Шүлен көже

Oinet.kz 05-09-2020 1184

Көже.jpg

Созақ жұртының байырғы тұрғындарынан шүлен көженің дәмін татпағаны жоқ деседе болады. Қасақана жасалған ашаршылық жылдар мен қабат келген құрғақшылық елдің еңсесін езіп жіберді. "Балапан басымен, тұрымтай тұсымен" -деген заман келді. Жан сауғалап күнгейге қарай ауған ел, ата мекенін тастап кетуге мәжүбір болды. "Арпа бидай ас екен, алтын күміс тас екен" -дегеннің кері келіп, дүние мүлкімен үйлерін тастап, азық іздеп босқан ел Қаратаудың биік асуларынан өте алмай қырылған деседі... Қалған елдің бас көтерер азаматтарын, "халық жауы" -деген сылтаумен ұстап әкетті. Алдындағы малынан айырлған ел, аштан өлмеудің қамын жасап Қайнар бұлақтың суын пайдаланып егіс екті. "Осы астық қашан пісер екен" деп, кетпеніне сүйеніп тұрып үзіліп кеткен адамдардың болғанына тарих куә. Осынау зұлмат жылдарда, Сұлтанбек Қожановтың ұйымдастыруымен Қайнардың қырында тай қазандар асылды. Елдегі бар астықты ортаға салып, қамбаның түбі қырылып Шүлен көже жасалды. Табылған дәннің барлығын араластырып қайнатқан быламықты "Шүлен көже" -деп атады. Күніне бір мәрте берілетін көжеге кезекке тұрған аш адамдардың соңы Созаққа дейін жетті деседі (үш шақырым)

Ата-Бабаларымыздың өзегін жалғап, өлімнен аман алып қалған Сұлтанбек Қожановпен Шүлен көжені біз әсте ұмытпауымыз керек...

Қазіргі уақытта, Созақ ауданы уран өндірісі арқасында донор аймаққа айналды. Халқы бай, қуатты өмір сүріп жатыр. Аллаға шүкір. Созақтың бүгінгі "мұрнынан ешек құрт түсіп жүрген" кей бір байларына қарап тұрып, осы бір тарихи оқиғалар есіме түседі да. Аузыңнан ақ май аққан бүгінгі күнге, кешегі Шүлен көженің арқсында жеткендеріңді ұмытпаған абзал. "Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл" дегендей, ұмыт болуға айналған "Шүлен көжені" естеріне салып, тәубеге шақырғым келеді. Сонымен қатар ауданымызда "Шүлен көже" күні белгіленсе ел құптарлық іс болар еді. "Өлі разы болмай тірі байымайды" дегендей Тарихқа тағзым, ата-баба әруағына құрмет көрсетсек халықтан алғыстан басқа аларымыз жоқ!

Айдар Темірбекұлы

Қызғалдақ ғұмыр
Мөңке би. Ақырзаман туралы айтқаны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу