Қазақстанда блогерлер салық төлейтін болды
15-01-2024
1921 жылы Қазақ даласындағы аласапыран аштық кезінде АҚШ біздің аштықтан қырылып жатқан қазақтың балаларына гуманитарлық көмегін аямаған. Бұл оқиғаны большевиктер тарихта сол бойы жазғызбаған. Оның дәлелді құжаттары да бар екен. Көзіңізді жеткізу үшін мынау мақаланы оқып шығыңыз.
Гүлбану Сырғалымова:
Г. Гувер басқарған АРА “Американ Әкімшілік Көмегі“ -нің Қазақ еліндегі миссиясы туралы
Г.Б. Сугралимова Қазақстандағы панасыз балалар мәселесі. Тарихы, тәжірибесі, тағылымы (1920 -1940 жж.) монографиядан үзінді
1921 жылдың қаңтарында Кеңес үкіметінің “Американ Әкімшілік Көмегі“ (АРА), басқа да шетел қайырымдылық ұйымдарымен келісім шартқа отыруы халық талабынан шыққан шешім еді. Осы келісім негізінде ҚазОАК Президиумы КАССР мен АРА арасындағы қарым-қатынас жөнінде қаулы шығарды да, американдық гуманитарлық көмектің қазақ даласына таралуына негіз жасалып, мыңдаған жас балаларды, ересектерді ажал аузынан алып қалу мүмкіндігі туды.
АРА Қазақ еліндегі қайырымдылық миссиясын 1921 жылдың 17 қарашасында бастайды да, төрт бағытта жүргізеді, оған балаларды, ересектерді тамақтандыру, медициналық, азық-түлік көмегі кіреді. Аталған ұйымның шарты бойынша тегін тамақ 15 жасқа дейінгі балаларға таратылып, бірінші кезекте балалар қабылдағышы, балалар үйі, тамақтандыру пункті, темір жол станцияларына берілетін болды. Осындай игі шаралардың нәтижесінде қараша айында АРА-ның 50.000 паегін алуға мүмкіндік туды.
Бастапқы кезде осы ұйымның көмегі Орынбор губерниясын ғана қамтып, онда 1921 жылдың аяғында 42.899 бала тамақтанатын болды. Бұл елдегі барлық панасыз балалардың 30 пайызы ғана еді. Кейінгі алты айдың ішінде КАССР-дағы АРА асханаларында тамақтанатын балалардың жалпы саны 7 есе өсіп, 345.000 ға жетеді.
Сондай-ақ Орынбор губерниясында 799 асхана, 183 жабық мекеме, Ақтөбе губерниясында 314 асхана, 9 жабық мекеме жұмыс істеген (Орал мен Бөкей губерниясы бойынша мәлімет жоқ). 15 тамызда Орынбор губерниясы бойынша АРА-ның қарамағындағы 747 асханада-175.607 адам, 92 жабық мекемелерде 10.778 адам тіркеледі. Ақтөбе губерниясы бойынша 527 асхана, онда 89.718 адам тамақтанды [73, 50-п.].
Осы құжаттан АРА-ның көмегі негізінен Орынбор, Орал, Ақтөбе губернияларының қалалық мекендерін қамтығанын көреміз. Халықаралық көмек ұйымдары сұмдық аштық жайлаған қазақ даласына, атап айтқанда Қостанай, Бөкей Ордасына ат ізін де салмаған. Осы губернияларда қараша айында 117.000 панасыз бала тіркелді. Тіпті алысқа бармай-ақ Орынбордан 20 шақырым жердегі қазақ ауылдарын аштық жалмап жатты. ӨБК мен Компомголдың басшылары ауыр жағдайды айтып, АРА-ның директорына (2.02.22ж.) жазған хатынан кейін ғана тамыз айында ресми мәлімет бойынша Орал мен Бөкей губерниясында 70.000 бала, Қостанай губерниясында 156 асханаға 46.800 аш бала бекітілген [73, 51-п.].
“Красный Урал” газетінің 1922 жылдың кыркүйек айындағы санында: ”АРА комитеті ашылысымен Орал губерниясындағы ашыққан адамдар үшін 243.854 пұт жүгері, 29.400 пұт жарма, балалар үшін 159.303 пұт әр түрлі азық-түлік таратылды. Барлығы 432. 557 пұт. АРА губерниядағы балалардың 100 пайызын тамақтандырады”,-деген ақпарат келтірілген [75].
Жоғарыда келтірілген әр түрлі мәліметтер негізінде АРА-ның Қазақ еліндегі аш-жалаңаш балаларға берген жәрдемінің көлемі әжептәуір болғандығын білеміз. Американ әкімшілік көмегінен басқа, шілде айында Қостанай губерниясында, Орынбор, Ақтөбе губернияларының кейбір аудандарында Коминтерн, Қызыл крест; Квакерлер ұйымдары өз асханаларын ашқан. Ондағы балаларға берілетін паектің мөлшері АРА-ның паегінен молырақ болған.
Халықаралық жұмысшы ұйымдар да (Межрабпром) кеңестік балалардың мұң-мұқтажынан қалыс қала алмады. Шетелдегі әр түрлі жұмысшы ұйымдар, жұмысшы комитеттер балалар үйлерін өз қамқорлығына алады. Мысалы: [76].
№ 1,3 балалар үйі - Англия коммунистерінің комитеті
№14 балалар үйі – Дания коммунистер комитеті
№4,5,10,2 балалар үйі - Нью-Йорк коммунистер комитеті
№9 балалар үйі - Румыния коммунистер комитеті
№8 балалар үйі - Австрия коммунистер комитеті
№13 балалар үйі - Бельгия коммунистер комитеті
Яғни, КАССР-дағы 10 балалар үйі Межрабпромның қамқорлығында болды: оның 8 - Орынборда, 1 - Ақтөбеде, 1 - Илецкіде орналасты .
Кеңес мемлекеті экономикалық күйзеліс, бюрократиялық кедергілердің кесірінен талай рет АРА-мен өзара келісім шартының бірқатар пункттерін орындай алмады. Оған себеп - Аштарға көмек көрсету комиссиялары қызметінің дұрыс ұйымдастырылмауы, жол қатынасының нашарлығы, Ашкөмкомның халықаралық ұйымдармен бірлесіп әрекет істеуде өз ара үйлесімдік болмауы және т.б. еді.
Ең бастысы, кеңес басшылығы АРА-ның ұзақ мерзімдік азық-түлік көмегіне мүдделі болмады. Оған “Қазақ ССР тарихы”оқулығынан келтірілген мына үзінді дәлел: “Өзін жан-жақты жарналамаған, Орынборда филиалы болған АРА шын мәнісінде антисоветтік әрекеттермен айналысты, оның агенттері азық-түлікті тұрғындардың наразылығын туғызатындай қылып үлестірді, көшпелі аудандарға азық-түлік беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ империалистердің Кеңес республикасын ашаршылықпен тұншықтырамыз” деген ішкі есебі жүзеге аспай қалды” [77].
Саяси жағынан қауіпті АРА қызмет барысында құпия мәліметтер жинаумен де айналысқан да шығар, бірақ оған несіне таңданамыз. Большевиктер де қарап отырмай, орыс революциясын бүкіл дүние жүзіне экспорттауды жоспарлады емес пе? Миллиондаған адамдар аштықтан ісініп жатқанда идеологиялық теке-тіресті коя тұруға болар еді. Тек бір ғана жайтты мойындауымыз керек. АРА Кеңес еліне азық-түлік көмегін жедел берді және бастапқы кезеңде мемлекеттік көмектен асып түсті.
Осындай саяси келіспеушіліктерден кейін АРА және басқа да шетелдік ұйымдар біртіндеп өз қызметін қысқарта берді. Ал 1923 жылдың мамыр айында Помголдың Орталық комитеті жабылғасын, Кеңес Одағында АРА қызметін біржолата доғарды.
Бекболат Қаржан