Қара сөз қара өлеңге айналғанда... Отыз бесінші сөз
Махшарға барғанда құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт – соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.
Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» деп.
Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» – деп айтар дейді.
Абай Құнанбайұлы.
ОТЫЗ БЕСІНШІ ӨЛЕҢ
Бұл сөзден кімдер, нені, ұғар мейлі,
Махшарда Құдай кеңес құрар дейді.
Қажы мен молда, сопы, жомартты да
Бір қатар қойып сонда сұрар дейді.
Жарасар имандыға кемел қылық,
Сендердің бойларыңнан көрем күдік.
«Қажеке», «молдеке» мен «мырзеке» боп,
Жүрдіңдер дүниеде өнер қылып.
Пенделік пейілінен кем қалмадың,
Дүние діні болды делдалдарың.
Мал бердім, өмір бердім, сана бердім,
Бәрін де сарып қылып елді алдадың.
Бұл жерден басталады мәңгілігің,
Бұза алмас ешкім бақи заңдылығын.
Қызығы дүниенің харам болды,
Сұрауын бересіңдер барлығының.
Нұр берген талап пенен талғамға да,
Құранның бір сөзінде жалған бар ма?
Былай деп, айтады екен шын ниетпен,
Құдайдың разылығын алғандарға;
«Өшпейді өмір мәнін өргендікі,
Басқа жол – кесір менен кердеңдікі.
Жәннатқа лайықты құрметім бар,
Кіріңдер, махшар іші сендердікі»!
Әлібек Шегебай.