Айдар Темірбекұлы. Балалық шақпен қоштасу

Oinet.kz 05-09-2020 919

Бала күнімде көкпарға қатты қызығушы едім. Әкемнен қалмай ілесіп баратынмын. "Бәсірең" -деп, көк құнан сатып әперді. Қатты қуандым. Көкпарға шығарда атты әкемнің өзі дайындап, қос тартпаны шірей тартып, мінгізіп жіберетін. Сенімді түрде шаба жөнелуші едім!

Кейінірек, мен мектеп бітірген жылы әкем кенеттен ауырып қайтыс болды. Алғашқыда әкемнің жоқтығы білінбеді. Жұмыстармен бір жақта жүргендей, ертең қайтып келетіндей көрінетін. Содан, көңілім бөлінсін деп көкпарға бардым. Әлі балаң көңілміз, көкпаршы жігіттердің қиқуына желігіп, дүбірлі додаға қойып кеттім. Ышқына ұмтылған көк буырл аттың күшімен доданың ортасына дендей кіріп, енді еңкейе бергенімде, астымдағы құранда ер "лып" етіп ауып кетті. Қос тартпа да бос екен. Тартылмаған. Аттың жалына жабысып, қалың додадан әзер деп сытылып шықтым. Қисайған ерді түзетіп, айылын қайта тарттым. Әкеме ұқсап шірей тарттым!

Көмейіме өксік тығылды. Қамқоршыдан шын айырлғанымды, енді өз белбеуімді өзім тартуым керектігін, тек өзіме ғана сенуім керек екенін сол кезде барып терең түсіндім.

Аттың басын ауылға бұрдым. Бірнеше күн көңіл күйім болмай жүрді. Көп жасқа есейіп кеткендей сезіндім өзімді.

Иә, енді ойлап қарасам, бұл менің балалық шағымның ең соңғы күндері екен... Бірулер балалықпен ерте қоштасады, енді біреулердің қырыққа келгенше балалығы қалмайды. Ал, сіздің балалық қай жылдарда, қай ауылда қалған еді, құрметті оқырман!?

Айдар Темірбекұлы

Төрт жілік. Айдар Темірбекұлы
Кемпір
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу