе  жүдеп қалыпты. Кәрілік деген қандай жаман еді?!

– Апа қатты ауырып қалды,-деп сыбырлады Күләйша.

– Дәрігер шақыртпадың ба?

– Күзетшілер көнбеді: «Біздің басымыз екеу емес. Қожайын үйге бөтен ешкімді кіргізбеңдер!» деп қадап тұрып айтып кеткен»,-деп... Түу, сенің келгенің қандай жақсы болды!?

Әжем аздан соң қалғып кетті. Жіпсіз байланып, қасынан кете алмадым. Бір кезде әжем де мен сияқты бала болды ғой. Ертең мен де қартаямын. Алдымызда не күтіп тұр екен?!..

–  Аға мен тәтенің шетелге кеткелі жатқанын естігесін: «Төрімнен көрім жуық. Мен өлген соң  да қыдыратын едіңдер ғой!»-деп жыласын. «Қасыңызда күтушіңіз бар... Ас-суыңыз әзір, ештеңеге мұқтаж емессіз. Қорықпаңыз, әзір өлмейсіз»,-деді тәте күліп.

«Өлуіңізді күтіп, ешқайда шықпай, қалай отырамыз? Алыс жолға кетіп бара жатқанда, жаман ырым бастап, жылағаныңыз не?» - деді аға кейіп. Олар кетер-кетпестен, апа маған бой бермей, сыртқа ұмтылды... Қақпаны дүрс-дүрс ұрғылап, еңіз-теңіз еңіресін-ай бір. Өксіп-өксіп, көп жылады. Бала құсап. Содан... осылай ауырып қалды. Неше күннен бері  тамақ ішпей жатыр...

– Қаңыраған үлкен үйде бір өзің қатты қорыққан шығарсың?-дедім Күләйшаға жаным ашып.

– Бүгін түнде шырт ұйқыда жатсам, шашы ебіл-дебіл, жалаң аяқ, жалаң бас мына кісі, әжеңді айтамын,  қасыма келіп тұр. «Бейшара кемпір қайтыс болды. Иманы үйірілмей, иесіз үйде...Алыста жүрген баласын күтпей жерлей бересіңдер ме?» - деп.

«Қайдағы кемпір?-дедім түкке түсінбей. Қорқынышты түс көрген шығар деп ойлағам. «Мәхфузаны айтам...» -деді ол көзін тас төбеге қадаған қалпы.

– Мәхфуза дегені кім сонда?

– Қойшы, соны да білмейсің бе? Апаның өзінің аты ғой, оның анадай сөздерін естіген соң, иман-зәрем қалмады. Есігін сыртынан тіреп, барлық бөлменің шамын жағып, қабырғадағы дәу телевизірді бар дауысымен қосып қойып, таң атқанша ояу отырдым. Енді ат басындай алтын берсе де, алжыған кемпірдің қасында қалмаймын!.. - деді Күләйша қатулана.

Әжем ғой Макске: “Өзі бір инабатты, ибалы бала. Осы қызға үйленсейші», - дейтін. Ол күліп: «Әже, оқуым бар ғой», -деп басын алып қашатын. «Алаңдамай, оқуыңа бара бер, жарығым. Келін екеуміз ауылға көшіп барамыз. Сосын  атаңнан қалған қара шаңырақта сені күтіп отырамыз ғой»,-дейтін шын пейілімен. Ех, Күләйша!..

***   ***

Әжем ауырғалы үйдің іші бір түрлі. Көңілсіз. Үрейлі. Абажадай үйдің еңсесі басылып, іші күңгірт тартып кеткендей.  Әке-шешем соңғы кезде үйге көз байланбай-ақ, ашық-жарықта келіп жүр. Бұрынғыдай емес, «банкет», «презентация», «юбилей», «конференция», «форумдары» сиреді-ау деймін. Көбінесе, екеуі өз бөлмелерінен шықпайды. Өздерін бір түрлі кінәлі сезінетін сияқты.

Қос қабат үйдің ішінен жаныма жайлы жер таба алсамшы. Сосын қыстырылып, екеуінің қастарына тығыламын.  Бүгін де ноутбугімді ашып, интернетті шарлап кеткем... «Махан» кенет газеттен басын көтеріп, маған шүйліксін:

– Сен осы кітаптың не екенін білесің бе? Ертелі-кеш интернеттен шықпайсың. Біз үйде жоқта не істейсің?

– Осы таяуда ғана бір кітап оқып шықтым. Джон Рокфеллер туралы.

– Хабарым бар. Ең алғашқы миллион долларын 33 жасында тапқан. 43 жасында әлемге әйгілі өз монополиясын құрған америкалық миллиардер ғой, - деді «махан».

– Ой, оған жету қайда бізге?! Қап әттеген-ай, гол салып кеткенін қарашы!–деді кіжініп, футбол матчын қарап отырған «пахан». Өшін менен алғысы келгендей:

– Оқығаның рас болса, қане айтшы, не ұқтың?-деп зілденді.

– Ол күні-түні дем алмастан, бой жазып қыдырмастан, тек ақша табуды ғана ойлапты. Туыс-тума, жолдас-жора дегенді ұмытып... Сосын оны жұрттың бәрі жек көріп кетеді. Тіпті туған ағасы да. Жек көргені соншалықты, соның жеріндегі моладан өз балаларының сүйегін қазып алып кетеді. Қарамағындағы жұмысшылары да сұмдық жек көреді. Олар Джоннан айнытпай қуыршақ жасап, соны дарға асып қояды.

– Көре алмаған жұрт не істемейді!-деді «пахан» көзін экраннан айырмай.

–  Ақыры оның шашы, қас-кірпігі бірден сыпырылып түседі. Терісі сүйегіне жабысып, тірі аруаққа айналады. Ширығып-шаршағаннан ауруға шалдығады.

– Ақшалы адамға  мықты профессорларға көріну, қымбат дәрілер табу сөз емес қой!-деді «пахан» мырс ете.

– Оған дәрі-дәрмектен көмек болмайды. Ақыры, жас босанған әйелдің  сүтін ішеді. Медиктердің айтуымен.

– Құдай сақтасын! Бірақ... адам жаны үшін не істемейді?!-деді «махан».

–  53 жасында бар жұмысын қояды. Гольф ойнауды үйренеді, бақ өсіреді. Ән айтады. Сосын... басқалардың тұрмыс-тірлігіне көңіл аударады. Ақшасын оңды-солды тарата бастайды

– Кім көрінгенге ме? – «Пахан» бетіме түксие қарады.

– Негр жастарына. Солардың оқу ақысын төлейді.

–  Соқ өтірікті! Ол заманда ақ нәсілді адамдар негрлерді көзге ілмейтін, тіпті менсінбейтін!

– Бала кітаптан оқығанын айтып отыр ғой, оған несіне кейисің?

– Джон ағай сосын Мичиган көлінің маңындағы кішкене бір колледжге миллиондап ақша төгеді.

– Иә, шықпа жаным шықпамен тұрған сол колледж кейін әлемге әйгілі Чикаго университетіне айналған. Қазір біздің Макс сонда оқып жатыр ғой! - «Маханның» үнінде  мақтаныш бар сияқты.

– Шын ба? Шынымен  сонда  оқи ма?! – дедім таңғалып. Ол басын изеді.

–  Өзі ше,  оның өзі не болды?-деді  «пахан» экранға телмірген күйі.

– 98 жасында қайтыс болды.

– Ең болмаса 100-ге де жетпеген екен!?. Күллі әлем юбилейін жасайтын еді, қап! - «Пахан» қарқ-қарқ күлді. «Махан» таңғала бас шайқаумен болды. Оның неге, кімге таңғалғанын ұқпадым. Миллиардер Рокфеллерге ме, жоқ әлде...

– Өскенде кім боласың, қызым?–деді ол, көзінің нұрын төге, маған бір түрлі сүйсіне қарап. «Қызым» деген үнінде жүректегі мұзды ерітетіндей, бір жылылық, мейірім бар сияқты.

– Қойшы, сен де...Әлі кішкентай бала емес пе? Бұл өскенше, бірдеңе ойластырармыз,-деді сүйікті командасы жеңіп, қуаныштан жүзі гүл-гүл жайнаған «пахан».

Заря ЖҰМАНОВА, 

жазушы

Адам көңілі туралы өлең. Өкпешіл боп алыппын соңғы кезде
Жанымыз - күз, секілді жырақ көктем. Күз туралы өлең
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу