Кемпір
Бала күнімде бір кемпір болушы еді. Біздің үйге күнара келетін. Әжем оны Маракүл дейтін. Шын аты Саракүл. Шалы менің атамнан үлкен болғансоң солай атайды екен. Екеуі ауыл адамдарын әңгіме қылғанда, біруді өз атымен атағанын естімейсің. "Пұшықтың соққан пеші жақсы, Керең қыздың келіні кетіп қалыпты, Сайғонға тұмақ тігіп бердім, Үлкен үйдегі келіндер, Сәріпхан сиырларды қамап тастады, Мәшинеші атамның үйі, Сайдалы, Сәліхан, ..." -деп кете береді. Ауылымыз түбі бір атадан тараған ағайындылар ғой. Көрдіңіз бе, қандай тәрбие, қандай әдеп. Әйтпесе жасы да келіп қалған кісілер ғой. Сол уақыттарда жетпістен асып кеткен кісілер еді. Сол әжелеріміздің тәрбиесін көрген ауылдағы келіндер әлі де қайныларының атын атамайды. Осындай салт-дәстүріміздің сарқытын сақтап отырған ауылдағы ағайындарға алғысымыз шексіз.
Айдар Темірбекұлы