Нан қиқымын не үшін теріп алу керек?

Oinet.kz 06-09-2020 798

Нан.jpg

Бірде Ыбырайым пайғамбар Құдайға:

– Уа, Жаратушы Ием! Өзімді бай еттің, төрт түлігімді сай еттің. «Алмақтың да салмағы бар» деген. Мыңғырған малдың сұрауы қиын бола ма деп қорқамын. Артығын қайтып ал. Мен азға қанағат қылайын! – дейді. Алла оған:

– Ей, Ыбырайым, берекем қашып, малым сарқылсын десең, бұдан былай нанды отырып емес, аттың үстінде же. Нанның қиқымы шашылып, жерге түссін. Нан рәсуа болса, берекең кетеді. Мен ырысты нанның қиқымына жасырғам. Сен ас жегенде бір түйірін де жерге түсірмей, етегіңе салып жинап аласың. Сондықтан береке дарып, саған дәулет тез бітті, – дейді.

«Нан қиқымын теріп же, бай боласың» деген сөз Ыбырайымнан қалыпты деседі.

Нанның қиқымын қадірлеу туралы ғибратты аңыздар миғраж оқиғасында да айтылады. Мұхамбет пайғамбар миғражға барғанда бір адамды көреді. Ол түйенің үстіне мініп алыпты. Қолында ұзын, инедей жұқа таяғы бар екен. Сонымен тау-тасты шұқып, бір нәрсе іздеп жүреді. Әлсін-әлсін бір құс келіп, оның басынан шұқып өтеді екен. Пайғамбар Жебірейілден:

– Бұл кім? Не қылған пенде? – деп сұрайды. Жебірейіл періште:

– Бұл адам пәни дүниеде нанның қиқымын бейберекет шашып жеген. Ысырап, обал дегенді білмеген. Ысырапшылығы үшін Алла тағала ол адамға махшар алаңында жер бетінде өзі түсірген нанның қиқымын түйенің үстінде тұрып тергізеді, – дейді.

– Ал құс не үшін оның басын қайта-қайта шұқып кетеді?

– Ол нанның қиқымын таптап жүре беретін еді. Жинауға ерінетін. Нанның обалы қара құсқа айналып, төбесінен осылай шұқып кетеді, – деп жауап береді.

Пайғамбарымыз миғраждан келгесін сахабаларына нанның қиқымын шашпау, теріп алып қастерлеу туралы өсиет айтқан екен. Осы өсиет бізге жетіп, қазақтар «пайғамбар сүндеті» деп нанды қатты құрметтейтін болыпты.

«САЛТ-ДӘСТҮР СӨЙЛЕЙДІ»

Семей. Ядролық жарылыс
Отбасы туралы мысал. Бақыттың сорпы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу