1931-1933 жылдардағы ашаршылық азаптары

Oinet.kz 05-09-2020 1020

Ашаршылық азабы.jpg

Марқұм әжем өте әңгімешіл кісі еді. Көбіне ашаршылық жылдарда өткен балалық шағын айтып біздерді тәубеге шақырып отыратын. Өткен күндерін еске алғанда ауыр күрсініп, естеліктер айтқанда күңіреніп кететін. Ол уақыттарда біздер бала болдық, айтқандарын ертегідей қабылдап, жалықпай тыңдаушы едік. Енді ойлап қарасам әңгімесінің барлығы өмірде болған шындық екен. Есте қалған біразын ықшамдап, ой салар тұстарын оқырманға ұсынып көрейін. Тоқшылық заманда бір ғибраты болар.

"Түркістаннан медет тілеп жан-жақтан босып келген елде есеп болмады. Ауқатты өзбектерге жас қыздарын, болмаса реңді әйелдерін қос уыс бидайға сатқан қазақтарды көрдік"

"Әке, шешем мені үйге жалғыз тастауға қорқып таудағы дирменге ертіп барды. Жолда аш адамдар қайыр сұрап тұрды. Ал, тауға жақындағанда әкем көзімді орамалмен байлап қойды. Өгіз арба қаттты шайқала берген соң көзімді шешсем жол үсті аштан өлген адамдарға толы екен. Айналып өтуге тау жолдары тар. Басып өттік. Әкем жылап отырды."

"Шешем, "жоқ" -деп айтуды білмейтін қолы ашық жан еді. Тамақ сұрап келген аш адамдарға бір үзім болсада нан беретін. Қуанған адамдар, "жалғыз қызыңның ғұмыр жасы ұзақ болсын!" деуші еді. Тоқсанға таянғанша тірі жүргенім солардың шын ниетімен айтқанынан болар"

"Ескіше оқығанды қойып, шешем мені мектепке бергісі келді. Бірақ әкем келіспеді. Өйткені, етжеңді толық балдарды аш адамдар ұстап жеп қойғанын көзбен көрген екен"

"Пәленше деген, адам етін жеп күн көріп жүр екен" -дегенге таң қалмайтын заман еді"

"Бір ауқатты кісі аштарға көже таратты. Бізде бардық. Көжеге таласқан еркектер шешемді таптап өлтіріп кете жаздады. Адам ашыққанда еркек, ұрғашыға қарамай қалады екен. Ар-ұят, сыпайылықтан жұрдай болады."

"Нағашым таудағы дирменнен келе жатып қайтар жолын бір ауылдасы аңдып тұрғанын байқайды. Жағдайды түсінген нағашым бір уыс бидайды шүберекке түйіп аулаққа лақтырады. Әлгі соған қарай жүгіргенде жолдан өтіп кетеді.

Кейінірек тоқшылық болғанда бір-біріне осыны айтысып жылаған екен. -Сол кезде сен амал таппағанда өлтіруге бекінген едім дептті"

"Өз баласын жегендерде болды. Әсіресе еркектер жыртқыш хайуанға айналды. Ерлерге қарағанда әйелдер аштыққада, азапқада шыдамды келеді екен."

"Суда балықты, жерде тышқанды қолы жеткен адам ғана жейтін. Ораза, айттың тоқтықта екені де, қара судың қарға адым жерге жеткізетініде, адамның ит жанды екеніде рас. Оны мен осы жасымадейін көзбен көрдімде, басымнан өткердімде" деп отырушы еді жарықтық.

Айдар Темірбекұлы

ІІ дүниежүзілік соғыста "Қара ажал" атанған атақты мерген Төлеуғали Әбдібеков
Тәртіп, тәрбие жайлы қанатты сөздер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу