ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ХАНДАРЫ. ҚАЗАҚ ХАНДАРЫ

Oinet.kz 07-09-2020 1050

Қазақ.jpg

Қазақ төрінде отырып, халық қамын ойлаған ойлы хандар аз болған жоқ. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп қазақ халқы тегін айтпаған. Ең өкініштісі сол, кемелді ойды кері тартқан Кеңестік дәуірде қасиетті хандар да, қабырғалы билер де, ақ ниетті ақсақалдар да теріс ниетті адамдар бейнесінде сипатталды. Сол кезде әйгілі қазақ ақыны Ғафу Қайырбеков:

Бір сұрақ осы күні мен аңғарған,

Сұрап келем білікті адамдардан.

Өзге жұрттың патшасы жақсы болып,

Қазақ ханы неліктен жаман болған? - деген өлеңінде сұрақ та, шындық та бар болатын. «Дұшпаныңа да әділ бол» деп данышпан Абай айтқандай, әділін айтқанда елдің тәуелсіздігін, бүтіндігін, бірлігін, тендігін, байлығын, ар-намысын ойламаған хан да, би де, батыр-бағлан да болған жоқ. Хан елге жау келгенде жау-жарағын асынып, қан майданда қол бастап жүрді. Бұйдаш, Мамаш, Тоғым, Хақназар, Тәуекел, Салқам Жәңгір, Кенесары хандар сондай соғыста шейіт болды. Демек олар біздің еліміз бен жеріміз, келешек ұрпақтың бақыты, бостандығы үшін қасық қаны қалғанша күресті.

Төменде Қазақ ордасының тәуелсіздігі, халықтың азаттығы жолында айрықша аты қалған қайраткер, қолбасшы, батыр хандар туралы қысқаша деректер беріліп отыр.

КЕРЕЙ ХАН (1456-1473)

Керей хан Болатұлы (XIV ғ. соңы - XV ғ.) – қазақтың алғашқы ханы. XV ғасырдың ортасында Алтын Орда мен Ақ Орда билеушісі Орыс ханның немерелері Керей мен Жәнібек сұлтан екеуі Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайырдан бөлініп Моғолстанға келді. Моғолстан ханы Есенбұға оларды ықыласпен қарсы алып, Шу өзені бойындағы Қозыбасы (қазір Жамбыл облысында) деген жерді берді. Өздері билейтін 200 мыңға жуық халықты бастап келген екі сұлтан осы жерде 1456 жылы қазақ хандығының негізін қалап, жасы үлкен Керей ақ киізге отырғызылып хан сайланды.

Қазақ тарихының атасы Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) өзінің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде қазақ хандығының құрылуын хижраның 870 жылы деп көрсетеді. Бұл біздің жыл санауымыз бойынша 1465-1466 жылдарға сәйкес келеді. Тарихи дерек бойынша Моғолстан ханы Есенбұға 1462 жылы қайтыс болғанын ескерсек, қазақ хандығының 1456 жылдары құрылғаны анық.

1468 жылы негізгі қарсыласы Әбілхайыр хан өлген соң Керей мен Жәнібек өз ұлыстарымен атамекені Сыр бойына оралады. Осында Керей ханның басшылығымен алғашқы Қазақ ордасының іргесі бекіп, оның маңыңдағы ру, тайпаларға бөлінген халықтар осында өз еркімен қосылып іргелі елге айналды. Хан жанында дала данышпаны Асан Қайғы отырды.

Керей хан 10 жылдай билік құрып, Хантауда жерленген дейді тарихшы М. Елеуов.

Қазақ Ордасы мен кейінгі Қазақ Ұлттық мемлекетінің қалыптасып, оның алғашқы керегесін керіп, шаңырағын көтерген түңғыш хан Керей есімін біздің халқымыз ешқашан ұмытпайды.

ӘЗ-ЖӘНІБЕК ХАН (1473-1480)

Жәнібек хан Барақұлы - қазақ ордасының екінші ханы, шын аты Әбу Сағит. Қазақ халқы елге айрықша сіңірген еңбегі мен кемеңгерлік істерін жоғары бағалап, оны Әз Жәнібек деп құрметтеп атаған. Ол Қазақ ордасының тұңғыш ханы Кереймен бірлесіп Қазақ мемлекетінің іргесін қалаушылардың бірі. Әкесі Барақ XV ғасыр басында Ақ Орда мен Алтын Орданы билеген. Жәнібектің ата-бабалары ел билеп, мемлекет билеушісі, хандық құрған адамдар болса, өзі 1473-1480 жылдары қазақ ханы болды. Ал оның ұрпақтары Қасым, Ақназар, Тәуекел, Жәңгір, т.б. XIX гасырдың бас кезіне дейін қазақ хандығының тағында отырып, өздерінің қайраткерлік, ерлік істерімен айрықша көзге түскен адамдар болды.

Жәнібек хан тұсында Қазақ хандығының беделі Дешті Қыпшақта өсе түсті. Сөйтіп, бұл кез дербес Қазақ хандығының күшейюіне тұстас келді. Бұған Жәнібек ханның атқарған тарихи ролі өте зор. Әсіресе 1469-1472 жылдары Әбілхайыр хан ұрпақтарына қарсы күресте қазақ жасағын басқарған Жәнібек ханның қатысуы Шайбани әулеті билігін толық жойып, соның арқасында жеке ұлт хандықтары құрылды. Соның ішінде Қазақ хандығы толық әрі қуатты мемлекетке айналды. Жәнібек хан Сарайшық қаласын мемлекет астанасы етті және сонда жерленген.

Әз Жәнібек туралы қазақ аңыздары мен тарихи әңгімелері күні бүгінге дейін жеткені ханның әділетті әрі парасатты адам болғаны жайлы айтылады. Сол сияқты, дала ойшылы Асан Қайғы, Жиренше шешен осы Әз-Жәнібек ханның замандасы, әрі ақылшы-кеңесшілері болған. Атақты емші, дәрігер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1397-1492) «Шипагерлік баяны» атты еңбегін Әз-Жәнібек ханның тапсырмасымен жазған.

ҚАСЫМ ХАН (1445-1521)

Қасым хан (1445-1521) - Әз Жәнібек ханның баласы, қазақ халқының аса көрнекті қайраткерлерінің бірі. Тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» атты әлеуметтік маңызы зор, Дала Заңы негізін жасаған ұлы хан өзінің билік еткен заманында қазақ қоғамы жоғары сатыға көтерілді. Халықтың этникалық құрылымы мен территориясы толық бірігіп жасалады. Хандық биліктің ролі артты. Мемлекеттің жер көлемі де, халық саны да бірнеше есе өсе түсті. Халықтың ұлттық, әлеуметтік, мемлекеттік жағдайын асай жаңаша әдет-ғұрып, билік, әділет заңы жасалды. Қасым өзі хандық құрған 10 жыл ішінде Қазақ мемлекетінің ішкі, сыртқы саясатын нығайтып, сол замандағы ең қуатты елге айналдырды. Қасым хандығын көрші елдерді былай қойғанда Европа елі де таныды. Қырым, Астрахан, Қазан хандықтарымен, Мәскеу княздықтарымен дипломатиялық қатынастар орнады.


Қасым хандығы кезінде көптеген соғыстар да болды. 1516-1517 жылы Шайбанидың соңғы жасағын тас-талқан етіп жеңді. Сыр өңірі, Еділ, Жайық, Жетісу қазақ ордасына қосылды. Қасым хан ақылы мен кемеңгерлігінің арқасында өз елі мен жерін соғыссыз-ақ бейбіт жолмен кеңейтіп, толықтырып отырды. Оның атағы мен даңқын, ғажайып ісін таныған көршілес ел оған өз еркімен келіп қосылды. Хан елдің бүтіндігі мен қауіпсіздігі мәселелерін де естен шығармаған.

Осындай күрделі саясат ұстаған ол Хан Ордасын бірде Жетісуда, Шу бойында, енді бірде Ұлытауда, Жайық жағасында орнатқан.

Қасиетті Қасым хан 1521 жылы қыс айында 78 жасында қайтыс болып, тарихшы Қадырғали Жалайыр дерегі бойынша Сарайшық қаласында жерленген.

***

Қасымнан кейін 1521-1538 жылдар арасында Қасым ханның баласы Мамаш 2 жылдай, Әз-Жәнібек ханның немересі Әдік сұлтанның ұлы Тақыр 10 жыл, Тақыр ханның інісі Бұйдаш 6 жыл, Қожа Ахмет хан, Әз-Жәнібек ханның немересі Жәдік ұлы Тоғым хан Қазақ ордасының хан тағына отырды.

ХАҚНАЗАР ХАН (1538-1581)

Қасқа жолды Қасым ханның асып туған ұлы Хақназарды қазақ кейде Ақназар деп те атайды. Ол жасында әскер басы ретінде танылған жауынгер болатын. Өз әкесінің ізімен жүріп, оның ұлы ісін мұрат тұтқан хан Қазақ ордасының іргесін одан әрі бекітіп, кемелді мемлекетке айналдырды. Орда шегін Еділге дейін кеңейтті. Шығыстан әлсін-әлсін шабуыл жасап тұратын қалмақтардың бетін қайтарды. Сол кездегі қуатты мемлекет Моғолстанға қарсы табанды күрес ашып, жеңіске жетті. Оңтүстікте Қазақтың қапысын аңдып отырған Өзбек, Бұхар хандықтарына қарсы күрес ашып, Түркістан мен Сауранды, Ташкентті қазақ жеріне қосып алды.

XVII ғасырда болған қазақ-жоңғар соғыстарында ол тамаша әскери қайраткерлігімен, соғыстың көптеген әдіс-айлаларын қолдану арқылы ірі қолбасшы ретінде айқын танылды. Салқам Жәңгірдің қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауда айрықша еңбек сіңірген, ел тәуелсіздігін сақтау және бекіту жолында ұмытылмас ұлы қызметтер атқарғанын тарих ешқашан жоққа шығара алмайды.

Жәңгір заманындағы тарихта алтын өріппен жазылып қалған ұрыс - 1643 жылғы Жоңғар-қазақ майданы еді. Кейін «Орбұлақ шайқасы» деген атпен қалған осы соғыста Жәңгір хан бастаған 600 қазақ жауынгерлері 50 мындық дұшпан қолын өз жеріне өткізбей қойды. Бұл ерлік біріншіден, қазақ жасағының туған жеріне деген отаншылдық жоғары рухы мен намысы десек, екіншіден, Жәңгір сияқты соғыс өнерін жетік меңгерген қаһарман қолбасының әскери шеберлігі еді. Осындай қиын сәтте Самарқаннан 23 мың қолды бастап Жалаңтөс бахадүрдің келіп жетуі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп жіберді.

Қазақтың ұлы хандарының бірі Жәңгір хан 1652 жылы қан майданда қаза тауып, Тұркістанда жерленген.

ҰЛЫ ХАН ӘЗ-ТӘУКЕ (1680-1715)

Әз Төуке (1643-1718) - Салқам Жәңгір ұлы, қазақтың ұлағатты ұлы ханы, аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде танылған кемеңгер көсемі. Қалай айтса да мақтауға да, мақтануға да тұрарлық Тәуке хан «атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» қағидасымен өсті. Ханның хандық, іскерлік, азаматтық жолын бұрынғы ата-бабалары сияқты соғыстағы ерліктерімен бағаламай-ақ, өз билігі кезіндегі ішкі, сыртқы көрегендік саясатымен, мемлекет басқару және әділдік, хұқықтық жүйесін жасауы, тағы басқа азаматтық істерін айтсақ та, оның адамдық тұрғыда биік тұрғанына көз жеткізуге болады.

Қасиетті Тұркістанда хан сайланған Тәукенің негізгі мақсаты Қазақ мемлекетін халықаралық деңгейге дейін көтеру еді. Ол үшін ел ішіңдегі ұсақ рушылдықты біріктіріп, алауыздықты жойды. Орданы бір орталықтан басқаратын басқару жүйесін бекітті. Ел тарихында алғаш рет «Билер кеңесін» құрып, сол арқылы шешім шығарды. Бұрын хан төңірегінде өзінің жақын туыстары ақылшы ретінде отыратын болса, Тәуке шыққан тегіне қарамастан халық арасынан шыққан ақылды, парасатты кісілерді тартты. Сөйтіп хан жанына Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды айтулы билер, қаһарман батырлар мен беделді, аузы дуалы шешендер мен батырлар енді. Хандықта билердің беделінің биіктігі сонша, олардың келісімін алмай Төуке ханның өзі де шешім қабылдай алмады. Сөйтіп, қазақ даласында әділетті мемлекеттік билік орнады. Бұл кеңес мемлекеттікті, ел ішінде тәртіпті нығайтуға өлшеусіз үлес қосты.

1698-1717 жылдары ішінде қазақ еліне жоңғар басқыншылары баса көктеп кірді. Осы қиын сәтте ханның қолбасшылық қабілеті де айқын танылды. Жауынгерлерді садақ тарту, қылыштасу, ат үстінде айқасу, т.б. соғыс өнеріне үйретті. Сарбаздарға онбасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындады. Жоңғарлармен соғыста тойтарыс беру үшін Тәуке көрші мемлекеттермен катынас орнатты, елшілер жіберіп тұрды. Бір сөзбен айтқанда, ұлы ханның өз мемлекетін корғау және оны нығайту ісіндегі данышпандық еңбектері өте зор.

Әз-Тәукенің мәңгі ұмытылмас жұмыстарының бірі, әйгілі «Жеті жарғы» деп аталатын (шамамен 1684-1685 жылы жасалған) құқық жүйесі болды. Жоғарыда айтылған қазақтың кемеңгер үш биін қатыстыра отырып жасаған бұл заң көшпелі қоғамның, қазақ халқының мінезі мен тұрмысына, әдет-салты мен үлттық мүддесіне толық сай келді. Жарғы «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолындағы» заң негізінде толықтырылып жасалған болатын. Бұл заң жылына бір рет қазақ елі, ру, тайпа басшыларын Құрылтайға шақыратын шешім шығарды. Онда мемлекеттік, рулық, елдік мәселелер қаралып, шешілетін заң шықты.

Әз-Тәуке тұсында маңызды мәселенің бірі ретінде әрбір рудың таңбалары болды. Әр ауылдың, үйдің малына өзіндік белгісі, ен салынатын тәртіп белгіленді. Сонымен бірге, салық, неке, қалың мал, жаза көлемі де айқындалды.

Өзінің ұлылығымен бүкіл халыққа үлгі көрсеткен қасиетті хан Әз-Тәуке көз жұмар алдында «қазақтың ұраны - бірлік болсын» деген өсиет қалдырыпты. Ұлы ханның мәңгі тыныстаған жері - Түркістан.

АБЫЛАЙ ХАН (1771-1781)

Абылай хан (Әбілмансұр). (1713-1781) - Салқам Жәңгір ұрпағынан тараған батыр, қолбасы, атағы алты алашқа жайылған айбынды ер. 1771 жылы Түркістанда үш жүздің ханы болып сайланған. Жас кезінде жоңғар-қазақ соғыстарында жекпе-жекке шығып, ержүрек жауынгерлігімен танылған. Абылай Қазақ ордасының билігін қолына алысымен-ақ, арғы аталарының қасиетті, өнегелі жолдарын жалғастырып, хандық құрылымды нығайтуға айрықша қайрат-жігермен кірісті. Ел шаруашылығы мен экономикасы, сауда ісін дамытты. Қазақ мемлекетінің дербестігін, оның қорғаныс қабылетін нығайту үшін бүкіл елді, оның беделді би, батырларының басын қосты. Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Бұқар және басқа батыр, билерді өз қасына алып, олардың ақыл-кеңестерін басшылыққа алып отырды. Бұл да Абылайдың абырой, беделін көтерген істерінің бірі болды. Бұқар жырау оның кейбір артық кеткен жерлерін қатгы сынап та отырды.

Абылай үлкен саясаткер, дипломатиялық өнерге де шебер, кең ойлы кемеңгер еді. Ол Ресей, Қытай, Бұхар, Хиуа елдерімен қарым-қатынас жасап тұрды. Абылайдың әскери істегі қолбасылық қабылеті XVIII ғасырда қазақ елін жаулап алмақ болған Жоңғар, Қытай - Маньчжур империясына қарсы үш жүздің басын қосып, қиян-кескі айқастарда тамаша жеңіске ие болды. Бұрын жоңғарлар басып алған жерлерді азат етті. Қазақ хандығын сақтау және оны нығайту үшін хан Ресей мен Қытай мемлекетіне кезек арқа сүйеп, сол арқылы қазақ халқын түрлі қиындықтардан құтқарып қалды. Әсіресе, Россиямен сауда, экономикалық, дипломатиялық және саяси байланыстар жасап халықтың әлеуметтік-шаруашьшық жайын да естен шығарған жоқ. 1772 жылы Ресейге қосылуға ант берді.

Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін талай жерде басын бөйгеге тігіп, желкілдеген ту келіп, жер қайысқан қол келіп, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен заманда «Абылайлап» ұран тастаған, ер халықтың ар-намысын тіл ұшымен де, найза ұшымен де қорғаған, айбынды елдің айдынды көсемі бола білген, ажал іздеген жауын Алтайдан асыра қуған, қалмақтың сағын сындырған, данышпан, қайраткер хан Абылай есімін қазақ халқы пір түтып, оның аруағына бас иіп келеді.

Артына өлмейтін мұра, өшпейтін іс қалдырған, Қасым, Уәли, Әбәйділда, Кенесары, Саржан, Наурызбай, Шоқан сияқты ұрпақтар беріп кеткен ұлы хан 1781 жылы 69-ға қараған шағында Ташкент қаласында қайтыс болып, қасиетті Қожа Ахмет Иассауи мавзолейінің қасына жерленді.

Данышпан Абылай өмірі - ұлы ерліктің символына айналған. Оның ғажайып ерліктерін мадақтайтын өлең, жыр, толғау, романдар жазылды. Алматы, Көкшетауда Абылайға көркем ескерткіштер қойылған.

КЕНЕСАРЫ ХАН (1841-1847)

Кемел ойлы Кенесары хан! Айбынды хан Абылайдың немересі, қатарынан асып туған Қасым сұлтанның бел баласы, Орта Азияда ат ойқастатқан жаужүрек батыр Сыздықтың әкесі. XIX ғасырда орыс отаршылдарына он жыл ойран салып, сабасына түсірген, қазақ деген халықтың қаһармандығы мен қаһарын таныта білген, сайын даланың дара туған дарабоз сардары, көреген көсемі Кенесарының ерлік есімін естігенде Қазақстан мен Орта Азия ғана емес, Шығыс, Европа жұртшылығы да бас шайқай таңырқаған. Басты жауы орыстың ойсыз отаршылдары амалсыз бармақ тістеген. Кенекеңнің жай отындай жарқылдаған, жарау атты жау жүрек жауынгерлері құйғытып келіп, жасанған жазалаушылардың сазайын тартқызған. Әрісі Керей мен Әз-Жәнібек, берісі Жәңгір мен Тәуке, Абылайдан қалған ата жолын қуып, Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі жолында тәуекелге бел буып, үш жүздің басын қосып, ант бұзып, серттен шыққан солтүстіктегі аузы түкті дұшпандарына қарсы қылыш көтерді. 1837-1847 жылдары бүкіл қазақ даласының жүрегі Отан деп соққан би, батырлары азаттық үшін атқа мінді. Халықтың Ағыбай, Бұғыбай, Наурызбай, Жанқожа, Иман, Бұқарбай, Сұраншы батырлары Отан қорғаудың ерлік үлгісін көрсетті. Патша әскерлерінің қазақ жеріндегі қамалдары Ақтау, Ақмола бекіністеріндегі зеңбірекпен қаруланған жау өскерлерін дала батырлары ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен алып, қамалын қақырата, бұзып басып алды. Ер Наурызбай бастаған қазақ қырандары Ақмола, Торғай, Ырғыз, Ұлытау, Көкше далаларында жазалаушы орыс отрядтарының ойран ботқасын шығарып, қас дұшпанға қан құстырды. Азаттық, тендік, ар, намыс үшін созылған он жылдық айқаста қазақ рухы биік тұрды. Еңіреген ерлер намысты бермеді, тізе бүкпеді. Патша әскербасылары мен билеуші губернаторлары дала ерлерінің қаһармандығын мойындады. Алайда, от қаруы жоқ, саны жағынан аз халықтың бұл қозғалысы жеңіліспен аяқталды.

Туған жер жайлы тақпақ. Бұл жарыққа аяқ басып туған жер
Ертегі. Теңіз жағасындағы оқиға
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу