Күз туралы өлең
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ САЛҚЫНЫ
Қыркүйекте көңіл бар қалып кеткен,
Көз жасым бар мөлт етіп тамып кеткен.
Ана жылы өксітіп өзегімді,
Ажал келіп әкемді алып кеткен.
Содан бері жайланып жаныма мұң,
Оңашада ой кезіп жабығамын.
Күздің айы келгенде қоңыр салқын,
Қоңыр шалды қоңырқай сағынамын.
Арманымен қарсы алар алтын таңды,
Жан едім ғой жайдары, жарқын жанды.
Қыркүйектің сондағы салқынынан
Болып кеттім бір түрлі салқын қанды.
Өрілгенде өлеңім шабытты ойдан,
Бір өкініш үзілер ғаріп бойдан.
Қыркүйекте - қайғы бар қабырғалы,
Қыркүйекте - көңіл бар қалып қойған.
Адам біткен қаймығар қарқынынан,
Тіршілік ғой, алды - мұң, арты - тұман.
Содан бері білмеймін,
Неге екенін?
Қыркүйектің қорқамын салқынынан!
Әлібек Шегебай.